23.06.2015, 6:55
Қараулар: 45
Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ: «Елге келсем, ерекше қуат аламын»

Ескендір ХАСАНҒАЛИЕВ: «Елге келсем, ерекше қуат аламын»

news_12_08_2010-1


Кеше облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әнші-композитор Ескендір Хасанғалиевті қабылдады.  75 жасқа толу мерейтойына орай  арнайы шақырумен туған еліне келген өнер иесі әкімнің қабылдауынан соң өз ойын былай сабақтады:


– Менің сахнада өнер көрсетіп жүргеніме 55 жыл болды. Әрі 75 жасқа аяқ бастым. Осыған орай өнерге ерекше құрметпен қарайтын облыс әкімі Нұрлан Асқарұлының шақыртуымен елге келіп жатқан жайым бар. Осы жолы жұбайым Дарико, ұлым Біржанмен қоса, жиенім Әмірді де ертіп келдім. Қала жұртшылығымен кездесіп, концерт береміз. Содан соң туған жерім Қаратөбеге барамын. Жалпы, шығармашылық жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Жыл басынан бері әр түрлі концерттерге қатысып келеміз. Астана, Алматы қалаларында мерейтойыма орай концертімді өткіздім. Қысқасы, биыл менің жылым болғалы тұр. Кешеден бері аяғымды жерге тигізбей, құрақ ұшып, құрмет көрсеткен  жерлестеріме ризамын. Өзім де елге келгелі  қанат бітсе, ұшып кетердей, ерекше әсерде жүрмін, – дейді  журналистермен емен-жарқын ой  бөліскен өнер иесі.

Нағашы атасының туған еліне келіп, ерекше әсер алып жүрген Әмір Даниярұлы Оралға алғаш рет  келгенін  айтады.

– Оралды бірінші рет көріп, ерекше әсер алдым. Атамның туған жері тарихқа толы екен. Үйлердің архитектурасы әдемі.  Бұл жердің ауасы да бөлек екен, — дейді  болашақ  кинорежиссер  Әмір.

Лирикалық баритон дауысты әнші Ескендір Хасанғалиев «Әдемі», «Асыл арман», «Атамекен»  әндерімен жұртшылыққа жақсы таныс.  Орындау мәнері мен кәсіби деңгейінің жоғарылығымен ерекшеленетін өнер иесінің «Туған жер — әнім» атты шығармашылық кеші облыстық қазақ драма театрында өтті.

Гүлжамал ЖОЛДЫҒАЛИ,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар