23.06.2015, 7:03
Қараулар: 41
Көптен күткен той

Көптен күткен той

6512c480e4c2aa69583e3d3c303e4d81


Бұйыртса, осы аптаның аяғына қарай, яғни сенбі және жексенбі күндері облыс  жұртшылығының көптен күткен мерекесі оздырылмақ. Ол – қазақтың мақтанышы, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығына орай ақынның ескерткіші мен мерейтой иесінің атындағы мәдениет және өнер орталығының ашылу салтанаты. Шара  Орал қаласында өтеді.


Исі қазаққа сауын айтқан осынау ақын тойына еліміздің түкпір-түкпірінен құрметті қонақтар келеді. Олардың арасында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы болады деп күтілуде.

27 маусымда ертеңгілік сағат 10.00-де Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет пен өнер  орталығының  және  ақын ескерткішінің ашылу салтанаты болады. Одан әрі орталықтың акт залында ақынның 80 жылдығына байланысты әдеби-сазды бағдарлама өтеді. Сол күні сағат 15.30-да облыстық қазақ драма театрында «Қадыр тағылымы» атты әдеби-сазды кеш басталып, сол жерде «Өлмес өлең» республикалық жыр мүшәйрасы өзінің мәресіне жетіп, қорытындыланады. Кешкісін сағат 20.00-де Қ. Мырза Әлі орталығының амфитеатрында Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық қазақ-ұлт аспаптар оркестрінің  концерті  болады.

Ал  28 маусымда ақын тойы оның туған жері – Сырым ауданында одан әрі жалғасады. Сағат  ертеңгі 10.00-де Жымпиты ауылының орталығындағы алаңда Қадыр ақынға ескерткіш ашылады. Ауылдағы Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайында ақынның өмірі мен шығармашылығы  жылдарына арналған үлкен көрме жұмыс істеп, келушілерді қарсы алады. Аудандық мәдениет үйінде мерекелік концерт болады.

Өз  тілшіміз


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар