14.12.2015, 17:43
Қараулар: 101
Ардагерлерді не толғандырады?

Ардагерлерді не толғандырады?

Ардагер сөзі-құрметті, қадірлі, ардақты, абыройлы, сыйлы адам деген мағынаны білдіретін ұғым. Өзінің саналы ғұмырында елдің қамын жеп, ұлттың намысы мен тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін қорғаған, халқына аянбай еңбек сіңірген сыйлы кісіні көпшілік “Ардагер” деп үнемі жоғары бағалаған, қайда барса да төрге шығарған. Өткен аптада ұрпағына айтар өсиеті мол осындай абыз ардагерлер аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында бас қосып, өздерінің есеп беру-сайлау конференцияларын өткізді. Аудандық ардагерлер ұйымының атқарған жұмысына баға беріп, толғақты ойлары мен ұсыныстарын ортаға салды.
Конференцияда аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Шапиқов өзінің есепті баяндамасында аудандық ардагерлер ұйымының атқарған жұмысын жан-жақты зерделеп, көпшілік назарына ұсынды.
— Саяси тұрақтылық, жүйелі даму, тәртіп, шынайы халықтық саяси ұстанымы болмаған елдің болашағы бұлыңғыр. Бірлік, ынтымақтастық, достық деген ұғымдар әсіресе, көпұлтты Қазақстан үшін өте көкейтесті,- деді ол өз сөзінде, елімізде бұл мәселені тек билік жолымен ғана шешу масатталмайды, сонымен бірге ұлттық келісім, қоғамдық ұйымдар, ұрпақтар сабақтастығын дамыту арқылы да орындалып келеді. Көпті көрген, дана қарияның өмірлік тәжірибесін жастар тәрбиесіне, қоғам бірлігін сақтауға бағыттау мақсатында елде ардагерлер кеңестері ұйымдастырылып, қызмет істеп келеді. Сол үлкен ардагерлер ұйымының ажырамас бөлшегі ретінде Жаңақала ауданында да ардагерлер кеңесі өз қызметін атқарып келеді.
Ауданымызда күні бүгінге 2772 зейнет жасындағы адамдар бар, оның ішінде 5 Ұлы Отан соғысының ардагері, 296 тыл ардагері, 8 ауған соғысының ардагері, 6 Чернобыль ардагерлері, 1 Араб еліндегі қақтығысқа қатысушы, 8 Семей ядролық сынақ алаңының ардагерлері бар.
Ардагерлер ұйымының ең жоғарғы органы Ардагерлер кеңесі деп аталады. Отырысы жылына екі рет өткізіледі. Тұрақты жұмыс істейтін-Кеңес алқасы. Жалпы аудан бойынша барлық ауылдық округтерде 9 бастауыш ұйым бар. Биылғы жылы аудан орталығында және ауылдық округтердегі үлкен еңбек ұжымдарында 15 бастауыш ұйымы құрылды. Ардагерлер кеңесінің жұмысы аудан әкімінің тікелей қолдауымен ішкі саясат, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту, медицина бірлестігі, білім беру және мәдениет бөлімдерімен және ауыл әкімшіліктерімен тығыз байланыста, осы мекемелердің қолдауымен жүзеге асып келеді. Жыл санап ұйымның жұмыс бағыты да ауқымы да кеңейіп келеді. Жыл басында ашылатын рухани орталық ғимаратынан өз алдына ардагерлердің бөлмесін беру жоспарланып отыр.
Аудан орталығында аудан әкімінің тікелей ұйытқы болуымен «Ардагерлер саябағы», еңбек ардагерлерінің «Даңқ саябағы», бейбітшілікті насихаттаушы «Азалы ана» ескерткіші салтанатпен ашылды. Биылғы жыл мерекелі жыл екені әмбеге аян. Біздің ұйымның қызметіне тікелей қатысты мерейтой 1941-1945 жылдардағы ҰОС Жеңістің 70 жылдығы ауданымызда жоғары деңгейде аталып өтті. IMG_3489
Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерекесіне байланысты «Қайран ерлер, қаһарман ардагерлер» атты аудандық фестивалі ұйымдастырылып, кейіннен облыста өткізілген фестивальде аудан ардагерлерінің фольклорлық ансамблі жүлделі І орынды, жеке орындаудағы күй тартыстан бас жүлдені жеңіп алды.
«Адагерлерді ардақтайық» жобасы аясында барлық деңгейдегі кітапханаларда ҰОС ардагерлері мен тыл ардагерлерімен тақырыптық кештер, еңбек ұжымдарымен ресми қабылдаулар, «Ерлік-елге мұра, ұрпаққа ұран» атты жасөспірімдер арасында байқау, «Аталар ерлігі ұрпаққа үлгі», «Ұрпағына үлгі ғұмыр» соғыс ардагерлері М.Жаданов пен А.Қойысовтың 90 жасқа толуыларына орай тележоба, «Ерліктен елдік аялдамасына дейін» фестивалі, «Жеңіс жырлары» мектеп оқушыларының байқауы, ардагерлер мен жалғызбасты қариялардың үйлеріне көмектесіп қарасуға бағытталған жастар акциялары ұйымдастырылды.
-Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлері, жалпы зейнеткерлер мен қарт адамдардың денсаулықтары ерекше қамқорлықты қажет етеді, — деді баяндамашы одан әрі. Осыған орай аудан ардагерлеріне облыстық Ақжайық шипажайына мен ауданымыздағы ауданаралық сауықтыру ауруханасы оңалту орталығына ем-дом алып, сауықтыру жұмыстарын жүргізіледі.
Баяндамашы өз сөзінде қазан айында өткізілген шараларға жан-жақты тоқталды. Баяндамада әрбір соғыс ардагеріне көрсетілген материалдық көмек, олардың жағдайымен танысу жөнінде атқарылған жұмыстар, аудан әкімінің қамқорлығы жайлы егжей-тегжейлі әңгіме қозғады. Сонымен бірге аудандық Ардагерлер ұйымының ал¬дында тұрған міндеттерді де көп¬шілік назарына ұсынып, аудандық бюджеттен ардагерлер ұйымына қаржы бөлінсе деген пікірін де біл¬дірді.
Баяндама бойынша жарыссөзге Мәстексай ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Сапарғазиев, Көпжасар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Салауатов, С.Меңдешев ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Масатов шығып сөз сөйлеп, баяндаманы талқылауға атсалысты.
Аудандық ардагерлер ұйымының есеп-беру сайлау конференциясында аудандық ар-дагерлер Кеңесінің төрағасы болып Мақсот Шапиқов бірауыздан қайта сайланып, облыстық ардагерлер ұйымының конференциясына делегаттар сайланды.
Конференцияға БҚО ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Ғибатолла Тілебалиев қатысып, облыстық ардагер кеңесінің жұмысына тоқталып, алда атқарылар міндеттерді жүзеге асырудағы нақты жұмыстарын ортаға салды.
Конференцияда сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Айзада Шүкірғалиева қазы¬налы қарттарымыздың береке мен бірлікті арттырудағы, жастар тәрбиесіндегі атқаратын рөлі туралы айта келіп, басқосу барысында түскен сұрақтарға түсініктемелер мен жауаптар берді.
Жиын соңында қоғамдық ұйымдармен жұмыс жасауда ерекше көзге түскен Мәстексай ауылдық округі әкімі С.Мұхамбетжанова, С.Меңдешев ауылдық округі әкімі А. Ахметов, Көпжасар ауылдық округі әкімі С.Боранбаев және ардагерлер кеңесінің жұмысын үздік ұйымдастырып жүрген Мәстексай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Сапарғазиев, Қызылоба ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Масатов, Көпжасар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Салауатов аудан әкімінің Алғысхатымен марапатталса, БҚО ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы Ғибатолла Тілебалиев Н.Мақановты облыстық ардагерлер кеңесінің атынан мерейлі 75 жасымен құттықтап, Алғысхат табыстады. Сондай-ақ, үздік жұмысы үшін облыстық ардагерлер кеңесінің Алғысхатымен Қызылоба ауылдық округі әкімі Н.Бердіғалиев және ардагерлер арасындағы республикалық байқаудан жүлдемен оралған Г.Шуақбаева марапатталды.
Ардагерлер аудандық ардагерлер ұйымының атқарған жұмысына «қанағаттанарлық» деп баға беріп, арнайы қаулы қабылдады.