29.01.2020, 14:29
Қараулар: 87
Жаңақазанға жол салынбақ

Жаңақазанға жол салынбақ

Жаңақазанға жол салынбақ
27 қаңтар күні аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында «Чапай-Жаңақала-Сайқын 130-191 шақырым автожолын қайта жаңарту» жұмыс жобасы бойынша қоғамдық тыңдау өтті.
Жиынға аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Мерболат Қаденов және жол құрылысының жобалаушы «Уралводпроект» ЖШС-нің өкілдері, аудан активі қатысты.
Басқосуда «Уралводпроект» ЖШС бас инженері Ғиният Кенжеғалиев аталмыш жобаның жай-жапсарымен толыққанды таныстырып, қойылған сұрақтарға жауап берді. Оның айтуынша аудан орталығы арқылы Мәстексай, Жаңақазан секілді іргелі округтерге 2021 жылға қарай автожол салынбақ. Бүгінде жол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайын екен. Оны жақын арада сараптама орталығына жібермекші. Бұйырса үкіметтен қаржы уақытылы бөлінсе, жол құрылысы да басталмақ. Бұл өз кезегінде Жаңақала жұртшлығы үшін жағымды жаңалық. Осыған байланысты жиында тараптар сұрақ-жауап алмасып, өз ойларын ортаға салды. Сонымен қатар, жиында жол бойына қоғамдық әжетқана салу мәселесі айтылып, оны жол құрылысымен айналысатын жауапты адамдар қаперлеріне алатындарын жеткізді.
Иә, былтырғы жылы мемлекеттік бағдарлама арқылы Мәстексай, Жаңажол, Жаңақазан, Жуалыой, Мұқыр, Сарыкөл секілді ірілі-ұсақты ауылдарға көптен күткен көгілдір отын жетіп, ауыз су мәселесі де біржолата шешілген еді. Дегенмен, Жаңақазан мен Мәстексайдағы ел-жұртты алаңдататын, ендігі бір күрмеулі мәселе, ол — аудан орталығына қатынайтын жолдың жағдайы еді. Қос ауылдың елге жаны ашитын азаматтары бұл мәселені үлкен-үлкен ауқымды жиындарда мәселе қылып көтеріп, айтудан кенде қалмады. Шыны керек, аудан орталығынан шалғай орналасқан (Жаңақазан, Жаңажол, Мәстексай) округ тұрғындары жол азабын тартудай-ақ тартып келе жатқаны белгілі. «Халық қаласа хан түйесін сояды» дейді біздің қазақ. Заман ағымына, уақыт талабына сай бұл күрделі мәселе де оң шешімін тапса, нұр үстіне нұр емес пе?!
Ақсұңқар СӘДІР

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар