8.10.2019, 9:57
Қараулар: 528
«Жауқазын» 10 жылдық мерейтойын атап өтті

«Жауқазын» 10 жылдық мерейтойын атап өтті

Ұстаздар мерекесімен тұспа тұс «Жауқазын» бөбекжай-бақшасының ашылғанына 10 жыл толуына орай «Бөбекжай – асыл  мекенім» атты мерекелік кеш өтті.

Шаттыққа толы шара тәрбиешілер және тәрбиеленушілердің балабақша өмірінен сыр шертетін шағын көрінісімен бастау алды. Одан әрі топтық «Қазақ биін» тамашаладық.  Артынша бөбекжай меңгерушісі Клара Елтайқызы құттықтау сөз сөйлеп, балабақшаның өткені мен бүгініне тоқталып, қонақтарға «Қош келдің!» айтты. Мұнан кейін балабақшаның ашылған күнінен бастап осы кезге дейінгі сәттерін қамтыған бейне үзік көрсетілді.

Шарада Жаңақала ауылдық округі әкімдігінің жетекші маманы Сыйлыхан Талапұлы, аталмыш балабақшаның алғашқы басшысы Бегайым Төлеуғалиқызы, алғашқы әдіскері Лариса Әуелбекқызы, аудандық Қ.Жантілеуов атындағы саз мектебінің директоры Нұрәлі Сапарғалиұлы, аудандық орталық кітапхана жүйесінің директоры Дина Даниярқызы, Көпжасар ауылынан келген ардагер тәрбиеші Әсет Пралиева сынды шақырулы қонақтар ізгі тілектерін жаудырды. Олар бала жанының бағбаны тәрбиешілердің еңбегі зор екенін айта келіп, К.Елтайқызы басқаратын ұжымға толағай табыс, шалқар шабыт, отбасыларына амандық һәм бақыт тіледі.

Тәрбиешілер мен тәрбиеленуші балдырғандар тамаша өлеңдер оқып, мың бұрала билесе, ата-аналар әуезді ән салып, жиналған жұртшылыққа мерекелік көңіл күй сыйлады.

Тартымды кеш балабақша қызметкерлерінің қосыла шырқаған «Ұстазым» әнімен мәресіне жетті.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