30.05.2016, 15:38
Қараулар: 85
Гран-при Жаңақалада

Гран-при Жаңақалада

2016 жылдың 19 мамыр күні облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен облыстық қазақ драма театрында «Жүрек сыры — өнерім» атты мәдениет және өнер қызметкерлерінің облыстық байқауы оздырылды. Дүбірі алыстан естілген байқауға 11 аудан және Орал шаһарынан бір команда қатысты.

Байқаудың шымылдығын түру үшін облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Медхат Қамбетовке сөз берілді. Дүйім елді өнер мерекесімен құттықтаған ол, қатысушыларға сәттілік тілеп, байқаудың ерекшелігі мен маңызына тоқталды.

Байқау төрт бөлімді қамтыды. «Сәлем — сөздің атасы» кезеңінде әр топ өз аудандарының жетістіктерін таныстырса, «Ұшқыр ой» сұрақ-жауап топтық сайысында LED экран арқылы берілген сауалдарға 30 секунд ішінде жауап берді. Бұдан кейін қатысушылар «Жеті өнер» музыкалық бағамында күлдіргі көріністермен көрермендерді баурап алса, «Ортаны оздыр» бөлімінде кәсиби шеберліктерін паш етіп, көрермендермен байланыста заманауи ойындар ұйымдастырды. Осы аталымдар бойынша сынға түскен командалар, зал толы халыққа ерекше көңіл күй сыйлап, мол қошеметке бөленді. «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, байқау болғасын жеңімпаз бен жүлдегердің анықталатыны кәдік. Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысының (Қазталов ауданынан басқа) барлық өнер майталмандары қатысқан айтулы байқаудың жеңімпаздарын  ҚР мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, қазылар алқасының  төрағасы Гүлсім Қадешова марапаттап, дипломдар мен ақшалай сайлықтар табыс етті.

Аталмыш байқауда Жаңақала аудандық мәдени демалыс орталығының директоры Арна Мүбәрак жетекшілік ететін «All inclusive» тобы 4 кезеңнен де сүрінбей өтіп, қазылар алқасының шешімімен бас жүлдені жеңіп алды. Айта кетсек, бұл күн – Жаңақала жұртшылығына үшін қуанышты хабарды жеткізген, мерейлі күн болды. Жалаулатып сүйінші сұраған сәттер де аз болмады. Топырағы аты аңызға айналған талай өнер иелерін толғатқан қасиетті өлкеміздің ұл-қыздарымен мақтандық. Ол, әрине, жаңашыл «All inclusive» тобы мүшелерінің таудай талабы мен бармақтай бағының арқасы. Ауданымыздың абыройын асырған өнерпаздарымыз әлі де биік-биік белестерді бағындырып, өнерлері өрлей берсін дейміз.Гран при

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар