13.06.2016, 11:08
Қараулар: 348
Ауыз ашар беру сауапты іс

Ауыз ашар беру сауапты іс

Мұсылмандардың басты бес парызының бірі – ораза тұту.  Қасиетті Рамазан айының алғашқы күні  аудандық орталық мешітте аудан әкімшілігінің ұйымдастыруымен ораза тұтушы жамағатқа ауыз ашар дастарқаны жайылды. Ауыз ашардан бірер сағат бұрын жиналған жамағатқа аудандық мешіттің бас имамы М.Жахатов Рамазан айында ораза ұстаған адамға ауыз ашар берудің сауабы туралы уағыз айтып, Рамазан айының қадір-қасиеті туралы Құран аяттары мен пайғамбар хадистерімен сабақтап, әсерлі әңгіме өрбітті. Сондай-ақ бүгінгі таңда орын алып жатқан келеңсіз жайттар турасында түсінік бере отырып, барша жамағатты сабырға шақырды. Келесі кезекте сөз алған аудан әкімі Л.Хайретдинов ораза тұтушы ауыл тұрғындарын он екі айдың сұлтаны-қасиетті Рамазан айымен құттықтап, «ораза айы мүбәрак болсын» деген тілегін жеткізді.

Одан соң құран оқылып, дұға жасалып, жиналған жамағат мешіт жанындағы діни сауат ашу орталығында жайылған ауыз ашу дастарханына жайғасты. Дастархан басында үлкендер жағы  Рамазан айының қадір-қасиеті туралы, оразаны тек ішіп – жеуден тыйылу үшін ғана емес, қол, көз, тіл күнәларынан да сақтану үшін ұстау қажеттігі және дәстүрлі діни құндылықтар туралы  жиналғандарға танымдық түсінік берді.

Сонымен қоса дастархан басында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Қалаубек Баубекұлы ауыз ашар беру әр мұсылман үшін сауапты іс екенін айта отырып, жыл санап ауыл тұрғандарының арасында ораза ұстаушылар қатарының көбейіп келе жатырғанын сөз қылды. Соған сәйкес ауыз ашар беруші мекемелер қатары да көбейгенін, алғашқы болып аудан әкімшілігі беріп отырған бұл ауыз ашарды әрмен қарай мекемелер, кәсіпкерлер болып жалғастырмақшы ниетте екендігін тілге тиек етті.IMG_4732