6.06.2016, 16:09
Қараулар: 93
Бүлдіршіндер мерекесі

Бүлдіршіндер мерекесі

Жаңақала ауданындағы Достық алаңында 1 маусым -Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік шара өтті.

Мерекелік шараға аудан әкімі Л.Хайретдинов қатысып, балаларды мерекесімен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.

— Балаларды қорғау күні — ежелгі халықаралық мейрамдардың бірі. Алғаш рет бұл мейрам туралы 1925 жылы Дүниежүзілік Женева конференциясында айтылды, сол конференцияда балалардың саулығы туралы мәселе қарастырылып, 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні болып белгіленді.

Балаларды қорғау күніне тілектер әрдайым жарқын әрі жылы ниетте болуы керек. Өйткені әлемдегі ең құнды байлықтың бірі — баланың жарқын күлкісі мен көңілді көздері екені сөзсіз. 1 маусым — әр баланың бақытты балалық шағы болуы тиіс екенін еске салады. Бала біздің басты байлығымыз, оларды қорғау, жан-жақты жағдай жасау, тәрбиелеу міндетіміз, — деді аудан басшысы.

Мерекелік шара көңілді көрініспен ашылды. Сахнаға көтерілген сараң хан айтқанын екі етпейтін нөкерлерімен мақтанып, олардың өнерін тамашалайды. Одан әрі мерекені қыздырып, ханның көңілін көтеруге тырысқан балалар бірі әуелете ән салса, бірі мың бұрала би биледі, енді бірі жырдан шашу шашты. Әсіресе көрермендер «Үнді» биін мың бұрала билеген ең жас өнерпаз А.Ермекқалидың өнеріне риза болса, «Батырлар» биін билеген Жауқазын балабақшасының балдырғандары мен «Сарбаздар» биін сылана билеген «Балбөбек» балабақшасының бүлдіршіндері мерекелік шараның көркін қыздырды. Одан әрі Шығайбай мен Бәйбіше көрінісін тамашалаған бүлдіршіндер ертегі кейіпкерлері Таусоғар, Желаяқ, Алдар Көсе, Қожанасыр, Бай, Буратино, Мальвина, Артемонмен флешмоб билеп, ертегі әлеміне саяхаттады.

Бұдан бөлек Достық алаңында балалардың ұлттық ойынға қызығушылығын арттыру мақсатында ер балалар арасында асық, бестабан, арқан тартыстан жарыс өтіп, қорытындыланды. Балалар аудандық мектептен тыс жұмыс орталығының ұйымдастыруымен «Әрқашан күн сөнбесін!» тақырыбында асфальтқа сурет салудан жарысып, бір-біріне аквагрим жасап, әр түрлі аңдардың бейнесін сомдады.
Бұл күні аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен өтетін дәстүрлі аудандық «Гүлдер шеруі» байқауы да өз мәресіне жетті.SONY DSC