18.12.2015, 18:33
Қараулар: 555
Алда атқаратын жұмыстар мен асулар әлі де көп

Алда атқаратын жұмыстар мен асулар әлі де көп

ЖастарЖастар саясаты. Аясы ауқымды, мағынасы мәнді ұғым. Егер тереңінен үңілсек, бүгінгі аға буын¬ның ертеңгі арқасүйері — жастар. Сайып келгенде жастар¬дың бойындағы белсенділік, бастамашылдық-өсуіміздің, өркендеуіміздің нақты бағдарламасы іспетті. Осы орайда өткен мерейлі жыл біздің аудан жастары үшін де табысты жыл болды. Сөзіміздің дәлелі ретінде аудандық «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің жұмысын айта аламыз. Бірлестік бекітілген іс-шаралар жоспарымен білек сыбана іске кірісіп, межелі жоспарларды орындауда. Біз аудан жастарының жұмысы, бағыт-бағдары туралы білмек боп аудандық «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жақсылық Хайреловты әңгімеге тартқан едік.
-Жақсылық Нұрманұлы, әңгімемізді жалпы Жаңақала ауданында жастардың үлесі қанша содан бастасақ?
— Жаңақала ауданында 14-29 жас аралығында 7634 жас бар болса, оның 3897-сі ұл, 3532-сі қыз. Бұл аудан халқының пайызын құрайды. Яғни, аудан халқының айтарлықтай бөлігін жастар құрайды. Олардың жартысына жуығы қалада, қалғандары ауылда, елдімекендерде тұрады. Ауданымыздағы жастар санатына мектеп оқушылары, колледж студенттері, жұмыссыз жастар, жас кәсіпкерлер, өнерлі жастар және мүгедек жастар кіреді.
-Мерейлі жылда аудандық «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігі ауданда өткен мерекелік шаралардың бел ортасында жүргенін білеміз. Алайда атқаратын істер одан да көп екені белгілі. Осы тұста атқарылып жатқан іс-шаралар мен алға қойған жоспарларыңызға тоқталсаңыз.
— Елбасы жастарға қарата «Мен сіздерге-жаңа буын қазақстандықтарға сенім артамын. Сіздер Жаңа бағыттың қозғаушы күшіне айналуға тиіссіздер» деген болатын. Ендеше біз Елбасының сенімін ақтау үшін аянбай еңбек етуге міндеттіміз деп ойлаймын. Мектеп оқушылары, колледж студенттері, білім беру мекемелерінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларымен және жаңадан ашылған жастар бастамалары орталығымен жұмыс жүргіземіз. Мәселен, Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылу салтанатында жастардың қозғаушы күш болғанын білеміз. Сондай-ақ, ҚР Президентін сайлау кезінде Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевты қолдап, жастарымыз түрлі шаралар, акциялар, үгіт-насихат жұмыстары жүргізіп сайлау қорытындысы бойынша оң нәтижесін берді. Жеңістің 70 жылдығына орай аудан әкімі Л.Хайрединовпен, Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл ардагерлерінің қатысуымен «Далалық асхана», кездесулер жыл бойы жүзеге асып отырды. Аудан жастары сенбілік шараларына белсене қатысты. Атап айтсақ, «Таза жағалау» акциясы аясында Жаңақала колледжі жастарымен Соркөл көлі жағалауын тазалауда белсенділік танытса, Рухани келісім күніне орай аудан жастарының сенбілігі өтіп, сенбілік аясында А.Оразбаева көшесіндегі саябақтар тазартылып, ағаш түптері қопсытылды. Және осы жастардың қатысуымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Тарих-тағылым, өткенге тағзым» атты іс-шарасы өтті. Онда аудан біздің ауданымызда да қуғын сүргінге ұшыраған жандардың ұрпақтарымен кездесіп, аудан тарихына шолу жасады. 1 маусым-Балаларды қорғау күніне орай көпшілік мәдени шаралар өтіп, белсенді жастар балабақшаларға сыйлықтыр таратты. Сонымен қатар «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Мақтанышым-мемлекеттік Рәміздер» акциясы ұйымдастырылып, онда аудандағы бүкіл мекеме, бөлім басшылары мен қызметкерлерінің қатысуымен Әнұран орындалып, Ту көтерілді. Акция аудан орталығындағы ең үлкен көшелерін қамтыған автошерумен жалғасып, аудандық мәдени демалыс орталығының ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне арналған «Мемлекеттік рәміздер ұлт мақтанышы» атты мәдени демалыс орталығының көркемөнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты. Бұл мәдени шаралармен шектелмей бірлестік жігерлі жастарды қалыптастыру, патриоттыққа үндеу мақсатында Астана күніне орай «Мәңгілік ел және Астана»атты аудан жастарының форумын ұйымдастырды. Форум жұмысына аудандық мекеме кәсіпорындарының жас мамандары, ауылдық округ әкімдігі аппаратының жастар ісі жөніндегі менеджерлері, «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің белсенділері мен ауылдық округтердегі көшбасшылары, жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты. Астана қаласында жоғарғы білім алып, қазіргі таңда өзінің туған жерінде жұмыс атқарып жатырған Назар Әдиетов, жас түлек Ақбота Өтеуова, жас ақын Марлен Ғилымхановтар Астана, патриот, ұлтжандылық турасында пікірлерін білдіріп, ойларын ортаға салды. Қазақстан Республикасының Конституциясының 20 жылдығына орай аудан жастарының дөңгелек үстелі оздырылды. Тамыз айында «Өрле, Қазақстан» ақпараттық насихат топ құрамы Қызылоба, Пятимар және Жаңақала ауылы жастарымен кездесіп, түрлі сұрақтарға жауап алды. Бұрын-сонды үлкен дәрежеде тойланбаған 12 тамыз Халықаралық жастар күні және спорт мерекелеріне орай «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігінің кубогі үшін ауыл жастары арасында спартакиада өтті. Жастарды спортқа баулу, салауатты өмір салтын ұстану мақсатында өткен сайыста жастар волейбол, тоғызқұмалақ, гір спорты, қол күресі, үстел тенисі бойынша бақ сынады. Жеңімпаздар кешкісін «Достық» алаңында марапатталды. Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Лавр Рашидұлының қолынан жеңістің сатысына көтерілген спортшыларға жүлделер табыс етілді. Мерекелік кеш от шашу және би кешімен жалғасты. Бұдан бөлек «Отбасы күніне» орай аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Жастар үні» ЖҚБ-нің ұйымдастыруымен «Толағай» жас отбасылар сайысы өтті. Отбасылық құндылықтарды сақтау, ауданымызда «Отбасы күні» мерекесін атап өту, тұрғындар арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында оздырылған сайысқа 6 жас отбасы қатысты. Аталмыш сайыс «Таныстыру бөлімі», «Кенгуру ойыны», «Кім шапшаң», «Мергендер сайысы», «Тартыс ойыны» сынды 5 бөлімнен тұрды. Аталған кезеңдер бойынша сайысқа түскен жас отбасылар арасынан, өздерінің жеңіске деген құштарлықтарымен, жан-жақты қабылеттерімен жаңақазандық Айтқалиевтар жанұясы жүлделі I орынды жеңіп алды. II орынға Қызылоба округінен қатысқан Қажығалиевтар жанұясы иелік етсе, III орын жаңақалалық Гумаровтар жанұясына бұйырды.
Бұдан бөлек аудан жастары қайырымдылық айлығынан да тыс қалмады. «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігі республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында «Жастар үні» жастар қоғамдық бірлестігі екі бірдей мектепке барушы балаларға қолдау көрсетіп, мектеп құралдарымен жабдықтадды.
Қазан айы — қайырымдылық айы. Үлкенге құрмет көрсету қоғам азаматтарының алдында зор міндет саналады. «Жастар үні» ЖҚБ-нің белсенді мүшелері аудан ортaлығындағы жалғызбасты қариялардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйінде болып, сауапты іс жасады. «Ішіп-жеген түске жетпес, ықылас-ниет естен кетпес» дегендей, қарияларымыз жастарымыздың көрсеткен көмегіне ризашылықтарын білдіріп, ақ батасын берді. Жуырда «100 нақты қадам» Елбасының ұлт жоспарына сәйкес «Жастар үні»ЖҚБ ұйымдастыруымен ауылдық округ әкім аппаратының жастар ісі жөніндегі менеджерлерінің қатысуымен отырыс өтті. Онда жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, Елбасы Жолдауын кеңінен насихаттау, тағы басқа мәселелерді қаралды. Жастар мәселесі әрдайым назарымызда. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табатын болады. Ауданда ашылған жастар бастамалары орталығымен бірлесе іс-шаралар жоспарын бекітіп, жергілікті деңгейде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыратын боламыз. Алдағы уақытта жалғызбасты және көмекке зәру қарттарымызға қолдау көрсетіп, жастардан құралған көмек тобының қозғалысын жандандырмақ ойымыз бар. «Кәсіпкерлікке — кең өріс» демекші, ауданымыздың жас кәсіпкерлерімен кездесу, кәсіпкерлікті дамыту бағытынды тың идеяларымыз бар.
-Дін мәселесі біздің ауданда күн тәртібінен түспейтін мәселеге айналды. Жастар ұйымы бүгінгінің өзекті сауалымен қалай жұмыстануда?
— «Жау жоқ деме, жар астында» дегендей, өз қандас бауырларымыздың, соның ішінде елгезек жастарымыздың теріс діни ағымдарға еріп, халқымыздың көне салт-дәстүрлеріне мойынсұнбай, ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дінімізді жоққа шығарулары діни сауатсыздықтың белгісі. Бүгінгі таңның өзекті мәселесіне айналып отырған осы теріс ағымдағы діндер мен секталар кім-кімді де ойландырмай қоймайтыны хақ.
«Жастар үні» ЖҚБ ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының діни экстримизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі 2013-2017 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша 2015 жылдың ақпараттық-насихат топтарының жұмысын ұйымдастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» оңалту жұмысын ұйымдастыру бөлімінің теолог маманы, дінтанушы Н.Мырзахмедов аудандағы жастар өкілдерімен кездесіп, дәріс оқыды. Аудан жастары көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, сауалнамалар толтырды. Сонымен қатар мұндай кездесулер ауданымызда жиі өтіп тұрады. Жаңақала аудандық мәдениет үйінде «Жастар жарқын болашақ үшін» атты діни экстремизм мен терроризм профилактикасына көзделген мәдени іс шара өтті. Негізгі қатысушылары мектеп жасындағы оқушылар қауымы болған аталмыш іс-шараның көрермендерге берер бағыт-бағдары мол болды.
— Жастар саясаты саласындағы өзекті мәселе — жастарды жұмыспен қамту мәселесі Жастармен тікелей жұмыс жасағандықтан бұл бағытта қандай істер атқарылуда?
-Жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында арнайы жоспарымыз бар. Жұмыссыз жастармен тілдесіп, олар туралы ақпаратты аудандық жұмыспен қамту орталығына хабарлап отырамыз. Бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Соған қатысуға тартамыз. Жалпы, біздің мемлекетте жастардың жұмыс істеуіне толық мүмкіндік жасалған. Мәселен, республикалық “Жастар тәжірибесі” жобасы жоғары оқу орындарын, колледждер мен өзге де орта кәсіптік оқу орындарын бітірген жас түлектерге мемлекеттік көмектің қосымша түрі болып табылады. Жас мамандар үшін бұл, ең алдымен, басқа да тәжірибелі мамандармен бәсекеге түсу үшін тәжірибе жинақтау мен жұмыс істеудің бастамасы болмақ. Сонымен қатар “Нұр Отан” партиясы “Жас Отан” жастар қанаты “Дипломмен – ауылға!” жобасын әзірлеп, 2009 жылдың шілдесінен бастап жүзеге асыруда. Бұлардың барлығы жастардың болашағына жасалып жатқан оң бастамалар деп ойлаймын. Бір қуантарлық жағдай Аудан әкімінің 2015 жылғы 21 қазандағы №250 қаулысымен «Жаңақала аудандық ішкі саясат бөлімінің «Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл мекеме тікелей жұмыссыз жастармен, қысқа айтқанда белсенді емес топтармен жұмыс атқаратын болады. Атқарылған істеріміз бар, бірақ атқарылар істеріміз одан да көп дегім келеді.
-Бүгінде жастардың мемлекет өміріндегі кез келген мәселелерге батыл да белсенді түрде араласуына мүмкіндік беріліп отыр. Тек сол мүмкіндікті мейлінше дұрыс пайдалана алса болғаны. Жарқын болашақтың кепілі — жастарға жаңа белестерді бағындыру міндеті жүктелді. Ендеше жалынды жастарға сәттілік тілейміз. Әңгімеңізге рахмет!