6.06.2016, 16:05
Қараулар: 94
Жазықсыз жапа шеккендерге тағзым

Жазықсыз жапа шеккендерге тағзым

Бүгінде репрессия құрбандарының басым көпшілігі ақталғанымен, жан жарасы жазыла қойған жоқ. Сондықтан, ұлтын сүйген кешегі арыстардың тұлғасы уақыт өткен сайын ірілене түсуде. Бұл бағытта бүгін аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен Жаңақала колледжінің саябағында 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай «Ұрпақтардың зердесін — өшіре алмас ғасырлар, Әрқашан да елдесің, ұмытылмас асылдар!» атты митинг жиын өтті.

Шараға аудан әкімі Лавр Хайретдинов бастаған ауыл тұрғындары қатысты. Жылдағы әдетінен жаңылмаған жаңақалалықтар да дәл осы күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан кейін зұлматты жылдарда жапа шеккен, жазықсыз құрбан болған ата-баба рухына аудандық мешіттің имамы Жомарт Лұқпанов құран аяттарын бағыштап, елдің тыныш болуына дұға тіледі.

-Сан мыңдаған отандасымыз құрбан болған сол сұрапыл жылдарды ұмытуға болмайды. Егемендікке қол жеткізу үшін сол заманғы ұрпақ қандай қиындықтарды еңсеріп, қандай азаптарды бастан кешкендерін жас ұрпаққа айтып отыру керек. Олардың қанымен келген Тәуелсіздікті сақтайық. Азаттықты аялай, азаматтарымызды ардақтай білейік. Енді мұндай қасіретті ұрпақтарымыздың басына бермесін,-деді жиында алғаш сөз алған аудан әкімі Л.Рашидұлы. Сосын жазықсыз жапа шеккен жерлесіміздің ұрпағы, «Бірлік мал зауыты» ЖШС-нің директоры Қ.Ешімов пен еңбек ардагері О.Өтегенов сөз сөйледі.

Жиын барысында саяси қуғын-сүргінді бейнелейтін аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері қойған инсталяцияланған көрініс көптің көңілінен шығып, көңілге шер, жанарға жас ұялатып, әлеуметке ерекше әсер қалдырды. Сонымен қатар, дүйім елге ақын Ғайсағали Сейтақтың «Бостандық боздағы» өлеңін Жаңақала ЖОББМ-нің 10-сынып оқушысы Н.Кәрімова, А.Ахматованың «Посвещение» өлеңін оқырман А.Тұрмағамбетова нақышына келтіре оқып берді. Содан соң Б.Шүкеновтің сөзіне жазылған «Отан Ана» әнін шырқаған А.Бисенғалиев шараны қорытындылады.

Бұл күні Жаңақала колледжінің асханасында саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне орай марқұмдардың аруағына арналып ас берілді.IMG_9721