30.05.2016, 15:48
Қараулар: 365
Түлектер тартуы

Түлектер тартуы

25 мамыр күні Жаңақазан ауылындағы М.Жүнісов атындағы орта мектебінде «Соңғы қоңырау» салтанатты жиыны өтті. Шараның шымылдығы еліміздің Әнұранымен ашылды. Жиынға аудан әкімі Л.Хайретдинов, аудандық білім бөлімінің басшысы Е.Қадыров, ауылдық округ әкімі С.Ғұбашев, сондай-ақ, ардагер ұстаздар, ата-аналар мен түлектер қатысты. Алғашқы құттықтау сөз сөйлеген мектеп директоры Айда Ғұбашева оқушылар мен ұстаздарды мерекелерімен құттықтап, түлектердің алдағы ұлттық бірыңғай тестілеуден сәтті өтулеріне тілектестік білдірді.

Жалпы М.Жүнісов атындағы орта мектепте 335 оқушы бар екен. Олардың 87-і оқу екпіндісі болса, оқу озаты – 81. Биылғы оқу жылында 11-сыныпты 27 оқушы бітіреді.

Жиын барысында аудан әкімі Л.Хайретдинов сөз алып, жаңақазандықтарды мерекемен құттықтап:

-Бүгінгі түлектерімізді үлкен сынақ күтіп отыр. Санаулы күндерден соң ҰБТ сынағы өтеді. 11 жыл бойы алған білімдеріңді дәлелдесеңдер, ұстаздарыңды, ата-аналарыңды қуантасыңдар. Қала берді ауылдың, елдің мақтанышына айналасыңдар. Сіздерге алдағы сынақта үлкен сәттілік тілеймін,-деген ол түлектерден зор үміт күтетінін тілге тиек етті.

Сосын 11-сыныптың оқу екпіндісі мен белсенді түлектері А.Қамидуллина, Н.Мақсотов, А.Асқаровалар «Білім кілтін» 1-сынып оқушылары Г.Болатқызы мен А.Ермекқалиевке табыс етті.  Ал соңғы қоңырауды мектеп түлегі М.Ғұбайдуллин мен 1-сынып оқушысы Р.Ғалымжан соқты. Мұнан кейін жыл бойы үздік, жақсы оқыған оқушылар, мектептің қоғамдық өміріне белсене араласқан оқушылар, ұстаздар марапатталды. Сонымен қатар, мектеп бітіргендеріне 5,10,20 жыл толған түлектер құттықтау сөз сөйлеп, ұстаздарына сый-сияпат жасады.

Бір күн бұрын осы округте дала қызықтарын өткізуге ұйытқы болғандардың бірі «Достар» шаруа қожалығының жетекшісі Д.Қарағойшин 1996 жылғы бітірген түлектер атынан жылы лебізін білдіріп, бірнеше оқушыға (оқу озаттары, көп балалы отбасының балалары, түрлі байқаулардың жеңімпаздары) демеушілік білдірді. Сондай-ақ, ол бұл мерекеге орай ауылдың кіре беріс қақпасын өз қаржысына жасатып жатқанын айтты.

Жиын соңында 11-сынып оқушылары алтын ұя мектебімен қоштасу сәттегі жүрекжарды тілектерін, әнмен, өлеңмен, қоштасу вальсімен жеткізді.IMG_9496