26.05.2015, 7:26
Қараулар: 44
4 айда 48 сыбайластық қылмыс АШЫЛДЫ

4 айда 48 сыбайластық қылмыс АШЫЛДЫ

IMG_2810 жемкорлик


Облыстағы денсаулық сақтау ұйымдарымен көрсетілетін «Наркологиялық диспансерден анықтама беру» және «Психоневрологиялық диспансерден анықтама беру» мемлекеттік қызметтерінің бағаларының өсіріліп бекітілгені, өзіндік құнына сәйкес келмейтіндігі анықталған. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінде өткен баспасөз мәслихатында мәлім болды.


-Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қызмет көрсетуді заңнамаға сәйкестендіру туралы берілген ұсыныстың нәтижесінде облысымыздың денсаулық сақтау ұйымдарымен көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің бағалары заңнамаға сәйкестенді-рілді. Облыстық психикалық денсаулық орталығы бойынша 570 теңгеден 310 теңгеге дейін (46%), облыстық наркологиялық диспансері бойынша 500 теңгеден 310 теңгеге (38%) төмендетілді, — деді мемлекеттік қызмет істері жөніндегі департамент басқармасының басшысы Аманқос Жұбаныш. Оның айтуынша, «Жәнібек аудандық орталық ауруханасы» МКК-ның анықтама беру қызмет бағасы 450 теңгеден 310 теңгеге (31%) төмендетілген. Сонымен қатар осындай қызмет түрлері Зеленов аудандық орталық ауруханасымен 316 теңгеге, Шыңғырлау аудандық орталық ауруханасымен 200 теңгеге бағаланса, Тасқала, Қаратөбе аудандық орталық ауруханалары мұндай қызметтерді ақысыз түрде көрсеткен.

Агенттіктің облыстық тәртіптік кеңесімен биылғы төрт айдың ішінде 8 отырыс өткізіліп, жалпы 45 тұлғаға қатысты тәртіптік істер қаралған. 24 тәртіптік іс бойынша әр түрлі тәртіптік жаза қолдану туралы ұсыныстар беріліп, 6 тәртіптік іс материалдары құзырлы құрылымның немесе лауазымды тұлғаның қарауына мәні бойынша шешім қабылдау үшін жіберілген, ал 15 тәртіптік іс тәртіптік кеңес отырысында тоқтатылған.

— 24 тұлғаның 16-сы «ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» заңының талаптарын, 8 тұлға Ар-намыс кодексінің талаптарын бұзып, тәртіптік жазаға тартылды. 16 тұлғаның 14-і қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту тәртіптік жазасына тартылса, 2 тұлға атқарып отырған лауазымынан босатылды. Ар-намыс кодексінің талаптарын бұзғаны үшін 8 тұлғаның біреуі атқарып отырған лауазымынан босатылды, екеуі қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, қалған 5 лауазымды тұлғаға ескерту, сөгіс және қатаң сөгіс түрлеріндегі әр түрлі жазалар тартылды, — деді облыстық Тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі Мирболат Нұртазин.

Тәртіптік кеңестің ұсынысы негізінде, 2015 жылдың 5 ақпаны күні Бөкей ордасы ауданы, Саралжын ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында өз қызметтік міндетін орындау кезінде ауыл тұрғыны А. Биғалиеваны балағаттап, ар-намысына тиетін сөздер айтып, мемлекеттік қызметшіге сай келмейтін теріс қылықтар көрсеткен Саралжын ауылдық округінің әкімі Қ. Рашқалиев Бөкей ордасы ауданы әкімінің өкімімен қызметінен босатылған.

Департаменттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жұмысы жүйелі сыбайлас жемқорлық деректерін анықтау, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда жасалған құқықбұзушылықтар мен қылмыстар, сонымен қатар кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу фактілерін анықтауға бағытталған. Биылғы төрт айда 48 сыбайлас жемқорлық қылмысы ашылған және оның 21-і ауыр қылмыстар саналады. Парақорлық дерегі бойынша 17 қылмыстық іс (9-ы – пара алу, 8-і – пара беру) тіркелген.

— Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің облыстық департаментінің басшысы Ж. Се-рикопов қызметтік бөлмесінде 430 мың теңге көлемінде пара алу кезінде ұсталды. Ол өз қызметін теріс пайдалана отырып, заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау арқылы ғимаратты жалға беру және жалпы қорғау үшін жеке кәсіпкерлерден және заңды тұлғалардан жүйелі түрде пара алды деп айыпталуда. Қазіргі уақытта қылмыстық іс соттың қарауында, — деді аталмыш департамент басқармасының бастығы Серік Мұстафин.

Басқарманың құпия тергеу әрекеттері нәтижесінде Бөрлі аудандық әкімдігінің жер қатынастары бөлімінің басшысы С. жеке кәсіпкерге тиесілі мақсатты пайдаланылмаған жер телімін мемлекеттің пайдасына ауыстыруға шешім қабылдамау мақсатымен одан 300 мың теңге пара алғандығы әшкереленді. Қазіргі таңда қылмыстық іс соттың қарауында. Сондай-ақ шаруа қожалығының басшысынан 25 мың теңге көлемінде пара алған орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің БҚО бойынша инспекциясының басшысының орынбасары Г. Тұралиев ұсталып, қылмыстық іс сотқа жолданған. Орал қалалық сотының үкімімен ол айыпты деп танылып, оған 1 250 000 теңге көлемін-де мүлкін тәркілеумен айыппұл тағылған және мемлекеттік қызметте жұмыс атқа-руға өмір бойы құқығынан айырылды.

— Бүгінде 15 қылмыстық іске процессуалды шешімдер қабылданды, соның 12-сі прокуратураға айыптау қорытындысымен жіберілді, 2 қылмыстық іс жеделдетілген сот өндірісі тәртібімен, бір қылмыстық іс кінәсін мойындау келісімімен процес-суалды шешім қорытындысымен аяқталды. Соның ішінде «Жайықжылуқуат» АҚ-ның бұрынғы директоры Р. Нұрышевқа қатысты екінші қылмыстық істі тергеу барысында Нұрышевтың облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Ғұмар Дүйсембаевтың ұялы телефонының балансына бір жыл бойына ақша аударып тұрғаны анықталды. Бұл іс бойынша Нұрышев кінәсін толық мойындады. Ғ. Дүйсембаев қылмыстық іске тартылған жоқ, бірақ аударылған қаржыны кәсіпорын есебіне толықтай қайтарды, — деді басқарма бастығы Серік Мұстафин.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар