25.06.2015, 7:30
Қараулар: 300
Тапалған рух, ШЕЖІРЕСІ ШЕРТІЛМЕГЕН ҚҰПИЯ

Тапалған рух, ШЕЖІРЕСІ ШЕРТІЛМЕГЕН ҚҰПИЯ

IMG_6180


Кеңес үкіметінің қазақ халқын отарлау саясаты салдарынан еліміз оқыған зиялы азаматтарды  жоғалтып қана қойған жоқ, ұлтымыздың құндылықтары да аяқ асты болды. Сондай сорақылықтардың бірі — ата- бабаларымыздың зираты талқандалып, құлпытастары құрылысқа пайдаланылды. Бұдан 85 жыл бұрын Бөрлі ауданы, Бөрлі ауылында орын алған мына жай талай адамның жағасын ұстатары анық.


Бөрлі ауданы бүгінде әлемге Қарашығанақ мұнай кеніші арқылы танымал. Осы ауданның Бөрлі ауылында 1930 жылы 12 қазан күні машина-трактор стансасы ашылған. Құрылыстың іргетасына ауыл маңындағы ескі зираттардың құлпытастарын бұ-зып салыпты. Бүгінде осы мәселені көтеріп, істің басықасында жүрген «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас Сафуллиннің айтуынша, аталмыш станса кейінгі жылдары Бөрлі ауыл шаруашылығы училищесінің оқу-жаттығу мекемесіне айналған. Сонда оқыған Берік Исмағұлов деген азамат ғимараттың сылағы түскен жерінен іргетасқа салынған құлпытасты көрген. 10 жылдан соң, 2004 жылы Бөрлі аудандық газетінің редакциясына келіп, бұл туралы мақала жариялайды. Бөрлі ауданы мешітінің имамы мәселе көтеріп, ол жағдай 2007 жылы сол кездегі облыс әкімі Нұрғали Әшімовке жетеді. Бұл хабар газетке шыққан соң студенттер ол жерде оқудан бас тартып, нәтижесінде облыс әкімінің тапсырмасымен, «Нұр Отан» партиясының ұйымдастыруымен МТС бұзылып, құлпытастар шығарылады. Аруақтарға арнап ас беріліп, Құран оқылады, оған облыс әкімінен бастап атқамінерлер қатысады. Сол ас үстінде қалған құлпытасты түгел шығаруға уәде берілген, бірақ ол науқандық жұмыс сияқты болып, аяқсыз қалыпты.

– 2007 жылдары Бөрлі ауданының, Бөрлі ауылы маңында ескі машина-трактор стансасын бұзып, іргетасына қаланған құлпытастарды шығарды деп естідім, — дейді Жантас Сафуллин. – Өз көзіммен көруге Бөрлі ауылына бардым.

Жертөлесі мешіт немесе зират құрылысына пайдаланылған ескі қызыл тастар мен құлпытастарды араластыра салынғандығы көрініп тұр. Ал шығарылған құлпытастарды сол маңдағы мұсылман қорымына апарған екен. 100-ден астам құлпытас шалқасынан қойылыпты, олардың дені тама, арасында табын, шекті руының адамдарына қойылған екен. Содан құлаған МТС орнына бардық, жақындағанда-ақ құлпытастардың шашылып жатқаны көрінді. Жағамызды ұстадық, МТС-тың орны тұтас бұзылмаған, іргетасындағы цементті құлатып қарасақ, қабырғаларында құлпытастар әлі өріліп тұр (суретте). Яғни 2007 жылы бұзған кезде құлпытастар тұтас шығарылмапты.

Жантас Сафуллин 2012 жылдан бастап мамандарды ұйымдастырып, облыс аумағындағы ескі құлпытастарды зерттеуге ден қойды. “Нұр Отан” партиясы БҚОФ жанындағы “Мирас” қоғамдық кеңесінде мәселе талқыланып, тыңғылықты жұмыстануға шешім қабылданды. «Дана» тарихи-танымдық жорналында «Құлпытас құпиясын ашайық» атты айдар бар. Өткен жылы жорнал редакторы Қазбек Қабжанов Ақжайық, Сырым, Қаратөбе аудандарындағы 50 құлпытасты зерттеп, араб қарпінен кириллицаға аударып, «Құлпытас сырын ашайық» деген кітап шығарылды. Осы тұста облысқа Астана мен Алматыдан ғалымдар Әшірбек Мүмінов, Айтжан Нұрманова келе қалады. Жантас Набиоллаұлы оларды оралдық жігіттердің тісі батпай жүрген Ақжайық ауданы Базаршолан ауылы маңындағы ескі қорымдағы құлпытастарға апарып, оқытады. Бір құлпытас Мәулімберді шейхтың құлпытасы болып шықты, онда туған жылына қоса ішкі, сыртқы діни білімді қайдан алғандығы жазылған, ұстазы кімдер, қасында жерленген балаларының қайдан білім алғаны таза араб тілінде жазылған.

Ғалымдар құлпытас қойған адамның діни сауатты екенін, біздің өңірде қасиетті адамдардың өмір сүргенін көріп, қатты таңғалған. Облыстағы құлпытастарды терең зерттеу керектігін айтып, нәтижесінде Алматы қаласындағы Р. Сүлейменов атындағы шығыстану институтында Батыс Қазақстан облысын зерттеуге 2015-2017 жылдарға арналған арнайы жоба қабылданды. Осы жоба аясында шілде айында облысқа Алматы мен Астана қалаларынан мамандар келмекші.

Зираттардың тапталып, басына қойылған белгілердің айдалада шашылып жатқанынан хабардар облыс әкімі Нұрлан Ноғаев құлпытастарды МТС орнынан түгел шығарып, әрі қарай жұмыстану туралы Бөрлі ауданының әкімшілігіне тапсырма беріп, өз бақылауына алды. Құлпытастардың бәрі шығарылып, сынғаны бүтінделер-ау! Бірақ ең бастысы — оларды қай зираттардан қиратып алды? Енді қай жерге апарып қояды? Құлпытаста есімі жазылған марқұмдардың сүйегі қай жерде жатыр? Бұл сұрақтарға ешкім де жауап таба алмайды…

Бөрлі аудандық мұрағатында құлпытастардың қай қорымдардан алынғаны туралы еш дерек жоқ. Облыстық мұрағаттан да МТС-тың қай жылы ашылғаны мен картасынан басқа мардымды ештеңе таба алмадық. Биылғы 15 мамырда Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Азамат Сафималиев Бөрлі ауылында жиналыс өткізді. Оған облыстық тарихи-мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекциясының басшысы Талғат Жүсіпқалиев, Жантас Сафуллин, біраз жыл Бөрлі аудандық мұрағатын басқарған Мұқтар Боқаев бастаған ауыл ақсақалдары қатысты. Сол жиында құлпытастардың Масайтөбе деген жерден алынғаны, ауылдағы қазіргі мұсылман зиратының артында ескі қорымның болғаны, Кеңес үкіметі кезінде Бөрлі ауылынан 30-40 шақырым жердегі Амангелді деген ауылдағы бірнеше ескі қорымның бұзылғаны, жалпы Бөрлі ауылы маңындағы бүкіл қорымдардың бұзылып, осында әкелінгені туралы болжамдар айтылды.

Жақында облыстағы ескі қорымдарды аралап, құлпытастарды оқып, кириллицаға аударып  жүрген журналист Қазбек Қабжанов (суретте) пен Жаңақала аудандық мешітінің имамы Мұратбек Жақатов Бөрлі ауылына жіберілді. Олар 2007 жылы шығарылған құлпытастардың сынбай қалған 107-сін түгел оқып, аударып, суретке түсіріп, нөмірлеп келді.

Олай болса, Кеңес жүйесінің қазақ халқына жасаған озбырлығын паш еткен бұл аспан астындағы мұражай жас ұрпаққа ата-бабаны қадірлеуге үйретер, рухтары қорлық көрген ата-бабалардың айдалада шашылып қалған құлпытастары жас ұрпақтың, жалпы ұлттың  рухын  көтеруге  қызмет  етер.

Құлпытастардың бәрі шығарылып, сынғаны бүтінделер-ау! Бірақ ең бастысы — оларды қай зираттардан қиратып алды? Енді қай жерге апарып қояды? Құлпытаста есімі жазылған марқұмдардың сүйегі қай жерде жатыр? Бұл сұрақтарға ешкім де жауап таба алмайды…

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Жантас САФУЛЛИН,

«Жайық Пресс» ЖШС-ның  бас директоры:

– Қылышынан қан тамған Кеңес үкіметіне қазақты отарлау үшін ұлтымыздың қасиетті құндылықтарын жою керек болды. Біз үшін өмірде ең құрметті ата-бабалар жатқан жерді тып-типыл қылып, намысымызды таптап, көндіктіргісі келген. Намысы сынған адамның санасына құлдық сана сіңеді де, ол адам азаттықты аңсамайды. Бұл – отарлаудың жоспарлы әдісі. Бұл сұмдықтың ойсыраған орнын толтыра алмасақ та, құлпытастарды бір жерге жинап, мемориалды белгі қоюды жоспарлаудамыз. Бүгінде Бөрлі ауданы әкімдігі сызбаларды сараптап, қай жерге қойылатынын ойластыруда.

Бүгінде Бөрлі ауылы маңындағы зират екенін білдіртіп, әр жерде бір томпайған, кейбірі ортасына түскен әр ескі қорымдардың бәрінде бір-бір құлпытас қана сақталған. Дана қазақтың қариялары зиратты бұзған кезде «әр қорымнан бір құлпытастан алып қалыңдар» деп айтты ма екен деп ойланамыз. Уақыт өте келе, мола жермен-жексен болады.

Сол кезде ол жердің зират екенін болашақ ұрпақ білсін деген сияқты.


Дәулеткерей ҚҰСАЙЫНОВ,

Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы:

– Бөрлі ауылындағы бұл жағдай маған жақсы таныс. Ата-бабалар жатқан мәңгілік мекен – зираттардың бұзылуы, біріншіден, Кеңес дәуірінің солақай саясатының кесірі, жантүршігерлік оқиға. Бұл – ұлтымыздың тарихына балта шауып, халықтың жадын жоюға бағытталған  сұрқия  саясат.

Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау – біздің тікелей міндетіміз. Нарын құмында жатқан Жәңгір ханды немесе Дәулетке-рей, Мәмен, Тұяқберді күйшілердің мазарлары тарихи ескерткіш емес деп кім айта алады? Зират біздің өткен өміріміз, ол жерде қазақтың болашағына қызмет еткен адамдар мәңгілік ұйқыда жатыр. Ал сол аруақтардың сүйегін сырқыратып, моласын тапап, бұзу – кешірілмес жағдай. Облыс аумағындағы зираттарды есепке алу бұрын болмаған екен. Қорымдарды мемлекет қарауына алу туралы Астанаға жинап жіберген құжатымыз бекітіліп келді. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен облыстық әкімшілік жанынан Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Тарихты зерделеу» комиссиясы құрылды. Комиссия күн тәртібіндегі осындай өзекті мәселелермен де айналысуда. Күні бүгін аудан әкімдеріне зираттарды есепке алу туралы тапсырма берілді. 2010 жылы облыс бойынша бар болғаны 800 зират құжатталыпты. Әлі атқарар жұмыстар көп. Өз құзырымдағы БҚО тарихи- мәдени мұраларды қорғау жөніндегі мемлекеттік инcпекциясы мен БҚО тарих және археология орталығына облыстағы қорымдарды дәуірге, кезеңге бөлу, кодтап, картасын түзу, ғылыми жұмыстарын жүргізу туралы тапсырма берілді. Шілде айында Алматы мен Астана қаласынан мамандар шақыртып отырмыз. Бөрлі ауылындағы бұдан 85 жыл бұрынғы істелген сорақылыққа жанымыз қиналады. Жантас Сафуллин мен Қазбек Қабжановтың бастамасы, еңбегі, әрине, жанкештілік. Бұл ұлтжанды азаматтарға жұмыстың бар қиындығын арта алмаймыз. Бұл мемлекет тарапынан атқарылатын, қаражат бөлініп, жүйелі түрде жасалатын жұмыс және еліміз үшін, ұрпақ үшін өте маңызды. Ақ Жайық – қылышынан қан тамған Кеңес дәуірінде, айдай әлемге “Мен қазақпын!” деп жар салған Жұбандардың, қазақтың Қадырының атамекені. Біз, міне, осындай киелі топырақтың қастерлі қасиеттерін аласартпай, асқақтата түсуге тиістіміз. Құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, ұлт мәдениетін жетілдіре беру — уақыт талабы.


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар