1.12.2015, 10:28
Қараулар: 106
Елбасының көрегенді саясатына ризамыз

Елбасының көрегенді саясатына ризамыз

94Құмарғали Қайыржанов

«Ленин» орденінің иегері, зейнеткер.
Жаңа қатерлер мен тың мүмкіндіктер қатар өрбіген жақандық жағдайда Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халқына 2016 жылға арнап «Қазақстан жаңа жақандық нақты ахуалда: өсім, реформалау, даму » атты Жолдауын жолдады.
«Ел тәуелсіздігіне 25 жыл толады. Бүгінгі ахуал жетістігімізді сынға салып, елдігімізді шыңдай түседі. Мақсатымыз- Қазақстанды Мәңгілік ел ету, әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу » деп сөз бастаған Елбасы әлемдік дағдарыс бізге қиындық тудырып қана қоймай, жаңа мүмкіндіктердің ашылуына жағдай жасайтынын ашып айтты.
Елбасы бүгінгі Жолдауында бүгінге дейінгі әлемді дүрліктірген дағдарыс пен басқа да қиындықтардан бірліктің, еңбектің, ұлттық қорды уақытылы құруымыз арқылы шықанымызды атап өтті. Сондай-ақ экспорттық өнім бағасының құлдырып бара жатырғанын сөз қылып, одан шығу үшін өндірісті екі есе дамытып, жекешелендіруді қолдау керек екенін тілге тиек етті.
— Алдағы жылдарда бюджетке табыс келтіретін салықтар жетілдіріліп, банкттердің барлығы халыққа қызмет етеді. Ауыл шаруашылығы алдында үлкен міндеттер тұр. Халыққа күнделікті тұрмыста қажетті тауарлардың бағасы лайықты болуы керек. Қазақстанда жасалған тауар сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы қажет. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады. Біз өз өнімімізді тұтынуымыз керек,- деген Елбасы отандық өнімге ден қойды. Сонымен қатар байыған кәсіпкерлерге байлығын ортақ іске жұмсап, әрі қарай дамытуға шақырды. Бұл елдің алғысын алар іс екені баршаға аян.
-Біздің халқымыз бүгінгідей байқуатты тұрмыс кешкен жоқ. Мемлекет бизнесті қолдап, аяқтан тұрғызды. Ауқатты болдыңыздар. Енді мемлекетке, елге қызмет ететін кез келді. Өндіріс орнын ашып, халықты жұмыспен қамтып жұмыс істеу қажет, -деген Елбасы ел жағдайын саралап, елге қызмет еткен адам ғана бақытқа жететінін атап өтті.
Еліміз сындарлы замандардан сүрінбей өтіп, Елбасының бастауымен қарқынды дамып келеді. Соңғы 10 жылдың ішінде халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 64-тен 72 жасқа жеткендігі еліміздегі тұрғындардың тұрмысының жақсарғандығының айғағы деп білеміз. Елбасының айту бойынша 2016 жылдың 1 қазанынан бастап медицина саласының еңбек ақысы 28 пайызға, білім саласының еңбек ақысы 29 пайызға, әлеуметтік саланың еңбек ақысы 40 пайызға және мемлекеттік қызметтегі «Б» корпусының еңбек ақылары 30 пайызға өседі. Сондай-ақ, әлеметтік көмек пен зейнетақыда өседі. Бұл дегеніміз халықтың әлауқаты әлі де жақсара түседі деген сөз.
— Біз ең қиын кезден өтіп, тәуелсіздігімізді сақтап, елімізді дамыттық. Дағдарыстың бәрі өтеді. Қазақ не көрмеді, бұданда өтеміз,- деген Елбасының сөзі халықты қуантып қана қоймай, әлемдік дағдарыстан үркіген халыққа үлкен жігер берді. Е ліміздің әлемнің дамыған 30 еліне қосылуы үшін тәуелсіздігімізді ардақтап, экономикамызды дамытуға барлық қазақстандықтар болып ат салысайық ағайын.
Елбасының жолдауын толық қолдаймыз.

