23.06.2015, 6:52
Қараулар: 43
Жас маманға ЖАНАШЫР БОЛСАҚ…

Жас маманға ЖАНАШЫР БОЛСАҚ…

IMG_8314


Таяуда Батыс Қазақстан индустриалды колледж базасында «Дуальды оқыту  мәселелері мен келешекке арналған даму» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтті.


Онда әлеуметтік серіктестіктермен қатынасты дамыту, еңбек нарығында сұранысты қажет ететін құзыретті мамандарды даярлау,  экономика саласының  талаптарына сәйкес білім беру бағдарламаларының толық сәйкес, әрі ұтқыр болуы қажеттілігі туралы айтылды. Елбасымыз Н. Ә. Назарбаев «100 нақты қадам» бағдарламасында ғылым мен білімді дамытуға, әсіресе, техникалық білім беруді дамытуға баса назар аударғандығы белгілі. Батыс Қазақстан индустриалды колледжінің директоры Әли Мәсәлімовтің айтуынша, колледж ашылғаннан бері 1600-ден астам түлек бітірген. Олар коммуналдық шаруашылық, энергетика және байланыс саласындағы кәсіпорындарда, зауыттарда еңбек етуде. Сонымен қатар аталмыш оқу орны – облысымыздағы токарьлық іс және метал өңдеу мамандарын даярлайтын жалғыз оқу орны. 50-ден астам  ірі және шағын кәсіпорындармен серіктестік қатынаста. Серіктестік қатынас негізінде колледж студенттері өндіріс ошағында өндірістік практика-дан өтіп, оқуды аяқтаған соң жұмысқа орналастырылады. «Кәсіпқор» холдингімен серіктестік қатынас негізінде шетел мамандарын жұмылдыру арқылы біліктілік курстары  ұйымдастырылуда.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Айгүл Абулқайырова колледж бітіріп келген түлектердің білім-білігі жұмыс беруші компанияның талаптарына сай келмейтіні, оқу орындарында теориялық жағы оқытылғанмен, өндірістік тәжірибеден өту жетіспейтінін, оқу орындарындағы мұғалімдердің өзі теориялық тұрғыда білімді болғанымен, практикада дұрыс біле бермейтінін сынға алды. Сондықтан еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды дайындай отырып, олардың заман талабына сай бәсекеге қабілетті әрі  сапалы маман болуы қажеттігін қатысушылар назарына ұсынды.

«Стройкомбинат» ЖШС-ның директоры Бақытжан Нұрбаев өндіріске тәжірибеден өтуге келген жас мамандарды жылы қабылдап, олардың маман болып қалыптасуына ұжым болып көмектесетіндерін ортаға салды.

– Бұл колледжбен көп жылдан бері әріптестік байланыстамыз. Еліміздің болашағы үшін бізге сапалы мамандар қажет. Олардың өз ісін жетік меңгерген майталман маман болып қалыптасуына өндіріс орны ретінде біз де атсалысуымыз керек. Сондықтан өзімнің орынбасарларыма тәжірибеден өтуге келген студенттерге бейжай болмай, маман ретінде қарап, әрқайсысына білмегенін үйретіп, қатаң қадағалауды тапсырдым. Оған қоса оларға жалақы төлеу керек деп шештім. Өз еңбегінің нәтижесін сезініп, жалақы алған студент өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды.  Әрі жас маманның осы жерде жұмысқа қалып, көп ақша табамын деген сенімділігі күшейеді. Біздің кәсіпорында тәжірибеде көзге түсіп, кейіннен жұмысқа қалған мамандар жетерлік.  Сондықтан біз жұмыс берушілер жас мамандарды кеудеден итермей, жанашырлықпен қарауымыз керек, – деген Бақытжан Аманғалиұлы бизнестегі  әріптестерін осы мәселеге түсіністікпен қарауға шақырды.

Семинарда «Орал «Зенит зауыты» АҚ, «Стройкомбинат» ЖШС және Батыс Қазақстан индустриалды колледжі арасында үшжақты меморандумға қол қойылды.

Гүлжамал  ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал  өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар