9.01.2016, 10:18
Қараулар: 499
«Ұстаздық еткен жалықпас…»

«Ұстаздық еткен жалықпас…»

Устаз
Ұстаз – ұлағатты атау. Алтын ұя мектептің жаны да, ары да – мұғалім. Өнегелі ұстаздан өрелі шәкірт шығатыны белгілі.Себебі, ұстаз қаншалықты қабілетті болса, оқушы да соншалықты талапты болмақ. Білімді мұғалім – қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Сол себепті ұстаз мәртебесін көтеру — бүкіл ел мәртебесін көтеретін өзекті шаруа болып табылады.
Биылғы 2015- 2016 оқу жылында жаңадан ашылған мектеп- гимназиясына аудан көлеміндегі тәжірибелі мұғалімдермен қатар 21 жас маман да қызметке орналасты. Жаңа орын, жаңа қызмет, жаңа таныстар, жаңадан жинақталған оқушылар мектеп өміріндегі қызықтарымен бірге қиыншылықтарын да ала келді. Жыл басында «Жаңа толқын» деңгейлік бағдарламалар бойынша шығармашылық топтың ұйымдастыруымен «Танысу кеші» өте сәтті оздырылса, мұғалімдер күніне орай өткізілген іс- шараларда да ұжым бірі бірімен жақын танысып, әр мұғалімнің бойындағы өнерлерін, білімдерін, іс- тәжірибелерін танып үлгерді. Десек те, жас маман – ертеңгі ұлағатты ұстаздардың орнын басатын, олардан үлгі алатын, шәкірттердің сүйікті ұстазына айналатын тұлға болуына мектеп ұжымының ықпалы зор. Осы орайда қараша айының 17- 27 аралығында Жас мамандарға арналған «Ұстаздық еткен жалықпас…» тәлімгерлердің әдістемелік іс- шараларының онкүндігі ұйымдастырылды. Бұл онкүндікте тәлімгерлер мен жас мамандардың бірлескен танымдық іс- әрекеттерін нығайту, жас мамандармен жүргізілетін әдістемелік жұмыстардың ең тиімділерін анықтау, жас мамандардың мектеп өміріне үйреніп, интеллектуалдық, шығармашылық іс әрекеттерін ұйымдастыру негізінде сапалы қызмет атқаруына қол жеткізу, тәлімгерлердің білім сапасын көтеруге бағытталған өздерінің ізденістік әдістемелік жұмыстарын жүйелеуге, нәтижелерін талдауға, бағалауға, озық тәжірибелерін ұсынуға жетектеу міндеттері қойылды. Он күн ішінде жоспарланған іс шаралардың барлығы да сәтті оздырылды. Онкүндік барысында жас мұғалімдерге оқу сапасын жақсарту үшін тек белсенді әдіс-тәсілдерді көрсетіп қана қоймай, оқушыларды қалай ұйымдастыра білу керектігін, өз ойларын сыни көзқараспен танытуын, өзіне керегін таңдап ала білуі және саралай алуын, пайымдау әрекеттерін қалай қалыптастыру керектігі де жеткізілді. Сонымен қоса, оқушы білімін нақты бағалау жолдары, дарынды оқушы мен талантты оқушының айырмашылығы, дарынды оқушылармен жұмыстану жолдары, ғылыми жоба, бизнес жобаға шығармашыл оқушыларды тарту, тәрбиелік іс- шараларды, сынып жетекшілік жұмыстарды ұйымдастыру, Блум таксономиясын, Лессон стади түсініктемесін, ақпаратты техникалық құралдарды сабақтарда пайдалану, сабақты талдау, өзара сабаққа қатысу, мектеп құжаттарымен сауатты жұмыстану жолдары көрсетілді. Тәлімгерлердің үлгілі сабақтары, лекциялары, кеңестері, коучинг, тренингтер, панорамалық сабақтары, шебер- сыныптары, сауалнамалары, түрлі іскерлік, рольдік, спорттық ойындары жастардың қызығушылықтарын оятып, жұмыстануға үлкен құлшыныспен, жаңа идеялармен кірісті.
Кәсіби шеберліктерін арттыруға арналған онкүндікті қорытындылаған жас мамандар жетекшілік жасап отырған тәлімгерлеріне ризашылықтарын білдіріп, болашақ ұстаздық өмірлеріне жан- жақты әдістемелік көмек алғандарын, оқып үйренгендерін практика жүзінде қолданып, жинақтаған тәжірибелерін алдағы сабақтарында пайдаланып, осы арқылы оқу сапасының артатындығына сенім білдіріп тарқасты.
Бүгінгі жас маман – ертеңгі ұлағатты ұстаздардың орнын басатын, олардан үлгі алатын, шәкірттердің сүйікті ұстазына айналатын тұлға болуына мектеп ұжымының ықпалы зор. Сондықтан, жас мамандарды тәрбиелеп, жақсы ұстаз деңгейіне дейін көтеруге жұмыстанайық.
Сөзімді түйіндей келе, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Еліміздің ертеңі — бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры – ұстаздардың қолында» деген салмақты ойымен аяқтағым келеді. Ұрпақ тағдыры арқылы тұтас бір ұлттың бесігін тербейтін, мемлекет пен қоғамның тынысы мен тарихына үн қосатын замана тұлғалары – болашақ жастар, жас мамандар екендігі даусыз. Олай болса, ізденісті серік еткен әрбір жас маманға тек сәттілік тілейміз.

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.