25.06.2015, 7:06
Қараулар: 677
Шыңғырлауда ШЫРАЙЛЫ ІСТЕР БАР

Шыңғырлауда ШЫРАЙЛЫ ІСТЕР БАР

IMG_1680


Кеше Шыңғырлау ауданында облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалық етуімен «Инвестиция тарту — экономиканың даму жолы» тақырыбында облыстық семинар өтті. Семинарға облыстың барлық аудандарының әкімдері, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшылары, сала жетекшілері, несие ұйымдарының өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.


Өңір басшысы ең әуелі Ақсай-Шыңғырлау бағытындағы тас жолдың күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл жолды күрделі жөндеуге 2014 жылы республикалық бюджеттен 1 млрд. 295 млн. теңге қаражат бөлініп, игерілген болатын. Осы жылы да оған 237 млн. 769 мың теңге қаражат қаралып, күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда.

— Жол жөндеу жұмыстарын барымызша сапалы да қарқынды жүргізіп, белгіленген уақытынан бұрын аяқтауға тырысып жатырмыз. Жол жөндеуге 60 шақты жұмысшы тартылса, соның 40 пайызы – жергілікті тұрғындар. Жалақыларын да уақтылы төлеп келеміз. Жергілікті басшылық та әрдайым қолдау көрсетуде. Бұдан әрі де қаражат бөлінсе, тас жолды белгіленген межеге дейін жеткізуге дайынбыз, — деді жол жөндеу жұмыстарының мердігері «Қостанай жолдары» АҚ директоры Николай Щербенко.

Облыс әкімі мердігер компания басшысы мен техникалық бақылаушыға тас жолдың жоғары сапамен төселіп, халық игілігіне ұзағырақ қызмет жасауын басты назарда ұстауды тапсырды.

Бұдан соң өңір басшысы аудан орталығында болып, «Нұр Отан» партиясы ғимаратында аудан ақсақалдарымен кездесті.

— Бүгін өздеріңізбен кездесіп, емен-жарқын әңгіме құрудың сәті түсіп отыр. Бұндағы басты мақсатым – сіздердің қал-жағдайыңызды біліп, мұң-мұқтаждарың болса, соларды тыңдап, өз жұмыс жоспарыма енгізу. Өздеріңізге белгілі, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен облысымызда бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда. Аудандарыңызда да осындай игі істер жасалып жатқандығын көріп жүрсіздер. Бүгінде елдеріңіз көгілдір отын, электр жарығы, ауыз су, техникалық сумен қамтылды. Облыс орталығымен қатынайтын тас жол мәселесі де жақын жылдары толықтай шешімін таппақ. Осындай игі шаралардың атқарылуына ауыл ақсақалдары, яғни өздеріңіз ұйытқы болып келесіздер. Сол үшін сіздерге зор алғыс айтамын, — деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев.

Кездесу жиынында сөз алған соғыс ардагерлері Сүйеу Ығылманов, Андрей Рудь, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабырғали Самиев бастаған бір топ ардагерлер облыс басшысына ризашылықтарын білдіріп, еңбегіне жеміс тіледі.

Одан әрі облыс әкімі Шыңғырлау ауылында салынып жатқан 290 орындық балабақша құрылысымен танысты. Оның құрылысын «АлТим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылыстың жалпы сметалық құны 541 млн. 203 мың теңгені құрап, салу мерзімі 9 айға жоспарланып отыр. Аудан әкімі Алдияр Халеловтың айтуынша, құрылыс жұмысына қажетті материалдарды,  құрал-жабдықтарды, адам күшін мүмкіндігінше аудан көлемінен тарту басты назарда ұсталуда.

Аудандық мешітке ат басын тіреген өңір басшысы жиналғандарды қасиетті Рамазан айымен құттықтап, ораза ұстаушыларға қабыл болсын айтты. Сонымен қатар осы жылдың сәуір айында аудандық мешітке бас имам болып тағайындалған Ерденбек Ихсановтың қызметіне жеміс тілеп, компьютер сыйға тартты.

Кеште облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аудан орталығындағы орталық саябақта өткен мерекелік концертке қатысып, мемлекеттік қызметкерлер мен тәртіп сақшыларын төл мерекелерімен құттықтады.

Семинар жұмысы Ащысай ауылдық округіндегі «Ғайни» шаруа қожалығында одан әрі жалғасты. Қожалық жетекшісі Жасқайрат Айсиев үстіміздегі жылы мемлекеттің орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі көмегін пайдалана отырып, екі жобаны жүзеге асырды. Оның біреуі — жалпы қуаты 20 кВт болатын жел мен күннің қуатын пайдалану, екіншісі — 2,5 мың басқа арналған құс фермасын ашу. Семинарға қатысушылар осынау нысандарды аралап көрді. Ж. Айсиев өзінің шаруашылығы жөнінде егжей-тегжейлі әңгімелеп берді. Семинарға қатысушылардың назарына шаруа қожалығының өндірістік базасының макеті ұсынылды. Онда қазір салынып пайдалануға берілген 120 бас сиырға арналған қора, құс фермасы, монша мен ас үй, кеңсе-офис, оқу орталығы, сондай-ақ болашақта салынуы жоспарланған меринос тұқымды қойға арналған база, алма бағы және тіпті тікұшақ ұшып-қонатын алаң жайында әңгімеленді. Жасқайраттың сөзінше, тікұшақты шаруашылықтың мұқтажына пайдалану мүмкіндігі жақын болашақта тууы мүмкін. «Ғайни» шаруа қожалығы базасында Шыңғырлау колледжінің студенттерінің практикалық оқу-жаттығуы ұйымдастырылып жүр. Бұл туралы семинар қонақтарына колледж директоры С. Жұмағұлов әңгімелеп берді. «ҚазАгроҚаржы» АҚ облыстық филиалының директоры Т. Меңдіоразов кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау жолдары жайында әңгімеледі, «Стройкон-салтинг» ЖШС директоры К. Кәрімов қуаттың баламалы көздері жайындағы ұсыныстарын баяндады.

Одан әрі семинарға қатысушылар Жұмалиевтердің меншігі болып табылатын «Тёща» супермаркетінде және Камзаевтың иелігіндегі «АкРам» ойын-сауық кешенінде болып, олардың жұмыс жағдайларымен танысты. Облыс әкімі бұл нысандардың өзіне келушілерге қызмет көрсету мүмкіндігін, олардағы жаңа жұмыс орындарын ашу деңгейін жоғары бағалап, осындай нысандарды облысымыздың басқа аудандарында да салу қажеттігіне тоқталды.

Семинар аудандық мәдениет үйінде жалғасып, жиналғандар алдында Шыңғырлау ауданының әкімі А. Халелов, БҚО бойынша кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы А. Жақыпов, «Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ директоры Е. Иденов сөз сөйледі.

– Қазір мемлекетіміз шағын және орта бизнесті қолдау жөнінде баға жетпес шаралар мен көмектер көрсетіп олар тиімді пайдалануда. Дегенмен әлі де мүмкіндіктер мол, біз оларды пайдалануымыз керек. Біз бүгін Шыңғырлау ауданында кәсіпкерлікті қолдауда тиімді шаралар қолға алынып жатқандығына көзіміз жетті. Аудан әкімі тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы бағытта біздер шағын және орта кәсіпкерлікті тек қана ауданда ғана емес, сонымен қатар облыс көлемінде де дамытудың жолдарын талқыладық. Бұл саладағы кез келген мәселе шешімін табуы тиіс. Бүгінде кәсіпкерлерді қолдау орталығы, қызмет көрсету орталығы жұмыс істеп жатыр және ол жұмыстар одан әрі жалғаса беруі керек, – деді облыс әкімі Нұрлан Асқарұлы семинар жұмысын қорытындылаған сөзінде.

Ол сондай-ақ кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны көбейсе, мемлекетімізге де одан сайын жақсы бола түсетінін, ол үшін ең бастысы тұрғындар тарапынан көмек-қолдау қажеттігін қадап айтты.

Одан әрі облыс әкімі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту үрдісіне халықтың бұрынғыдан да белсенді қатысып, жанұяларының әл-ауқатын, облысымыздың экономикасын өркендете түсуге  мол үлес қосуға шақырды.

Нұрбек  ОРАЗАЕВ,

«Орал  өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар