20.06.2015, 7:03
Қараулар: 75
Мейрамыңызбен, мейірімді дәрігер!

Мейрамыңызбен, мейірімді дәрігер!

22


Бейсенбі күні облыстық қазақ драма театрында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиналыс болды. Адам жанының арашашылары бас қосқан жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып,  дәрігерлер қауымын төл мерекелерімен құттықтады.


Бүгінгі күні медицина саласындағы игі істердің барлығы мемлекет басшысы берген тапсырмасы аясында республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген қаражат есебінен жүзеге  асырылуда. Себебі, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашан халықтың әл-ауқатын көтеру, денсаулығын нығайту, сонымен  қатар халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің қолжетімді және жоғары сапалы болуын үнемі талап етіп отырады. Біздің өңірімізде бой көтерген немесе күрделі жөндеуден өтіп жатқан ғимараттар, алынған заманауи үлгідегі медициналық құрал-жабдықтар, жаңа технологияларды қолданысқа енгізуді  жалғастыру, алыс-жақын шетелдерде мамандардың біліктілігін арттыру шаралары жалғасын табары сөзсіз. Бүгінгі салтанатты жиынға қатысып отырған ақ халатты абзал жандар, сала ардагерлері, баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, облыс халқы атынан  ризашылығымды білдіремін, – деді өңір басшысы.  Сондай-ақ облыс әкімі медицина саласында жемісті еңбек етіп жүрген бес дәрігерге алғысхат табыс етті. Олардың қатарында Сырым аудандық орталық ауруханасы перзентхана бөлімінің аға акушері Ақмарал Мырзабекова, ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталыққа қарасты диагностикалық зертхананың лаборанты Сәбилә  Нығметова, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің дәрігер-рентгенологы Максим Нұрғалиев, «Мейірім» облыстық мамандандырылған бөбектер үйінің санитары Гүлнәр Мәдиева, Зеленов аудандық Қаражар медициналық пунктінің фельдшері  Галина  Масаева  бар.

Орал қаласының әкімі Алтай Көлгінов те біраз дәрігерді қала әкімінің алғысхатымен марапаттады.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамидолла Ирменов әріптестерін төл мерекемен құттықтап, өңір медицинасының бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы қысқаша баяндап өтті.

– Бүгінгі күні облыстың денсаулық сақтау жүйесінде 1600-ге жуық дәрігер және 6 мыңдай орта буын медициналық қызметкер қызмет істейді. Облыс әкімінің денсаулық саласын жіті назарда ұстауының нәтижесінде соңғы бес жылда облысымызға 363  жас маман келіп, оларға тиісінше әлеуметтік көмек-қолдау көрсетілуде. Сонымен қатар соңғы жылдары шетелдік озық тәжірибе атаулыны енгізуге ерекше ден қойылуда.  АҚШ, Ресей Федерациясы, Финляндия, Оңтүстік Корея және Прибалтика елдерінде дәрігерлерді тағылымдамадан өткізу жалғастырылуда. Жыл ішінде 450-дей дәрігер, 2700-ге жуық орта буын медициналық қызметкер білімдерін өз елімізде көтерсе, 14 дәрігер, оның ішінде  5 адам «Болашақ» бағдарламасы бойынша  шетелдерде білім-білігін көтеріп қайтты. Бұл бағыттағы жұмыстар келешекте де  жалғасын табатын болады, – деді Қамидолла Мүтиғоллаұлы.

Бұдан соң басқарма басшысы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісін облысқа белгілі дәрігерлер Жанна Ділманова, Ғабит Әжіғалиев, Гүлсім Дәулетбаева, Наталья Кошелеваға табыс етті. «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісіне Мағаз Сүйіндіков, Евгения Белая, Индира Әмірова, Татьяна Ким, Меңдігерей Досқалиев, Аружамал Қартқожақова сынды бір топ дәрігер ие болды. ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің Құрмет грамотасымен, министрдің алғысхатымен ұзын-саны 15 дәрігер марапатталды. Олардың қатарында Гүлнар Әуелбаева,  Қымбат Құбаева, Азамат Саметов, Ольга Хегай бар.

Салтанатты шарада Ұлы Отан соғысы және медицина саласының ардагері Алевтина Митрохинаға ерен еңбегі мен ерлігі үшін «Ержүректілік пен қайырымдылық» төсбелгісі табыс етілді.

Облыстық денсаулық саласының дәстүрлі «Таңдау» байқауы аясында «Кәсібіне адалдығы үшін» аталымы бойынша облыстық клиникалық аурухана санитарлық авиация бөлімінің меңгерушісі Ғалымжан Мырзағалиев, фармацевтика саласында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының фармацевті Сисенғали Ісжігітов үздік атанды. «Медицина саласындағы инновациялық технологияларды оңтайлы пайдаланғаны үшін» аталымына Марат Жұмабаев ие болды. «Адам өміріне араша болып, сәтті ота жасағаны үшін» аталымымен Жанайдар Қазтуғанов, Ерлан Оразымбетов, Марат Жұмабаев, Мұхтар Мақауов, Марат Ерәлиев марапатталды. Айта кетейік, бұл дәрігерлер бір жыл бұрын аяғынан қатты жарақат алған Жәнібек ауданының Азамат Кәкімов есімді 15 жасар тұрғынына күрделі ота жасап, тек өмірін ғана емес, жасөспірімнің аяғын да аман сақтап қалған болатын. Бүгінде ол екі аяғымен жер басып, оңалту шараларынан өтуде. Сахна төріне көтерілген Азамат өміріне араша болған дәрігерлеріне өзінің шексіз алғысын айтты.

Мерекелік жиын барысында  медицина саласындағы жетістіктер мен жаңалықтарды халыққа тез әрі сапалы жеткізуге үздіксіз қолдау көрсеткен бірқатар БАҚ басшыларына да сый-құрмет  көрсетілді.

Облыс тұрғындары арасында жүргізілген «Пациент дауысы» әлеуметтік сауалнама нәтижесінде Орал қаласы бойынша облыстық клиникалық аурухананың қарқынды хирургия бөлімінің меңгерушісі Қуаныш Жаишев, ал аудандар бойынша Шыңғырлау аудандық орталық ауруханасы директорының орынбасары Мирболат Хамзиев ең үздік дәрігер деп танылды.

Салтанатты жиын соңы  мерекелік концертке жалғасты.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар