23.06.2015, 7:14
Қараулар: 75
Қош бол, алтын ұя мектебім!

Қош бол, алтын ұя мектебім!

8


Абай алаңында мектеп бітірушілердің «Қош бол, алтын ұя мектебім!» атты салтанатты кеші  өтті.


Шараға облыс басшысы Нұрлан Ноғаев арнайы қатысты. Абай ескерткішінің алдына гүл шоқтарын облыс басшысы Нұрлан Ноғаев пен облыстық мамандандырылған мектеп интернатының түлегі, «Алтын белгі» иегері Аида Баймұқаш қойды. Сондай-ақ облыс әкімі биылғы ҰБТ-дан 125 балл жинаған Теректі ауданы “Үміт” тілдер гимназиясының түлегі, “Алтын белгі” иегері Сымбат Саматқа ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповтің алғысхатын, өз атынан ескерткіш сыйлығын табыс етті. Мектеп түлектеріне арнаған лебізін өңір басшысы былайша жеткізді.

– Құрметті мектеп түлектері! Алдарыңызда үлкен өмір жолы күтіп тұр. Сіздердің бойларыңызға ата-аналарыңыз, ұстаздарыңыз білім, тәрбие бере отырып, бәсекелестікке сай білім алуларыңызға жағдай жасады. Ендігі сіздердің парыздарыңыз — таңдаған мамандықтарыңызға түсіп, өздеріңіз қалаған мамандық иесі атанып, еліміздің дамуына үлес қосу. 2014-2015 оқу жылдары облысымыз үшін нәтижелі болып отыр. ҰБТ қорытындысы бойынша облысымыз Алматы, Астанадан кейінгі орынға сап түзедік. Жалпы, облыс бойынша 4581 оқушы бітірсе, 3116 түлек ҰБТ тапсырды. Оның 120-сы «Алтын белгі» иегері атанса, 54-і «Ерекше аттестатын» қорғап шықты. «Н. Назарбаев зияткерлік мектебін» 133 оқушы тәмамдаса, оның 7-еуі «Алтын белгіге» ие болды. Ұлттық бірыңғай тестілеудегі жетістігіміз – оқушылардың қажырлы еңбегі мен ата-аналардың, ұстаздардың нәтижелі жұмысының арқасы. Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев әрқашан оқу процесін, тәрбие мен білім беруді жеке бақылауында ұстап келеді. Соның нәтижесінде білім саласында жаңа оқу орындар, жаңа техника, жаңа технологиялар, құрал-жабдықтар пайдаланылып келе жатыр. Елбасымыз «Біз қандай жастарды тәрбиелеп шығамыз, еліміздің болашағы сонымен тікелей байланысты болады» деген болатын. Елбасымыздың стратегиялық даму  бағдарламаларын іске асыру сіздердің еншілеріңізде. Мектеп қабырғаларында алған білімдеріңізді ұтымды пайдалана отырып, өз қатарларыңыздың алды болып, бәсекелестікке сай маман болып, көк Туымызды желбірететін отансүйгіштік қасиеттеріңіз жоғары болсын. Ата-аналарыңыздың, еліміздің мақтанышы болыңыздар. Ақ жол, мектеп түлектері! — деп «Алтын белгі» иегерлеріне алтын белгілерін табыстады.

Салтанатты шара концерттік бағдарламамен ұласып, отшашумен аяқталды.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

“Орал өңірі”


Армат ТАЛҒАТҰЛЫ:

Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері:

— Тоғызыншы сыныптан бастап аталмыш мектепке қабылдандым. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Енді, міне, алтын ұямды тәмамдап, болашаққа қадам басып барамын. Мектеп бітіріп, студент атанатынымды қоштасу кешінде ғана сездім. Өйткені жан-дүнием қобалжып кетті. Ұстаздарымды, достарымды, сыныптастарымды қимаймын. Сыныбымда 20 оқушы болды. Барлығы дерлік облыстық, республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері, түрлі байқаулардың лауреаттары, арт-фестивальдардың жеңімпаздары. Жыл соңында алған біліміміз Кембридж бағдарламасы бойынша тексерілді. Н. Назарбаев университетіне ғылым және технология бағыты бойынша оқуға қабылдандым. Осыдан бір жыл бұрын Америкаға жолым түскен еді. Шет елде көрген-білген жаңалықтарым, жинаған тәжірибемді болашақта кәдеме жаратпақпын. Би билегенді, спортпен шұғылданғанды ұнатамын.


Аида БАЙМҰҚАШ,

облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі, «Алтын белгі» иегері:

— Мен үшін білім, тәрбие алған мектебіммен қоштасу қиынға соқты. Әсіресе, мектебімізде өткен «Қош бол, алтын ұя!» атты шарадан кейін үлкен толқыныс үстінде болдым. Ұлттық бірыңғай тестілеуден 124 балл жинадым. Болашақта Алматыдағы Абылайхан атындағы шет тілдер университетіне оқуға түскім келеді. Абай алаңында өткен мектеппен қоштасу рәсімінде облыс басшысы Нұрлан Асқарұлымен бірге Абай ескерткішінің алдына гүл шоқтарын қойған кезде қатты қуандым.


Айсұлу МҰРАТ,

облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатының түлегі, «Алтын белгі» иегері:

— ҰБТ-дан 123 балл жинадым. Дүниежүзі тарихы пәнін таңдадым. Болашақта Еуразия ұлттық университетінің құқықтану мамандығына оқуға түскім келеді. Біздің жетістігіміз, ең бірінші, ұстаздарымыздың қажырлы еңбегінің арқасы. Біздің жоғары жетістікке жетуіміз үшін талап қойып, білім алу жолында еңбекқорлыққа жетелеген мектеп басшысы Нәсіпқали Дәулетов ағайға, ұстаздарымызға алғысымыз зор. Мектеппен қоштасу сәтінде мен ғана емес, барлық түлек қобалжу үстінде болды. Үлкен өмір есігін ашар сәтте достарыңды, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарды қимайды екенсің.


Ақмаржан БЕКЖАН,

№ 36 жалпы орта білім беретін мектебінің түлегі,

«Алтын белгі» иегері:

— Облыс әкімінің қолынан “Алтын белгімді” алу мен үшін есте қаларлық маңызды сәт болды. Болашақта медицина саласында қызмет еткім келеді. Еңбек еткен адам жоғары нәтижеге қол жеткізе алады. Сондықтан болашақта өз мамандығымның кәсіби білгірі атану үшін үлкен мақсаттар жолында еңбектенетін боламын. Қалалық №36 жалпы орта білім беретін мектебінен 1-сыныптан бастап білім алдым. Қалалық, облыстық, республикалық білім жарыстарында да бақ сынадым. Он бір жыл бойы білім берген ұстаздарыма алғысым шексіз.


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар