14.12.2015, 10:00
Қараулар: 102
Күмбірлеген күй сыры

Күмбірлеген күй сыры

Домбыра мұнша шешен болдың неге,
Күй толған көкірегің шежіре ме?
Сыр қозғап ғасырлардан жөнелесің,
Саусағым тиіп кетсе ішігіңе,- деп Қ. Аманжолов жырлағандай қазақ халқының басқа халықтардан ерекшеліктерінің бірі-ол өзінің ұлттық музыкасының болуы. Атадан балаға жетіп, қадірлеп, көзінің қарашығындай сақталып, қымбат қазынаға айналды. Қаймағы бұзылмай жеткен бұл өнердің бір шыңы — домбыра күйлері. Бұл мұра ғасырдан ғасырға іріктеліп, сұрыпталып, сүргіленіп, түрленіп жеткен халықтың өзімен бірге дамып, қалыптасып отырған. Байырғы кезде қазақ үйінің төрінде әрдайым домбыра ілулі тұрған немесе үй-ішінің біреуі домбырада күй шертпейтін отбасы қазақ арасында кемде-кем болған.
Ұлттық күй өнерін дамыту, құдіретті күйшілік өнерге құрмет көрсету, оны насихаттау және өскелең ұрпақтың орындаушылық шеберліктерін шыңдау мақсатында жуырда Жаңақала аудандық Қ.Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мен Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Әсерлі күй шерт, домбыра!» атты аудандық жас күйшілер байқауы өткізілді. Бұл байқауға Жаңақала мектептерінің өнерпаздарымен бірге Жаңақазан және Көпжасар ауылдық округтерінің жас домбырашылары қатысып, өнерлерін ортаға салды.
Аталмыш мекеменің директоры Н.Сапарғалиұлы байқаудың ашылу рәсімінде құттықтау сөз сөйлеп, жас домбырашыларға сәттілік тіледі.
Алтын таразы саналатын әділқазылар алқасы (Қ.Жантілеуов атындағы балалар саз мектебінің директоры, қазылар алқасының төрағасы Н.Сапарғалиұлы, зейнеткер ұстаз Б.Еселқызы, еңбек ардагері Н.Мақанұлы, күйші Н.Мамайұлы, аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Б.Габдешев) үміткерлерді байқаудың талаптарымен таныстырып шықты. Байқау 2 кезеңен тұрды. Бірінші кезеңде жас домбырашыларға қойылған талап қазақтың әйгілі күйші композиторы Дина Нүрпейісованың «Науысқы» күйін нақышына келтіре орындау және өз қалауы бойынша бір күй тарту болса, екінші кезеңде үміткерлерге өз ұстаздарымен қосыла бір күй немесе ән орындау еді.
Одан әрі байқауға қатысушы үміткерлер жеребе суыру арқылы реттік нөмерлерін анықтап, сол ретпен байқауды бастап кетті.
12339123_1673280446289252_1180740014683434122_oБайқау барысында үміткерлердің бірі күй орындау шеберлігімен, бірі сахна мәдениеттілігімен, ал енді бірі сахналық киімімен ерекшеленіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп жатса, кей үміткерлердің домбыраларының күйі келмегендіктен күй мазмұнын көрерменге жеткізе алмай қапыда қалып жатты. Дегенменде «жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей көрермендер бұл аз-маз кемшіліктерге көз жұма қарады.
Байқаудың талаптары бойынша бірінші кезеңде орындалған Дина Нұрпейісованың «Науаи» («Науысқы») күйі — туысқан өзбек халқының ақыны Әлішер Науаиге арнап тартқан күйі. Музыка сыншылары мен мамандардың айтуынша, күйдің ішкі құрылысынан, музыкалық тақырыбынан негізінен өзбек халқының сазы анық байқалады. 1944 жылы Орта Азия республикалары музыкасының онкүндігінде Дина «Науаи» күйін орындаған. Бұған қатты риза болған музыка сыншысы А.Островский «Оның домбыра тартудағы шеберлігі адам сенуге болмайтын ғажайып құбылыс» деп бағалаған екен.
Осындай терең тарихы мен көңілді сазы бар күйді Е.Ғұбайдуллиннің шәкірті Жаңақала ЖОББМ оқушысы М.Таңатаров пен А.Сисенованың үкілеп қосқан үміткері Жаңақала мектеп-гимназиясының оқушысы Ж.Ахметова нақышына келтіре отырып, асқан шеберлікпен орындап шықты. Екінші кезең бойынша жас күйшілердің өз ұстаздарымен қосыла орындаған күйлері көрермендер мен әділқазылар алқасының көңілінен шығып жатты. Мұны тек қазақ халқына ғана тән дәстүрлі күй өнерін құрмет тұтып, бар ықыласымен тыңдап отырған үлкенді-кішілі көрермендердің тоқтаусыз соғып отырған қол шапалағынан анық аңғаруға болады.
Байқаудың соңында қара қылды қақ жарған әділқазылар алқасының шешімімен І орын Е.Ғұбайдуллиннің шәкірті М.Таңатаровқа бұйырса, жүлделі ІІ орынды А.Сисенованың шәкірттері Г.Темірғали мен Ж.Ахметовалар жеңіп алды. Ал ІІІ орынды Ш.Қойшығалиеваның оқушысы Г.Сағынова, Е. Ғұбайдуллиннің шәкірті Б.Нағым және Н.Қайыровтың шәкірті Д.Дәулетұлы өзара тең бөлісті. Сондай-ақ Ә.Өтеғалиевтің жас шәкірті Д.Сүйеуғали «Белсенді қатысқаны үшін» бағамы бойынша марапатталды.
Бір өкініштісі-ата-бабамыз мұра қылып қалдырған қазақ халқының күй өнерін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттап, жас домбырашылардың шеберлігін шыңдау мақсатында өткізілген байқауда кейбір жетекшілердің өздері байқауға әкеліп отырған оқушыларының орындап отырған күйінің мағынасы мен тарихын білмейтіндігі көңілге мұң ұялатты.