16.11.2015, 18:38
Қараулар: 443
Іскерлік байланыс жарасым табуда

Іскерлік байланыс жарасым табуда

IMG_5408Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев еліміз дамыған өркениетті мемлекеттермен үзеңгілес ұлтанды ұлтқа айналуы үшін бәсекеге қабілетті жағдайға жету керектігін атап айтқан еді.
Жергілікті жағдайда бұл міндетті орындау өндіріс сапасын жетілдіруге, ол үшін өркениетті елдердің озық технологиясын меңгеру, көршілес аудандармен іскерлік байланыста болып, олардың озық тәжірибесінен үйрену, бірлесе жұмыс жүргізуге де байланысты.
Жаңақала ауданының негізгі өндірісі – мал шаруашылығы. Сондықтан мал тұқымын асылдандыру, шетелдік селекциядан өнімі сапалы мал әкеліп, оны жерсіндіріп, өсіру жұмыстары соңғы жылдары қолға алынып, осы мақсаттағы мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс жүргізу жүйелі жалғасып, өз нәтижесін бере бастағаны да белгілі.
Енді көршілес аудандармен тәжірибе алмасу, жақсысын үйрену, бірлесе жұмыс жүргізу үшін Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов күзгі жиым-терім аяқталып, арқаны сәл кеңге салар кез – қазан айының басында Атырау облысының көршілес Индер, Исатай және өз облысымыздың Бөкейордасы аудандарының өкілдерін шақырып, аудан өндірісін таныстырып, ортақ мәселелерді бірлесе жүргізу бағытында келелі кеңес өткізіп, төрт аудан басшылары бірлесе жұмыс жасар меморандумға қол қойған болатын.
Бұл бастаманы құп алған Исатай ауданының әкімдігі қараша айының 13 күні меморандумға қол қойған үш аудан өкілдерін өз ауылдарына шақырып, өндірістерін таныстыруға, қолға алған істі аяқсыз қалдырмауға пейіл білдірді.
Күзгі жауын жолдарынан қалдырған Бөкейордасы бара алмады да, Индер мен Жаңақала ауданының өкілдері Исатай ауданында болып, өндіріс ошақтарымен, экономикасымен, ел жағдайымен танысып қайтты.
Осы топ құрамында болғандықтан Исатай батыр мен Махамбет ақынның ат тұяғы тиген, алты алашқа белгілі Хамит пен Фариза ақындардың кіндік қаны тамған, қазақтың күй қағаны атанған Рысбай мен Әзидолланың, Айгүл күйшілер түлеп ұшқан киелі мекен, қазыналы өлке – Исатай ауданынан көргеніміз де, ойға түйгеніміз де, үйренеріміз де аз болған жоқ.
Әрине, танысу өндіріс орындары – мұнай құбырларын жөндеу, мұнайды жинақтап, ілеспе өнімдерден айыру, айдау, аудандағы әлеуметтік нысандар – 250 орындық аурухана, аудандық мұражай, 620 орындық жасанды көк төселген стадион, 250 орындық аудандық мешіт, демеушілікпен салынған жобалық құны 670 млн. теңге, 300 орындық мәдениет үйі, сауда орталығын аралаудан басталды. Ақын Хамит Ерғалиев ауылындағы Қазақстанның халық артисі, күй қағаны Рысбай Ғабдиев атындағы саябақты ашуға қатыстық.
Жалпы 7 ауылдық округі бар ауданда 16 елді мекен, 27527 халық тұрады екен. Жер аумағы 1478 шаршы километр.
Аудан аумағынан «Атырау-Астрахань» теміржолы, «Атырау-Астрахань» автомобиль жол, «Қиғаш-Атырау-Өзен» су құбыры, Солтүстік Кавказ-Мақат магистралды газ құбыры өтеді.
Ауданның негізгі өндірісі — мұнай өндіру және мал шаруашылығы.
Негізгі байлығы мұнай болғандықтан мал шаруашылығы салыстырмалы түрде алғанда сәл кенжелеу дамып келеді екен. Күні бүгін бұл ауданда 14931 бас сиыр, 38203 бас қой мен ешкі, 12554 бас жылқы, 7196 бас түйе малы қысқа кіріпті. «Агронесие корпорациясы» АҚ-нан 142 млн. теңге несие алып, мал тұқымын асылдандыру жұмыстарын жүргізуде.
Бізді қызықтырғаны — халқы бізден 3527 адамға ғана артық ауданның жылдық бюджеті 4-4,5 млрд. теңгені құрайды (бізден 2-2,5 есе көп).
Осындай қаржы болғасын да болар, тұрғын үй салу қарқыны қызықтырды. Тек биылдың өзінде дәрігерлер үшін екі пәтрлік бір үй, аудан орталығынан 10 үй және көп қабатты 60 пәтерлік бір үй салынып, пайдалануға берілсе, тағы бір 60 пәтерлік тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзір тұр. Құптарлық жұмыс. Бұған мүмкіндік беріп отырған мұнай газ өндірісі екені де даусыз.
Бұл ауданда мұнай, газ өндірумен «ЖайықМұнайГаз» мұнай, газ өндіру басқармасы, «Сазанқұрақ» ЖШС, «Потенциал Ойл», ЖШС және «Прикаспиан Петролеум» ЖШС-і жұмыс жасайды. Өнеркәсіп өнімдерінің көлемі 73 млрд. 806 млн. теңгені құрайды. Жылына орта есеппен 1 млн. тонна мұнай мен 25 млн. тонна леспе газ өндіреді. «Ембімұнайгаз» АҚ өндіретін мұнайдың 34 пайызын осы аудан беріп отыр.
Сондықтан да биыл аудан бойынша негізгі қорға 16 млрд. 742 млн. теңге инвестиция жұмсаса, құрылысқа 2 млрд. 331 млн. теңге қаржы бөлініпті.
Бұл ауданның бізден тағы бір артықшылығы — елді мекендердегі әлеуметтік мәселелерді шешуге ірі компаниялардың демеушілік етуі. Биылдың өзінде «Теңізшевройл» компаниясы «Игілік» бағдарламасымен 400 орындық заманауи жабдықталған мәдениет үйін салып беріпті.
«Каспий Тұрбақұбырлары Консорциум» АҚ-ның демеушілігімен 160 орындық балабақша құрылысы, Х.Ерғалиев ауылында «ҚазМұнайГаз» компаниясының демеушілік қаржысымен 100 орындық балабақша салынуда.
«Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша таза сумен қамту 97,7 пайызға, аудан елді мекендерін табиғи газбен қамту 96 пайызға жеткен. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша шалғайда қоныстанған малшыларына 19 күн және жел қуатымен электр энергиясын өндіретін генераторлар орнатылып берілген.
Балық аулау өндірісі де қайта жандана бастаған.
Күні бүгін үш ірі инвестициялық жобаға жер беріп отыр. Олардың бірі — жобалық құны 17 561 100 мың теңге болатын ілеспе газды табиғи газға айналдыру зауыты. Екіншісі – жобалық құны 4,8 млрд. теңге болатын электр энергиясын өндіретін желдік қондырғылар салу болса, үшіншісі — жобалық құны 650 млн. теңге мұнай және резина, пластик қалдықтарын өңдейтін зауыт екен.
Бұл жобалар жүзеге асқанда ауданның жағдайы қарыштап жақсара түседі. Оларды көргенде «Шіркін-ай, жерасты байлығының игілігін көрген Исатай ауданындағы қаржылық жағдай бізде де болса» деп армандадық. Ауданымыздың басқа тартса аяққа жетпейтін көрпедей тапшы бюджетін ойлап қамықтық.
Қысқасы, сапарлап барған Атырау облысының Исатай ауданынан көргеніміз де, көңілге түйгеніміз де көп, ауылға біраз ой арқалап оралдық.
Жылдық бюджеті биыл 5-5,5 млрд. теңге, өткен жылдары 7 млрд. теңгеге дейін жеткен индерліктер де алдағы жылдың сәуір айында өндірісімен танысуға шақырды.
«Көршің кілем алса қуан, бір шетіне өзің отырасың» деген, көршілердің келісті тірлігіне қуанып қарадық, қонақжай азаматтармен қиыспай тарадық.
Біздің ауданның бар сенері – мал шаруашылығы. Онымен бұл көршілерімізбен үзеңгі қағыстыру үшін атанға жүк болар ауқымды да ауыр жұмыстар тұрғанын ішіміз сезіп отырды. Тек, ынтымақ, бірлігімізден, берекелі тірлігімізден айырмасын дейік те.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.