Айнагүл ҚАЛИЕВА,
№3 ЖОББҚМ тарих
пәні мұғалімі.
— Еліміздің заң шығарушы органы – Парламент депутаттары Тұңғыш Президент күнін тойлау туралы шешім қабылдады. Бұл ең алдымен, Қазақтан Республикасында 1991 жылы 1 желтоқсанда өткен алғашқы Президент сайлауымен байланыстырылғаны белгілі. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттік дамудың даңғылына түсу жолындағы жұмыстардың басымы ел Президенті есімімен байланысты екені даусыз.
Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қауымдастықтың құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне зор үлес қосты. Мемлекет басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз өтпелі кезеңдегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты. Тәуелсіздік алған жылдар ішінде еліміз 150-ден астам елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, Қазақ елі өткен тарихын түгендеп, тіліміз, дініміз қайта оралды.
Елбасының «Алдымен экономика, сонан соң саясат» қағидасы арқасында халқымыздың тұрмыс жағдайы жақсарды. Осындай игі істердің бастамасы болған тұлғаның құрметіне Тұңғыш Президент күнін атап өту, оны халықтық мерекеге айналдыру дұрыс қабылданған шешім деп есептеймін. Егемен елдің іргетасын қалаған тұлғаны ардақтау әлемнің бірқатар елінде бар дәстүр. Мысалы, АҚШ-та 1880 жылдан бері Президент күні тойланып келеді. Алғашында америкалықтар 22 ақпанды ел қайраткері Тұңғыш Президент Джордж Вашингтонның туған күні ретінде тойлаған болса, кейін Президент Никсонның кезінде ақпанның әр бірінші дүйсенбісін Президент күні ретінде тойлауды дәстүрге айналдырған. Исландия елінде 1996 жылдан бері 14 мамыр Исландияның бесінші және қазіргі Президенті Олавур Рагнар Гримссонның туған күніне сәйкес Президент күні мереке ретінде тойланады. Ангола елінде елдің тұңғыш Президенті Агоштин Нетудың туған күні 17 қыркүйек күні тойланады.
Басқа елдердегі сияқты біздің елімізде де Тұңғыш Президент күнін атап өту халықтық дәстүрге айналуы тиіс деп ойлаймын.
Нәсіпқали МАҚАНҰЛЫ, еңбек ардагері, ауданның
«Құрметті азаматы».
— Егеменді қазақ елі қазір бүкіл дүниежүзі мойындайтын елдердің біріне айналды. Бұл істе Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың үлкен еңбегі бар. Астанада өткен жауапты жиындарда әр саладағы жауапты Министрлер алдына келелі міндеттерді де өте орынды қоюда.
АҚШ-та өткен Біріккен Ұлттар Ұйымында да қазіргі терроризммен бүкіл ел болып күресуді, Біріккен Ұлттар ұйымы штабын Орта Азия елдері жеріне көшіруді нақты қоя білді.
Расында да дүниежүзінде тыныштық, тәртіп болу үшін бүгінгі таңда түрлі қозғалыстар орын алып отырған Азия елдерінде Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб орталығы болуы қазіргі саясатқа зор ықпал етуге тиіс. Ауған, Ирак, Сирия елдеріндегі болған жағдайлар талай елге сабақ болуы керек. Өз елімізде тәртіп, жүйе болу үшін қай салада болмасын мемлекеттік меншік басым болуы қажет.
Ең бастысы алда да еліміздің тыныштығы, бірлігі нығая берсін. Бұл бағыттағы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегендік саясаты ел көңілінен шығып келеді. Дүние дүрбелеңге толып тұрғанда біздегі бейбіт өмір, тұрақтылық Елбасы еңбегінің жемісі.

Сара Меңдіханқызы,
аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің кітапханашысы.

Қазақ халқы басқа да мемлекеттер сияқты тарихтың талай сындарынан өтіп, бүгінгі әлемдік өркениеттің көшіне ілесіп отыр. Тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық мәдениетімізді жаңғыртуға қатысты көптеген нәрселер жасалды, жасалып та жатыр.
Жастарымыз жаңалыққа құштар, заманауи білім мен жаңа технологияны меңгерді. Жаһандану үдерісі екпін алған бүгінгі күні ел болашағын айқындайтын өскелең ұрпақ тәрбиесіне рухани азықтың маңызы күн санап артып келеді.
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» деп аталатын халыққа арнаған жолдауында Жалпы Қазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру міндетін қойды. Осы міндетті жүзеге асырудың бір жолы жас буынның мәдени-әдеби рухани тәрбиесі дер едік. Халықа рухани азық беру, ой-санасын ояту арқылы жұмыстану әр түрлі шаралар болып табылады. Баршамыз еліміздің өз тарихы мен өркендеуі жолында ғұмыр кешіп жатырмыз. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау да еліміздің ертеңі қандай болатынын белгіліп берді. Осының бәрі барша қазақстандықтардың жарқын өмірі үшін тынымсыз еңбек еткен Елбасымыздың қайраткерлігі екенін түсіну керек деп ойлаймын. Тұңғыш Президент күні құтты болып, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын.

Жадыра ТӨЛЕУҒАЛИЕВА,
№3 қазақ жалпы
орта білім беретін мектебінің
тарих пәні мұғалімі.
— Мен көз алдыма Елбасы дегенде ең мықты кемеңгер тұлғаны елестетемін. Шындығына келгенде ол — дана, ол — дара, ол — кемеңгер. Оған мен ес білгелі күн санап емес, сағат санап дамып келе жатқан Қазақ елі дәлел. Оны мен де менің замандастарым да мойындайды. Бала кезім. Көз алдыма тозығы жеткен мектепте, ескілеу партада білім алғанымыз, бір-бірімізге тоңғанымызды сездірмей, басына жетсе аяғына жетпейтін оқулықпен білім алғаным оралды. Техника деген қол жетпес армандай көрінген. Ия сол күндер келмеске кетті. Бүгінде техника, ғылым қарыштап дамып, әлеуметтік-экономикалық жағынан да өзге ТМД елдерінің алдын орадық. Ауданымызда бой көтерген жаңа мектеп, емхана, мәдениет үйлерінің жаңа кейіпке енуі жас ұрпақтың жарқын болашағы іспетті. Елбасы жастарға да ерекше көңіл бөліп келеді. Бүгінде еліміздің әр жерінде құрылған жастар бірлестігі, жастар мәселесін қаузаған дәстүрлі жастар форумының өтуі, жастардың жұмысқа көптеп тартылуы Елбасының жастарға тән мәселелерді шешуде нақты қадам жасалынып жатқанының, жасала беретіндігінің көрінісі. Елбасы «Жас Отан» жастар қанатының жұмысын күшейте түсу қажеттігін, «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратына «Жас Отанның» 2020 жылға дейінгі іс-қимыл стратегиясын әзірлеп, бекітуді тапсырған болатын.
Қысқасы, Президентіміз есепсіз көп нәрсені істеді. Тәуелсіздігіміз баянды болуда. Ауыр әрі абыройлы асудан астық. Дүниедегі қабырғалы елдердің қатарына қосылдық. Осының бәрі айналып келіп, Елбасын ұлттың құтқарушысы, ұлттың бас иесі етті. Мен Елбасымен мақтанамын! Алла Тағала кемеңгер тұлғаға ұзақ ғұмыр бергей!