7.12.2015, 10:00
Қараулар: 275
Ел шапағатымен ертеңіме көз саламын!

Ел шапағатымен ертеңіме көз саламын!

IMG_3531«Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға көбірек көңіл бөлу керек. Ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз» деп Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев айтқандай, кембағал бүлдіршіндерді тағдыр тауқыметіне қалдырмай, оларды қорғап, қоғам болып қайырымдылық таныту парызымыз.
Ешкім мүгедек болайын демейді. Ананың алтын құрсағынан мына жарық дүниеге кемтар болып келіп, өмір бойы мүгедек болып өтетіндер бар, келеңсіз оқиғалардан өмір тауқыметін тартып жүргендер бар.
Осындай кемтар бүлдіршіндерді Жаңақала аудандық білім беру бөлімінің психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті қамқорлығына алып, ортаға бейімдеу жұмыстарына ат салысып жүрген бірден бір мекеме. 2005 жылы негізі қаланған мекемеде бүгінгі таңда 40 даму мүмкіндігі шектеулі бала тарбиеленуде. Былтырғы оқу жылының қорытындысы бойынша 7 тәрбиеленуші кемтар бала сырқаттарынан толық айығып, толыққанды өмірге аяқбасты.
Осындай игі іспен айналысып жүрген мекеме ұжымы 25 қараша күні мекеменің 10 жылдық мерейтойын атап өтті. 2005 жылы ауданымызда өз алдына дербес мекеме ретінде ашылған түзету кабинетінің мерейтойына жиналған жұртшылықты мекеме басшысы А.Әлмаратқызы қош келдің айтып, шараға жиналған ата-аналар мен алтын уақытын бөліп келген қонақтарға алғысын білдірді. Одан әрі жиналғандар мекеменің осы кезге дейін атқарған жұмыстарын баяндайтын бейне роликті тамашалады.
Келесі кезекте сөз алаған аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева ұжым мен кембағал бүлдіршіндерге өзінің игі тілегін жеткізсе, АБББ басшысы Е.Қадыров құттықтау сөзден соң білім жүйесіндегі педагогикалық шеберлігі, шығармашылық ізденісі және өскелең ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі еңбегі үшін осы мекемінің логопеді Ж.Меңдешеваны аудандық білім беру бөлімі басшысының Құрмет грамотасымен марапаттады. Сондай-ақ түзету кабинетінің алғашқы меңгерушісі А.Ғайнеденұлы мекеменің алғаш құрылған кездегі қиындықтары мен бүгінгі таңдағы жетістіктерін атап, кембағал бүлдіршіндердің түзелуіне жайлы да қолайлы ғимарт беріп, қамқорлық танып отырған аудан әкімі Л.Рашидұлына алғысын білдірді.
Мерекелік шара түзету кабинетінің тәрбиеленушілері мен Жаңақала ЖОББМ оқушыларының дайындаған концертімен жалғасты. Бірі мың бұрала би билесе, енді бірі әсем әнмен көрермендердің ықыласына бөленді. Жиналғандардың кейбіреулерінің жанарынан кемтарлықтың қыл бұғауын мойнына ерте ілген бүлдіршіндердің тағдырына деген аяныш сезімі байқалса, ал кейбіреулерінің жанарынан өз тіршілігі үшін тағдыр тауқыметімен алысып, өмір сүріп жатырған бүлдіршіндердің өнері жігер беріп, қуанышқа бөленгені байқалды. Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың өнеріне тәнті болған қонақтар өз мекемелері атынан құттықтау сөз сөйлеп, естелік сыйлықтар табыстады.
Мерекелік шараның соңыда бүлдіршіндерге тәтті тарту етіліп, естелік суретке түсумен аяқталды.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.