1.12.2015, 9:48
Қараулар: 8
Елбасы-елдің тірегі

Елбасы-елдің тірегі

iCngbT_9lVAШүкір, қазір абыройымыз асқақтап, мәртебеміз биіктеп, көк туымыз желбіреп әлем таныған елдердің санатына еніп отырмыз.
Кезінде бар байлығын ортақ қазынаға құйып, Кеңестік державаның көлеңкесінде қала берген қазақ жұртын бұл күндері төрткүл дүние танып, мойындады.
Бұл, әрине, Тұңғыш Президентіміз, ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың салиқалы саясатының, ұзақ жылғы жанқиярлық еңбегінің жемісі.
«Тарихты тұлғалар жасайды» деген қанатты сөз бар. Шын мәнінде Нұрсұлтан Әбішұлы ширек ғасырдың ішінде тәуелсіз мемлекетіміздің тұтас бір тарихын қалыптастырды.
Елбасымыздың ерен еңбегі – тәуелсіздігімізді ешқандай дау-дамайсыз, қантөгіссіз бейбіт жолмен алуы болды.
Одан кейін ядролық қарудан бас тартқан Елбасымыз алып державалардың Қазақстанға тиіспейміз деген келісімін шартты түрде алды. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының жас мемлекетімізге өзге жұрттардың сенімін арттырған батыл бастамасы болды. Осыдан соң ең қуатты мемлекеттер елімізге инвестицияларын алаңсыз салып, экономикамыздың өрлеуіне ерекше ықпалдарын тигізді.
Елбасымыздың табанды ұсынысымен Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болып, халықаралық байланыс желісінде биік сатыға көтерілді.
Елбасымыздың қорғаныс қуатын нығайтудағы еңбегін де көпұлтты халқымыз лайықты бағалауда.
Құрлықтағы, әуедегі қарулы күштерді құру өз алдына, әскери теңіз флотын елімізде тұңғыш рет дүниеге әкелген де Елбасымыз болатын.
Қазір Қазақстан ғарышты игерген Орта Азиядағы бірден-бір мемлекет болып отыр.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Нұрсұлтан Әбішұлы көрші елдермен арадағы шекараны шартты түрде бекітіп, елімізді ресми түрде егемен елге айналдырды. Бұл – тарихи еңбек.
Қазір әлемдегі сұңғыла саясаткерлер, көрнекті қайраткерлер Нұрсұлтан Назарбаевты өз ұлтының тарихын қалыптастырған І Петр, Мұстафа Кемал Ататүрік, Махатма Ганди, Мао Цзэдун, Уинстон Черчилль, Джордж Вашингтон сияқты ұлы тұлғалармен шендестіреді екен. Ендеше, бұл — көпұлтты халқымыздың, қала берді, қазақтың бақыты.
Орыстың ұлы жазушысы С.Михалков «Нұрсұлтан Назарбаев — данышпан» деп баға берсе, белгілі саясаткер Г.Зюганов «Назарбаев – кемел ойлы кемеңгер» деген екен.
Дербес мемлекетіміздің бірден-бір көрінісі – Ата заңымыз, төл теңгеміз, Елтаңбамыз, Әнұранымыз да Елбасымыздың өзінің тікелей араласуымен қабылданды. Ал жас мемлекетіміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына, Шанхай ынтымақтастық ұйымы және ЮНЕСКО, басқа да беделді ұйымдарға мүше болуы оның халықаралық деңгейде беделінің аса жоғары екенін көрсетеді.
Бұл күндері Алтай мен Атыраудың арасындағы ұлан-байтақ жерімізді 130-дан астам ұлттар мен ұлыстар мекендейді.
«Көпұлттылық – біздің байлығымыз» дейді Елбасымыз.
Осыншама ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына топтастыруды Елбасымыз өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарында-ақ қолға алған болатын.
Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы өткізілген Қазақстан халқының тұңғыш форумында ұлтаралық қатынастарды ретке келтіретін институт құру жөнінде ұсынысын айтқан болатын. Президенттің асыл арманы көп ұзамай жүзеге асып, бастамасында Президент жанынан консультативтік-кеңесші орган, кейін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Қазақстанды мекендейтін туысқан халықтардың еркін білдіріп, олардың әдеп-ғұрыптарын, салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен өнерін өркендететін бұл институт қазір барлық ұлттардың ортақ үйіне айналды. Күн сәулетті Қазақстанды мекендейтін көпұлтты халқымыз осынау сәулетті де дәулетті шаңырақ астында бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай болып тату-тәтті өмір сүруде.
Тәуелсіздік жылдарында Елбасымыз жүргізген сан қырлы реформалардың қай-қайсысы да еліміздің әлеуеттік қуатын арттырып, экономикасын нығайтып келеді.
Алдағы жылдан бастап Елбасымыз ұсынған «100 нақты қадам» атты стратегиялық жоспары да еліміздің жарқын болашағына жол ашатын болады.
Осыдан жиырма жыл бұрын академик-жазушы Зейнолла Қабдолов «Бүкіл ел болып, исі қазақ болып, азат қазақ мемлекетін мекендеген барлық ұлт болып заманды Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев билейді-деп сендік те шештік.
Біздің сол сеніміміз бен шешіміміз айнымасқа керек. Сенгеніміз айнытпасқа керек» деп халықты алауыздыққа бармай Елбасымыздың жанына топтасуға шақырған болатын.
Академиктің айтқаны айнымай келді. Арада жиырма жыл өткенде Тұңғыш Президентіміз елді Ұлы Дала еліне айналдырды.
Ендігі тілегіміз халқымыздың басынан бағы таймай, ұзақ та ұлы сапарда көші аумай, Мәңгілік елдің ертеңі әрдайым жарқын болғай.
Тұңғыш Президент күні мерекесі құтты болсын, ағайын!