29.06.2020, 18:23
Қараулар: 175
«Халық банк» халықтың талабын ескере ме?

«Халық банк» халықтың талабын ескере ме?

Уақыт – адам баласы үшін қымбат ұғым. Уақыт бізге емес, біз уақытқа тәуелдіміз. Уақыт туралы бұл бос әңгіме емес. Айлық ақың түскенде алып-ұшып «Халық банкіне» барсаңыз, банкоматты жағалаған қарақұрым халықты көріп, «соңы кім екен?» деп амалсыз кезекке тұрарыңыз хақ. Кезегіңіз тезірек келсе, бірсәрі. Әй, қайдам. Бар-жоғы 2 банкомат. Кей кезде оның да біреуі істен шығып жатады. Бұғанда көнесің. Көнбей қайда барасың? Әйтеуір, әупірімдеп түскен жалақыңды аласың. Біз банкомат алдына барғанда «біраз уақытымыз зая кетті» деп аудан орталығында тұрсақ та қиналамыз. Ал шалғай ауылдық округтерден, елдімекендерден келетін тұрғындардың жай-күйі ше? Олардыкі тіптен қиын… Көлігі жоқтар такси жалдап келеді. Кезектің кесірінен сол күні жалақысы «бұйырмаса» қайта кетеді, одан қайта келеді. 1-2 күндеп жалақы-зейнетақыларын (түскен қаржыны) ала алмай, ұзын-сонар кезеккке кептеліп, жалақы үшін жанпида деп жүреді де қояды.

Біз осы мәселені қаузау барысында жергілікті «Халық банктің» бөлімше меңгерушісі Перизат Акимовамен жолығып, мән-жайды айтқан едік.

— «Халық банк» деген атымыз болған соң, халықтың жағдайын ойлаймыз, талабын ескереміз, үніне құлақ түреміз. Қаншама тұрғындардың біздің банктен қызмет алатынын көріп жүрміз. Сол себепті біз басшылыққа қосымша банкомат қою мәселесін қаңтар айында көтерген болатынбыз. Қазіргі таңда Жаңақала ауданында «Халық банктің» үш банкоматы қызмет көрсетіп келеді. Оның екеуі бөлімшенің ішінде болса, біреуі Жаңақала желілік өндірістік басқарамасының ғимаратында орналасқан.

Қарап тұрсаңыз, басқа бірде-бір ауданда 3 банкомат жоқ. Біз бұл бастаманы бірінші болып өзіміз қозғадық. Өйткені халықтың күн салқында сыртта тоңып, жаңбырда жаурап тұрғаны, кезек күтіп, алтын уақыттарын жоғалтқанын бізде қаламаймыз. Бізге керегі -тұрғындар уақытылы ақшаларын алып, шаруаларын бітіріп кеткені. Енді техника болған соң сынбай тұрмайды. Арасында банкоматтардың істемей қалатынын жасырмаймын. Кейде техникалық ақаулар да орын алып жатады.  Мұндай кедергілер жұмыс барысында болып тұрады. Осыған орай қосымша банкомат сұрадық. Ұсынысымды жоғарыдағы басшыларымыз бірден қолдады. Шығындары есептеліп, бәрі келісіліп қойғанда елімізде індетке байланысты карантин басталып кетті. Содан кішкене кешігіп қалды. Алла қаласа тамыз-қыркүйек айларында міндетті түрде үшінші банкомат бөлімшеде тұрады. Соған біз барымызды салып жұмыстанып жатырмыз. Біз «Халық банк» ұжымы әр клиентті бағалаймыз және әрбірінің жағдайын жасауға әзірміз. Қысқасы, халық біздің бөлімшеден шын риза болып кету үшін қызмет етеміз,-дейді аудан орталығындағы 181619 бөлімшесінің басшысы Перизат Акимова. Жаңақала ауылдық округі әкімі Абзал Ахметов те бұл мәселеден хабардан екенін, қосымша банкомат қою үшін бөлімше қызметкерлерімен бірге жұмыстанатынын жеткізді.

Түйін

Жалпы, аудан аумағында 24 мыңнан астам халық бар. Соның 75-80 пайызы «Халық банкінің» қызметін тұтынады екен. Осыншама халыққа 2 банкоматтың аз екені айтпаса да түсінікті. Әрі жылдан-жылға аудан орталығы да үлкейіп келе жатыр. Сол себепті №3 қазақ орта мектебінің мұғалімдері тарапынан банк бөлімшесінен бөлек жаңа шағын ауданға банкомат қойылса деген ұсыныс бар.  Банк бөлімшесінің ауласына сыймай, ел-жұрттың кезек күтіп сенделгенін, қыста тоңып, жазда ми қайнатар ыстыққа күйгенін,  уақыттарын рәсуә қылғанын естіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан «Халық банкі» халыққа шын жаны ашыса, қосымша банкоматтарды уақыттың еншісіне қалдырмай қоюы қажет деп есептейміз. Елдің де тілегі – осы.

Алтынбек ЕРМЕКҚАЛИЕВ