23.06.2015, 6:49
Қараулар: 47
1542 мұғалім ҮСТЕМЕАҚЫ АЛАДЫ

1542 мұғалім ҮСТЕМЕАҚЫ АЛАДЫ

100 кадам


Таяуда  «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ғимаратында «Нұр Отан»  партиясының «Қазақстан – 2017 мақсаттары, Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасының «Білім және ғылым» бағыты бойынша аймақтық сараптама тобының отырысы өтті. М. Өтемісов  атындағы БҚМУ-дың  ректоры, педагогика ғылымдарының  докторы, профессор Асхат Иманғалиев өткізген  жиынға  қаламыздағы  жоғары  және  арнаулы орта  білім орындарының басшылары қатысты.


Елбасы биылғы халыққа  арнаған  Жолдауында  бірінші кезекте апатты жағдайдағы және үш ауысымдағы мектептер мәселесін шешу туралы баса айтқан болатын. Жиында облыстағы  апатты  және  үш ауысымдағы мектептерді  жою, жаңа мектептер салу туралы БҚО білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева хабарлама жасады.

Айгүл Әділгерейқызының айтуынша, облыстағы 397 мемлекеттік мектепте 88 мыңнан астам оқушы білім алуда. Облыс бойынша үш ауысымда оқытылатын мектептер 2013 жылы жойылған, ал апатты жағдайдағы 6 мектеп үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. 2014 жылы 2 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, Шыңғырлау ауданының Сегізсай ауылында жаңа мектеп  пайдалануға берілген.

– Қалған үш мектептің құрылысы биылғы жаңа оқу жылы қарсаңында аяқталып, оқушыларды  қабылдамақ. Олар республикалық бюджет есебінен салынып жатқан Зашаған кентіндегі 1200 орындық, Жаңақала ауданындағы 100 кереуеттік жатақханасы бар  600 оқушыға арналған  мектеп және  Теректі ауданы  Юбилейный  ауылындағы 180  орындық мектеп, — деді басшы.

Жиынға қатысушылар «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы мен «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығында білім жетілдірген мұғалімдерді оқыту, олардың жалақысын 100 пайыз өсіру мәселесін талқылады.

Облыстың жалпы білім беретін мектептерінде 12 мыңнан астам мұғалім жұмыс істейді. Соның 1542-сі соңғы үш жыл ішінде аталмыш  білім жетілдіру курстарынан өтіп, 3 деңгейде, яғни 30, 70, 100 %  мөлшерінде жалақысына қосымша ақы алады. Мұғалімдердің білімін жетілдіруге 2014 жылы 202,9 млн., 2015 жылы 588,6 млн. теңге қаржы бөлінген. Биылғы  жылы білімін жетілдіруге тиіс 523 мұғалімнің күні бүгін 316-сы атаулы курстардан өтіп, 1, 2, 3 деңгейдегі үстемеақыға  қолдары жеткен.

Жалақысына 100 пайыз қосымша ақы қосылған жоғары санатты мұғалімдерді оқытатын кімдер? Олардың ғылыми атақ-дәрежесі бар ма, олар өз білімін қайдан жетілдіреді? Бұл сұрақты біз  жиынға қатысып отырған «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы БҚО бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институты филиалының директоры Софья Ізмұхамбетоваға қойдық.

– Жалпы,  мұғалім жоғары  санаттарға  өту  үшін 5 жылда бір рет білімін жетілдіруі керек, — деді директор. – Бұрын мұғалімдер қысқа мерзімді және ақылы курстардан өтіп келді. Соңғы жылдары деңгейлік, электронды оқыту және олимпиадаларға қатысатын оқушыларды  дайындайтын мұғалімдер курстары пайда болды. Қыркүйек айынан бастап «Өзін-өзі тану» үш айлық деңгейлік оқыту курсы  басталады. Бізге ғылыми дәрежесі бар оқытушылар қажет. Өткен жылы 4 рет жергілікті газеттерге хабарландыру бердік. 2013 жылдан бастап ғылыми лауазымы бар мұғалімдерді жұмысқа алу үшін байқау жарияладық. Бірақ нәтиже шамалы, бар болғаны 2-3 мұғалім, соның ішінде   БҚМУ-дан бір педагогика ғылымдарының кандидаты келді. Біз ғылыми дәрежесі жоқ қатардағы мұғалімді  қызметке  ала алмаймыз. Оқытушылардың жалақысын көтердік, бірақ неге екені белгісіз, біздің орталыққа мұғалімдер келгісі келмейді. Тұйықтан шығу үшін соңғы кезде магистрларды қызметке қабылдаудамыз. Ал бұрыннан институтта қызмет  істеп келе жатқан ғылыми дәрежесі жоқ мұғалімдерді жұмыстан шығаруға менің құқығым жоқ, Сондықтан өзге оқу орындарында дәріс беретін доктор, ғылым кандидаттарын 0,5, 0,25 штат бойынша қызметке алдық. Деңгейлік курстарда институт бойынша 10 тренер жұмыс жасайды, оның жетекшісі ғана ғылым кандидаты, қалған 9-ы жай мұғалімдер. Бірақ олар Астанадағы «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының жанындағы 3 айлық дайындау курсында оқып, білім-білігін көтерген  мамандар. Сол 10 оқытушының арқасында республика бойынша деңгейлік курстан бірінші  орындамыз. Желілік қауымдастықта біздің мұғалімдер кеңесші болып, еліміздің басқа аймақтарындағы мұғалімдерге жетекшілік етіп, кәсіби ақыл-кеңес беруде.

Бұдан соң сөз алған Ж. Досмұхамедов  атындағы Орал педагогикалық колледжінің директоры Ш. Құрманәлина аталмыш орталықтағы 2-ші деңгейге дәріс беретін оқытушылар құрамына колледж мұғалімдерінің қосылатынын  айтты.

Орал қалалық білім бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратованың айтуынша, 79 қала мұғалімі 100 пайыз, 89-ы 2-ші деңгейде үстемеақы алуға қол жеткізген. Күні бүгін 376 мұғалім 3-ші деңгейлік курста оқуда.

– Еліміздің басқа облыстарымен салыстырғанда бізде үш ауысымдағы мектеп мәселесі жоқ және 6 мектептің апатты жағдайы жойылуда. 1542 мұғалім үстемеақы алып отыр, бұл үлкен же-тістік. Ұстаздардың бұл еңбегі биылғы бірыңғай ұлттық тестілеу нәтижесінде көрінді. Астана мен Алматы қаласынан кейінгі 3-орындамыз. Бұл еліміздегі барлық облыстың алдында бірінші  орындамыз деген сөз. Жалпы, соңғы жылдары өз білімін көтеріп, бар ынта-ықыласымен еңбек  етуге  пейілді мұғалімге Үкімет жағдай жасап отыр. Облыста атқарылып жатқан осы жұмыстарды мен «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 100 нақты қадамды іске асырудың бірден-бір жолы деп айта аламын, – деді отырысты қорытындылаған  М. Өтемісов  атындағы  БҚМУ- дың ректоры, педагогика  ғылымдарының  докторы, профессор А. Иманғалиев.

Ұлдай САРИЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар