23.06.2015, 7:11
Қараулар: 54
Балық баптағандар

Балық баптағандар

SAM_2344


Жайықтың сол бетіндегі  Ақжайық су қоймасы бейне-бір теңіз іспетті. Аумағы көршілес Теректі ауданымен шектеседі екен. Ащы өзенімен өзектес қыр төсіндегі теңізге қарай бергің келеді. Керемет көрініс.


Ең кереметі сол, суы 21 миллион текше метр болып табылатын осы су қоймасының сұлулығына, берекесіне көнеккеткендік Нұркен Мұқановтың «Әліп» шаруа қожалығы бас-көз болуда. «Ақжайыққа» жуырда ғана тұқының екі түрінің шабақтары (100 килограмм) жіберіліпті. Нұркенге бауырлары Сәкен мен Дидар көмекші екен. Олардың алға ұстаған жоспары ауқымды-ақ. Су маржанын молайту, яғни балықты баптап, аялау керек, міне, «Әліптің» мақсаты осы. Ел байлығының осы бір түрін өсіруді, сөйтіп, табиғатты түлетуді көздеген жігіттерді ауылдастары қошеметтеп, қолға қармақ ұстауды сүйетіндер әзірге суға тыныштық керегін ұғынып жүр. Шабақтар «есеюі» керек қой.

Сәкеннің айтуынша, балық қорын өсіруге барлық жағдай бар. Басқа балық шаруашылықтарымен байланыс ұсталуда. Мәселен, Оралдағы «Лазаренко» жеке кәсіпкерлігімен жіті қарым-қатыс, мамандармен ақыл-кеңес алмасу жолға қойылған. «Ақжайыққа» күзде де шабақтар жіберіледі.

Шаруа қожалықтарының малмен бірге балық шаруашылығына бет бұруынан елімізде мысал аз емес. Ауданымызда да сондай қадамның жасалуы сүйсінтеді. Бударин ауылдық округіндегі «Атамұра» шаруа қожалығы да өзіне беркітілген су қоймасынан (ауқымы 80 гектар) былтыр 3 тоннадан астам түрлі балықты саудаға шығарды. Оның жетекшісі Ғайнеден Баянов су игілігін молайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда.

Айта кетейік, «Атамұра» бақ шаруашылығын да жолға қойған. Үш жылдан бері 300 түп алма ағашын өсіруде. Ырыс та осы. Талбесік табиғатымызға жанашырлық та осы.

Бекем БЕКҰЛЫ,

Ақжайық  ауданы