2.07.2015, 7:03
Қараулар: 71
Жұмысты жандандыру жүктелді

Жұмысты жандандыру жүктелді

index


«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық кеңестің және партиялық бақылау комиссиясының біріккен мәжілісінде партияның Теректі аудандық филиалының  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының орындалу барысы тыңдалды.


Екі қоғамдық кеңестің біріккен жиынын ашқан партияның облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы Асхат Иманғалиев қоғамдық кеңестің отырыстары «Нұр Отан» партиясының орталық ұйымы бекіткен кестеге сай жоспарлы өткізілетінін, мәжілістерде көтерілген мәселелер жетекші партияның басшылығының назарында болатынын атап көрсетті. Сондай-ақ партияның облыстық филиалы басшылығының келісімі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасының екі орынбасары болатынына тоқталды. Бұған дейін төрағаның орынбасары Әкімгерей Серғалин ғана болып келсе, енді кеңес мүшелерінің келісімімен және бір орынбасар болып Бауыржан Атауов бекітілді.

Күн тәртібіндегі «Нұр Отан» партиясының Теректі аудандық филиалында партияның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының орындалу барысы туралы» мәселе бойынша партияның Теректі аудандық филиалының төрағасы, аталмыш ауданның әкімі Жеңіс Серікқалиев баяндады. Партияның 2015-2025 жылдарға қабылданған сыбайлас жемқорлықпен күрес стратегиясының мақсаты мемлекеттің жемқорлыққа қарсы саясатының тиімділігін арттыру, оның кез келген көрінісіне «мүлдем төзбеушілік» ахуалын қалыптастыру арқылы қоғамның барлық топтарын тарту болып табылады. Соған орай баяндамашы аудандық партия филиалының жанынан құрылған жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық  кеңесінің атқарған жұмысымен,  партияның аудандық филиалының сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған нақты шараларымен таныстырды.  Филиалдың қоғамдық қабылдау бөлмесінде, ауылдық округтерде көшпелі түрде  құқық қорғау органдарының қатысуымен сыбайлас жемқорлық мәселесі бойынша азаматтарды қабылдау  ұйымдастырылуда.

— Мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлық көріністері азаматтардың мемлекеттік билікке деген сеніміне нұқсан келтіреді. Сондықтан партия мүшелерінің жемқорлыққа жол бермеуіне қатаң қараймыз. Өткен 2014 жылы партия мүшесі И. Нұрғалиев (аудандық СЭС-тің басшысы болған) осындай бұзушылық үшін партия қатарынан шығарылды. Сонымен қатар партияның 5 мүшесіне қатаң сөгіс жарияланды, — деді Жеңіс Серікқалиев. Оның айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу шараларында қайталануды болдырмау мақсатында отырыстарды аудан әкімі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясымен бірлесіп өткізу қолға алынған. Биылдың өзінде екі біріккен отырыс өткізілген. Алайда ауданда қоғамның дертімен күресте нәтижелермен қатар кемшіліктер де ұшырасады. Өткен жылы аудан прокурорының ұсынысымен сыбайлас жемқорлыққа байланысты 10 лауазым иелері жазаға тартылған. Биылғы жартыжылдықта сыбайлас жемқорлық бойынша жауапкершілікке тарту фактілері болмаған.

Ж. Серікқалиевтің айтуынша, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтардың басым көпшілігі мемлекеттік мекеме, аудан әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің «Мемлекеттік сатып алу туралы» заң талаптарын толық білмеуінен туындайды. Статистика бойынша сыбайлас жемқорлықтың 43 пайызы осы бөлімшелерде орын алған. Соған орай  заңнамаларды оқытатын семинар-тренингтер өткізу көзделуде.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Мәлік Құлшар Теректі ауданының білім саласындағы болған оқиға жөнінде бұқаралық ақпарат құралдарында көрініс тауып, қоғамда теріс пікір қалыптастырып отырғанына қынжылды. «Тергеу амалдары жүргізілетін шығар, партия мүшелері ретінде олардың партиялық талапқа сәйкестігін қарау керек. Екіншіден, білім саласында ондай олқылықтар жоқ болса, партия филиалының төрағасы ретінде өзіңіздің немесе төрағаның орынбасарының газет беттерінде үн қатқандарыңыз жөн деп есептеймін. Өйткені қоғамда Теректі ауданындағы білім саласы қызметкерлерінің арасында сондай мәселе «жаппай» деген пікір қалыптасуда. Бұған партиялық талапқа сай баға берілуі керек»,- деді Мәлік Құлшар.

Екі қоғамдық кеңестің мүшелерінің ой-пікірлері сыбайлас жемқорлыққа қатысты алдын алу шараларына көңіл бөлу қажеттігіне тоқайласты. Аманқос Жұбаныштың айтуынша, зейнеткерлік жасына жақындаған мамандардың орнын алмастыратын кадрларды даярлау мәселесі ұмыт қалмауы тиіс. Теректі ауданының білім саласының басшылығына қатысты жағдай осындай кадр саясатындағы олқылықтарды көрсетеді. Асхат Иманғалиевтің айтуынша, ауданда жұмыс мүлдем жүргізілмей отыр деуге болмайды, жасалған жұмыстар да, сондай-ақ ширататын тұстар да баршылық.

Біріккен мәжілісте партияның аудандық филиалының сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жою жөніндегі қам-қарекеті әлі де жеткіліксіз, сол себепті осы бағыттағы жұмысты жандандыру қажет екендігі, партияның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа арналған бағдарламасын орындау барысынширату керектігі баса айтылды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


Жаңалықтар

Басқа да мақалалар