30.06.2020, 10:33
Қараулар: 75
Әлішер ҒҰМАР: «ОТАНЫҢДЫ СҮЮ – ТУМЕН СУРЕТКЕ ТҮСУДЕН ТҰРМАЙДЫ»

Әлішер ҒҰМАР: «ОТАНЫҢДЫ СҮЮ – ТУМЕН СУРЕТКЕ ТҮСУДЕН ТҰРМАЙДЫ»

Әлішер Ғұмар – облыс, республика көлемінде сұранысқа ие оператор әрі режиссер. Оның ұлттық спорт ережелеріне қатысты, салт-дәстүрге байланысты түсірген туындыларын жұрт жылы қабылдап, көп көрілім жасаған. Табиғатты түсіріп, оны ерекше монтаждап, сапалы дүние шығару да оның танымалдылығын арттырғандай. Жарнамалық роликтен деректі фильмге дейін түсіретін жерлес режиссёрмен сұхбаттасудың сәті түскен еді. Оқырман назарына беруді жөн көрдік.

— Әлішер мырза туған жеріңіз бен өскен ортаңыз,  отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

— «Әр адамның туған жері – Мысыр шаһары» деген қанатты сөз бар емес пе? Кіндік қаным тамған туған жерім – Жаңақала ауданы,  Жаңақала ауылы. Сол жерде ер жетіп, мектеп бітірдім. Үйленгенмін, жолдасым және бір қызым бар. Ата-анам  Жаңақала ауылында тұрады. Әкем – Ғайни Ғұмаров, анам – Гүлжиян Ғұмарова.

— Видеография,  режиссура саласына қалай келдіңіз?

— Жалпы видео түсіріліммен, оның монтажымен көптен бері айналасамын. Мектеп кезінен басталды. Басында тек хобби ретінде көрдім. Өзіме ұнаған нәрселерді түсіріп жүрдім.  Мемлекеттік қызметте жұмыс жасап жүргенде, дос жігіт осы саламен ақша табуға болатынын айтты. Содан кейін бұл салаға ерекше көңіл бөлдім. Уақыт арнап, өзімді дамыттым, жетілдіруге бар күш-жігерімді жұмсадым.

— Бұл саланы үйреткен ұстаздарыңыз бар ма?  Қай жерден білім алдыңыз?

Көбінесе білімді ғаламтордан алдым. Әр түрлі топтардан ақпараттар алып, You Tube-тағы видеоларды қарап, курстардан оқып үйрендім. Монтаж туралы жақсы кітаптарды үзбей оқып, оның принциптерін, тарихын шолып шықтым. Практикасын жақсы үйреткен үдмүрт режиссері Лев Вахитов деген кісі. Лев Вахитов табиғатты жақсы көретін оны визуалдық тілімен көрсете алатын мықты режиссер. Кадр мен композицияны сезуді үйретті. Ол адам мені Сібірдегі, Приполярный Урал деген жерге түсірілімге шақырды. Сонда барып  40 күн түсірілімде болдым. Тауларды түсірдік, ормандарында болдық, біраз жерін таспалап шықтық. Сол кезде жаңадан көп нәрсе үйрендім. Қасымдағы операторлармен де тәжірибе алмастым. Сол жақта жүріп 11 деректі кино түсірдік. Бұл ауыз толтырып айтатын жетістік.

— Қазір видео-контент қарқынды дамып келеді.  Облысымызда шарықтау шегіне жеткен жоқ.  Басқа өңірлердегідей жақсы дамуы үшін қандай істер жасалуы тиіс?

— Біріншіден, жақсы сұраныс  болу керек. Екіншіден, жұмыстарыңды көрсететін жақсы площадкалар болуы керек. Үшіншіден, жазылған сценарийларға, жобаларға жақсы қолдау көрсетілу қажет. Мысалы, Ресейде телекомпаниялар контент жасау, деректі киноларды және сериалдары түсіру үшін режиссерларды жалдайды. Ал бізде сырттан ешкімді жолатпай бәрін өздері жасағылары келеді. Бұл дұрыс емес.

— Түсірген жұмыстарыңыздың біразын көріп шықтым. Көбіне танымдық бағытта екен.  Табиғатты,  ұлттық ойындар,  салт-дәстүрге қатысты түсіргендеріңіз көңілімнен шықты.  Осы бағытта түсіру жан қалауыңыз ба әлде тапсырыс бойынша жасалған дүниелер ме?

— Операторлардың басым бөлігі той мен «Love story» түсіруге кетіп қалады.  Бұл ақша жағынан пайда келтіргенімен, шығармашылығыңды құлдыратады. Ешқандай өсуге апармайды. Ізденісің азайып, ынтаң жоғалады. Бір сөзбен айтқанда тығырыққа тірейді. Болашақта балаң есейіп: «Әке еліміз үшін не істедіңіз?» деп сұрақ қойғанда не деп жауап бересің? Операторлықпен кәсіби түрде айналысатын жан осыны ойлауы керек. Жұмыстарымның көбін жан қалауыммен түсіремін. Тапсырыстардың ішінен де көңіліме қонымдысын, елге пайдалысын таңдаймын.

Облыстық Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасы және ішкі саясат басқармалары түрлі проектілерге тапсырыс береді. Жан-жақты қолдау көрсетеді. Бір жағы солардың арқасында  жақсы тәжірибие жинап, жақсы сапалы контент шығаруға күш салып жатырмыз.

— Командаңыз бар ма?  Студия құрған шығарсыз?

Үнемі ізденіс үстінде жүретін жігіттерден құралған командам бар.

Әзірше студия  ашқан жоқпыз. Оған кететін қаражатқа біраз жаңа құрылғылар алдым. Монтажды үйден жасаймыз.

—  Видеография саласына қызығатын жастар неден бастауы керек?  Қандай ақыл-кеңес бересіз?

— Көп кітап оқу керек, жақсы киноларды мүмкіндігінше көп көрген жөн. Айтар ойы бар сапалы видеоларды іздеп жүріп көрсе ұтылмайды. «Vimeo.com» деген сайтта отыру керек. Жаңадан бастағанда тәжірибе жинағанша біраз уақыт тегін түсіруге тура келеді. Бізде көбі тегін түсіргілері келмейді. Видео саласының мықты маманы болып қалыптасқанша тегін түсіру қажет. Сұранысқа ие болу үшін осындай қиындықтарды жеңу керек.

— Осы кезге дейін түсірген жұмыстарыңыздың ішінде қайсысы жаныңызға жақын?  Қайсысы көңіліңізден шықты?

— Әзірше біреуіде өз көңілімнен шыққан жоқ. Мүмкін ол өзіме деген талаптың жоғарылығынан болар. Алдағы уақытта өзіме ұнайтын дүние түсіремін деп ойлаймын.

— Оператор,  режиссер,  монтаж осы үш бағытта жұмыс жасайсыз.  Қатар алып жүру қиындық тудырмай ма?

— Қойылым жасағанда бір өзіңе қиындау тиетіні рас.  Ал енді проекттің бюджеті жақсы болса, қасыма командамды шақырамын. Ол кезде әркім өзіне тапсырылған іспен шұғылданып, сапалы дүние түсіреміз.

Кинематография саласы сізге не берді?

— Кинематография ауқымы кең сала. Оның ішіне режиссер, оператор, монтажер, саунддизайнердің жұмысы кіреді. Бұл саланың арқасында біраз жерді көрдім. Білімді адамдармен танысып, тарихи әңгімелерді естідім. Әлемге басқаша көзбен қарауды үйрендім десем болады.

— Аудан орталығындағы шашылған қоқыс туралы түсірген қысқа бейнеролигіңіз әлеуметтік желіде тез тарап кетті.  Қазіргі кезде қоқыс алаңын қоршап жатыр.  Түйіткілді мәселенің шешілуіне алып келген бұл видеоны түсіруге не түрткі болды?

— Өзіңнің туған жеріңді, Отаныңды сүю – өлең айтудан, флэшмоб билеуден, тумен суретке түсуден тұрмайды. Еліңді, жеріңді сүйетін болсаң, оны қорғап, тұмса табиғаттына нұқсан келтірмей, оны сақтауға атсалысу керек. Бұл видео менің азаматтық позициямды көрсетеді. Жаңақала менің туып өскен жерім. Онда менің ата-анам, бауырларым, дос-жарандарым ғұмыр кешіп жатыр. Сол үшін де туған жер дегенде елегізіп тұрамын. Шашылған қоқыс туған жерімді ғана емес, жан-дүниемді де ластап жатқандай әсер етті. Сол себепті түсірдім. Көре тұра үндемей қалуды құп көрмедім. Жанашырлықтан түсірілген дүние, сол себепті көрген жандар жақсы жағынан қабылдауда.

 

—  Құпия болмаса сіз түсіретін бір видеоның бағасы қанша?

Видеонын бағасы көлеміне, бағытына байланысты.

— Монтаж үлкен шыдамдылықты қажет етеді.  Монтажда тағы не нәрселерді ескерген жөн?

— Монтаж жасау ол да бір өнер. Бұған асқан шеберлік пен мықты шыдамдылық керек. Монтаждалатын материалға басқа көзбен қарауды білу керек. Монтаж туралы көп әңгіме айтуға болады.

 — Телеарналарға жұмыс істеуге ұсыныстар түсті ме? Өңіріміздің телевидения саласы көңіліңізден шыға ма?  Нені өзгерту керек?

— Телеарналар бірнеше мәрте шақырды. Қазір де ара-тұра шақырады. Бас тартамын. Көңілімнен толықтай шығады деп айта алмаймын. Өз басым теледидар мүлдем қарамаймын. Жаңалықтарды әлеуметтік желілерден оқимын. Біздің арналарға бәсеке керек. Мықты бәсекелестік жақсы жағына өзгертер еді.

— Табиғатты,  әртүрлі өңірлерді аралап жүргенде сұлулыққа көзіңізді суғарған шығарсыз.  Ерекше есте қалған сәттер бар ма?

— Оралдағы таулардың арасында қонғанымыз әлі күнге есімде. Бұлттардың арасына палатка тігіп, сол жерде болған сәттерім көз алдымда. Табиғаттың сұлулығына қарай бергің келеді. Жақсы әсер сыйлайды. Көпке дейін есіңнен кетпей жүреді.

—  Еліміздің ең көрікті жерлерін түгел аралап,  түсіріп,  мықты туындыларды көрерменге сыйлау жоспарыңызда бар ма?

— Ондай жоспар әзірге жоқ. Алдағы уақытта облысымызда жақсы кино түсірсек пе дейміз.

— Болашақта қысқаметражды,  толық метражды кино түсіруге шақырса барасыз ба?

— Өзімді кино саласында да сынап көргім келеді. Бұл болашақтың еншісіндегі нәрсе. Ұсыныстар түссе бас тартпас едім.

— Үнемі жаңарып отыратын салада өзіңізді қалай дамытасыз? Арнайы курстарға қатысасыз ба?

— Сәтті түсірілген кинолар мен жақсы видеолар қараймын. Өмірдегі түрлі ситуациялар да жақсы идеялар әкеледі.

— Өзіңіздің авторлық курсыңыз бар ма?

— Операторлық пен режиссёрлықты толықтай қамтыған курсым жоқ. Монтажды үйрететін курстарым бар.

— Шынайы әңгімеңізге рақмет. Дами беріңіз!

Сұхбатты жүргізген: Жанайдар БОЛАТБЕКҰЛЫ