23.11.2015, 10:45
Қараулар: 95
Селолық тұтыну кооперативіне кіргендер ұтылмайды

Селолық тұтыну кооперативіне кіргендер ұтылмайды


Жаңақала ауданы тек өнерге ғана емес, төрт-түлік малға да кенде болмаған өлке. Бүгін таңда шаруа қожалықтарымен қатар жеке тұрғындардың қолында да ірі қара малы аз емес екені рас. Малдың бәсі түскенімен, басы кемімеді. Ауыл шаруашылығын дамыту, тауарлы ірі қара малын асылдандыру сипатындағы тірлік дәл бүгін ең маңызды мәселе болып отыр. Осы түйінді шешудің бірден-бір жолы аталған заңға сәйкес, селолық тұтыну кооперативін (СТК) құру керек. Бұл заңды тұлға ретінде әділет департаментіне тіркеледі. Кәдімгі шаруа қожалығынан айырмашылығы жоқ десе де болады. Қазір біздің ауданда былтырғы жылы 1 СТК құрылды. Басшысы болып Сапар Тілеуғалиев тағайындалды. Құрамына аудан бойынша 201 тұлға, 1350 бас аналық сиырымен мүшелікке енген. Соңғы жылдары Елбасы ауыл шаруашылығына, соның ішінде мал шаруашылғына көңіл бөліп, қолдау көрсетіп келгенін білесіздер. «Мал баққанға бітеді» демекші бұған дейін шаруа қожалықтарына ғана беріліп келген демеуқаржыны ендігі күні осы кооператив арқылы жеке иелегінде азды-көпті ірі-қара мал ұстайтын қарапайым тұрғындардың да алуына оңтайлы мүмкіндік туып отыр. Әр адам өз еркімен мүше бола алады. Оған ешкім кір деп те, шық деп те қыстамайды.
Селолық тұтыну кооперативінің басты мақсаты жекенің ірі қара малын асылдандыру. Бұл қайдан шыққан батпан құйрық демеңіздер. Үкімет тарапынан қолдау тауып, келешекте қарапайым халыққа үлкен көмек болғалы тұр. Биылғы жылы осы құрылған СТК бөлінген қаржыға кооперативке мүше болғандардың малын асылдандыру үшін 45 асылтұқымды бұқа сатып алынды. Бұл жыл сайын сатып алынады деген сөз емес. Үкімет тарапынан кооперативтегі әр бас аналыққа 18 мың теңге көлемінде демеуқаржы бөлінген. Сондай-ақ әр 30 бас аналыққа сатып алған 1 бас асылтұқымды бұқа үшін 154 мың теңге қайтарусыз демеу қаржыны және төлейді. Биыл бөлінген қаржының дені аталық мал алуға жұмсалып, қалған қаржыға мүшелікке енген тұрғындардың әр бас аналық малына 3 қап тегін жем берілсе, болашақта басқа да көмектер ұйымдастырылады. Мәселен, биыл Жәнібек ауданында 750 аналық басы бар СТК құрылған. Енді олар Үкімет берген қаржының барлық қажеттіліктері өтелген бөлігіне, аудан орталығына қатынау үшін Уаз автокөлігін сатып алмақ (Орал өңірі, 22.10.2015). Осындай артылған қаражатқа біздің ауданда да мүшелікке енген жергілікті тұрғындар үшін тиімді шаруалар атқарылмақ. Малдың қысқы азығымен қамтамасыз ету де алдағы жылдары қолға алынуы ықтимал. Мемлекет есебінен тегін түрде ветеринарлық шараларда атқарылады. Бұл біздің білгеніміз. Осы іске жауапты жергілікті мекеме басшылары әлі де халыққа түсіндіру шараларын жүргізеді. Қысқасы, селолық тұтыну кооперативіне мүшелікке кірген тұрғындар ұтпаса, ұтылмайды.

Ауылшаруашылық

Басқа да мақалалар