18.12.2015, 9:00
Қараулар: 107
Айя дүкен-наубайханасы ашылды

Айя дүкен-наубайханасы ашылды

12356681_1675039526113344_2151999037918578151_oЖаңақала ауылында халыққа қызмет көрсетіп отырған 56 азық-түлік дүкені бар. Бүгінгі таңда осы дүкендердің қатары тағы да бір жаңа дүкен-наубайханамен толықты. Оның егесі — жеке кәсіпкер Динара Мырзақұлова. Жаңадан ашылған «АйЯ» дүкен-наубайханасының құрылысына 10 миллион теңге қаржы жұмсалған, соның 5 миллион теңгесі «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Батыс Қазақстан облыстық филиалынан «Кәсіпкер» бағдарламасы бойынша несиге алынған екен.
«Диана» жеке кәсіпкерлігі 2012 жылдың қыркүйек айында құрылып, сол кезде 4 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз еткен жұмыс беруші болса, жыл санап ауқымы кеңейіп, күні бүгінде 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Сондай-ақ жаңадан ашылып отырған дүкен-наубайханада 3 адам тұрақты жұмысқа орналасты.
Аталмыш дүкен-наубайхананың салтанатты ашылуының басты қонағы болған Жаңақала ауданының әкімі Л.Рашидұлы:
— Мемлекетімізде кәсіпкерлікке үлкен көңіл бөліп жатырғанын өздеріңіз білесіздер, соның ішінде шағын кәсіпкерлікті дамытуға ден қойылып отыр. Дүниежүзінің немесе алпауыт мемлекеттердің экономикасының 60-70 пайызын осы шағын кәсіпкерлік құрайды екен. Әрине ел болғасын үлкен кәсіпорындар болады, бирақ негізігі бюджеттің көзі, халыққа қызмет жасайтын, халықты жұмыспен қамтитын осы шағын кәсіпкерлік. Аудан орталығына көрік беретіндей әсем ғимарат салғаныңыз үшін, елге үлгі көрсеткеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз. Ісіңіз оңға бассын!,-деп өз алғысын білдірді.
Тәуелсіздік күніне орай ашылыған «АйЯ» дүкен-наубайханасының салтанатты түрде лентасын қию құрметі Жаңақала ауданының әкімі Л.Рашидұлы мен еңбек ардагері Н.Мақанұлына берілді. Салтанатты түрде лента қиылған соң, қонақтар ырымға сай оң аяқтарымен табалдырықтан аттап, дүкен-наубайхананың ішін аралап тамашалады. Одан әрі қонақтар наубайхана цехының пешінен иісі бұрқылап, ыссылай пісіп шыққан алғашқы наннан дәм татып, қазақы дәстүрмен ақтан ауыз тиді.
Заман талабына сай салынған әсем ғимарат қауыпсіздік жағында ойдан тыс қалдырмапты. Ғимараттың іші мен сыртын көзден таса қалдырмау үшін, жан-жақтың бәрін бейнекамерамен жабдықтаған. Бұл дегеніміз жаңа ғимарат қылмыстың алдын алуға да өз себптігін тигізеді деген сөз.