3.10.2019, 10:01
Қараулар: 628
Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Жаңа кітаптың тұсауы кесілді

Аудандық орталықтандырылған кітапханада Елбасының  «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында «Ленин» орденінің иегері, ҚР Журналистер одағының мүшесі, еңбек ардагері Құмарғали Қайыржановтың «Ауылдастар» атты кітабының тұсаукесер рәсіміне арналған шара өтті.

Іс-шараға еңбек ардагері Нәсіпқали Мақанов, Жаңақала ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғинаят Валиев, орталық кітапхана директоры Дина Мұқашева және жастар өкілдері, оқырмандар қатысты.

Жалпы Қ.Қайыржановтың есімі көзіқарақты оқырманға таныс. Ол осы кезге дейін аудандық, облыстық басылым беттерінде біраз мақалалар жазып, ел-жұртқа журналистік қырынан танылды. Мақала, әртүрлі естелік әңгімелерін жинақтаған Құмарғали ақсақал ең әуелі «Ауылдастар туралы ақиқат» атты кітабын шығарды. Ал, сол кітаптың жалғасы ретінде жарық көрген «Ауылдастар» атты кітабында Бірлік ауылындағы мал шаруашылығының тарихын баяндап, Жаңақала ауданында өзін оқытқан ұстаздары туралы сыр шертіп, соғыс және еңбек ардагерлерінің өмір жолдарын насихаттап, жалындап тұрған жастық дәуренін сағынышпен еске алады.

Кеш барысында авторды кезекті туындысымен аудандық орталық кітапхана директоры Дина Даниярқызы,  еңбек ардагері Нәсіпқали Мақанов, Жаңақала ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғинаят Валиев құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Одан әрі жаңа кітаптың тұсауын еңбек ардагері Нәсіпқали Мақанұлы салтанатты түрде кесіп, «Кітаптың оқырманы көп болсын» деген тілегін жеткізді. Мұнан кейін кітапхана қызметкері Талғат Бисенғалиев «Ағаларым» әнін әуелете шырқады.

Кеш соңында кітап авторы Құмарғали Қайыржанов сөз алып, шараны ұйымдастырған аудандық орталық кітапхана ұжымына, келген көрермендерге зор ризашылығын білдірді.

Алтынбек ЫСҚАҚ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар