14.11.2015, 9:15
Қараулар: 6
Қарыз-қайтару парыз

Қарыз-қайтару парыз

IMG_3301Жаңақала ауданында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының екінші бағыты – ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында Орал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы арқылы 57 несие серіктестігі құрылып, 700 млн. қаржы алған. Ағымдағы жылдың наурызынан бастап, 2017 жылға дейін жалғасатын қайтару ісі 2017 жылдың мамырына дейін жүргізілмек. Алайда, борышкерлердің бірқатары кестеге сай қимыл танытпауда. Бұл туралы 6 қараша күні «Нұр Отан» партиясының Жаңақала аудандық филиалының мәжіліс залында өткен келелі кеңесте кеңінен сөз болды. Жиынға Орал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясының заңгері Алтынбек Керешев, Жаңақала аудандық сот актілерін орындау бойынша аудандық сот орындаушысы М.Байтеміров және кәсіпкерлер қатысты.
Жиында аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Аслан Оразалиев ашып, 2012 жылы құрылған несие серіктестерінің жұмысына тоқталды. 2012 жылы бағдарламаның 2-ші бағыты «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу» бағыты бойынша ауданда 57 несие серіктестігі құрылып, 197 мүшесімен 382, 8 млн. теңге шағын несие алған. 46 несие серіктестігі 160 адам мал шаруашылығына 295 ,8 млн. теңгеге 791 бас ірі қара мал, 4204 бас қой, 107 жылқы малдарын алған болатын. Алайда осы несие серіктестіктері 18 ай жеңілдік кезеңі де аяқталып, негізгі борыш төлеу басталғанмен «Орал» ӘКК ҰК» АҚ-ның мәліметіне сәйкес 2015 жылдың 30 қыркүйегіне 48 несие серіктестігінің бережақ сомасы 104 186 300 теңге құрап отыр. Соның ішінен 5 несие серіктестіктерінің құжаттары сотқа қаралып, толық қаражатты кері қайтауға сот орындаушысымен бірлесіп жұмыстануға кірісті. Олар Сағит Құспановтың «Бакайсат», Дастан Мирмановтың «Ислам-МММ», Иманғазы Лесовтің «Лесов И.Р», Шакрат Жағыпаровтың «Шакрат-Ж», Индира Уразованың «Ясмина» серіктестері. Сонымен қатар тағы 25 несие серіктестігінің құжаттары сотқа жолданды. Олардың қатарында Қызылоба ауылдық округіне қарасты «Ағайын», «Адай Мансұр», «Арсен-06», «Ерген-10», «Қабыршақты», «Нұрберік-98», «СанатК», Пятимар ауылдық округінен «Әділет А», «Ержан К», «Жандос Ж», Жаңақала ауылдық округі бойынша «2012», «Айхат», «Әлімғали», «Ажкен», «Береке», «Ильхат», «Жанғали шебер», «Нұрахмет» Маштексай ауылдық округі бойынша «Балқурай», «Жұбан», Көпжасардан «Ақниет», «Болашақ Ж», «Сигма», Жаңақазаннан «Ислам», Жаңажолдан «Қамбар» несие серіктестері бар.
Әр округтегі борышкерлерді атаған Аслан Қанатұлы несиенің қайырымдылық қаржысы емес, 18-20 айға берілген қарыз ақша екенін, қарызды қайтару парыз екенін түсіндіріп, сот шешімі шыққан борышкерлердің мүліктерін көп кешікпей сот орындаушысымен тәркілеуге шығатынын қатаң ескертті.
-Біз борышкерлердің мәселесін түсіндіріп, аталмыш компанияға талай мәрте хат жолдадық. Алайда екі жыл үзіліспен берілген үкімет несиесінің жеңілдігі болмады. Ендігі міндет тек қана қарыз өтеу. Басқа жол жоқ. Қарызын уақтылы өтемегендерге өсім қосылып, заң тұрғысынан шешіледі. Көрші аудандардағы өздеріңіздей несие серіктестестері қарыздарын өтеп жатқанда сіздердікі нешік!?,-деді Аслан Қанатұлы.
Одан кейін сөз алған Орал әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясының заңгері Алтынбек Керешев қарызды заңдық тұрғыдан қайтару жолдарын түсіндіре келіп:
-2012 жылы несие алушылардан кепілдік мүлік сұралмағанымен серіктестікпен жасалған шартта ынтымақтастық, жауапкершілік, яғни серіктестік мүшелерінің бірі үшін бәрі жауап беретіні көрсетілген. Бұл-төлеу қабілеті жоқ мүшенің берешегін қалған мүшелер бөлісіп көтереді деген сөз. Егер іс насырға шапса, серіктестіктегі отбасы мүшелерінің есепшоттарына да тоқтау қойылып, дүние-мүлкі тәркіленеді және шетелге шығауға тыйым салынады,-деді. Сонымен қатар ол «көктемде мал арық, ертең семіргесін тапсырып, қарызымды өтеймін» деп созбалап, өсім пайызын көбейтіп алғандар көбейгенін айтып, мал бағасының түсіп кеткені сылтау болмайтынын ескертті.
Ал аудандық сот орындаушысы М.Байтеміров қарызын қайтармаған борышкердердің барлық мүмкіндігіне шектеу қойылатынын (шетелге шығуға, жүргізіушілік құқықығынан айыру, тағы басқа), дүние-мүлкі толықтай тәркілетінін тәптіштеп түсіндірді.
Жиын соңында кәсіпкерлер өздерін толғандырған ортақ мәселелерін айтып, берешек несие серіктестерімен жеке-жеке әңгімелесу ұйымдастырылды.