20.06.2016, 12:24
Қараулар: 641
Гиппократ антына адал жан

Гиппократ антына адал жан

Кез келген адам өз ғұмырында орайы келгенде дәрігердің жәрдеміне жүгінеді. Тіпті дені сау жанның өзіне жылына бір мәрте тексерістен өтуге, рентгенге түсуге шарт қойылады. Гиппократ антына адалдық танытқан мәртебелі мамандық иелері тіпті жеке уақытын да аямай, адамды да, жол жағдайын да таңдамай, ауа райын да елемей, жыл он екі ай алғашқы көмекке асығады. Ақ халат киген, өңінен иманжүзділіктің нұры төгілген, дәрі-дәрмек шабаданымен сапарда жүрген абзал жандардың кәсібі осы.

Бақытын жаны қалаған мамандықтан тауып, қиналып келген сырқаттың жанын кілтсіз ашатын осындай ақ желеңді дәрігерлердің бірі — Жаңақала аудандық орталықтандырылған аурухананың рентгенолог дәрігері Құрманәлиева Айман Октябрқызы.

Қазталов ауданында дүниеге келген ол 1977 жылы Орал қаласындағы С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған мектепті тәмамдағаннан кейін жүрек қалауымен Ақтөбе мемлекеттік медицина институтына рентгенология факультетіне оқуға түседі. Қағылез жас 1986 жылы Қазақстандағы таңдаулы оқу орындарының бірі саналатын Ақтөбе мемлекеттік медицина университетін абыроймен аяқтады. Дипломды маман көп ойланып жатпастан жолдамамен Жаңақала ауданына жұмысқа аттанды. Ондағы мақсаты  ауылдағы медицина сапасын жақсартуға өз үлесін қосу еді. Оның үстіне өзі туып өскен Қазталовпен көршілес жатқан Жаңақала ауданының ел ішіндегі  тыныс-тіршілігі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жас маманға жақсы таныс еді. Мұның өзі оның жаңа ортаға тез бейімделуіне, ұжыммен жылдам тіл табысуына септігін тигізді. Келген бойда мақсаткер маман теориялық білімін дәрігерлік практикасында кәдеге жаратып, медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға білек сыбана кірісті. Осы жылдар ішінде ол бірге қызмет жасаған С.Сүлейменов, А.Башенов, С.Сатқанов сынды мамандардан тәлім алып, оларды үлгі өнеге тұтқанын, келешекке берік негіз қалағанын ризашылықпен еске алады. Теорияны тәжірибемен сәтті ұштастыра жүріп, диагноз қою, ем қолдану тәсілін сәтімен меңгерген Айман өзінің таудай талабымен, бірегей ізденісімен 2001 жылы рентгенолог қызметіне қоса УЗИ мамандығын игерді.Бүгінде рентгенолог, УЗИ дәрігері қызметін қатар алып жүрген білікті дәрігер әңгіме барысында қазіргі медициналық қызмет көрсету жайында өз ойын білдірді.

— Бүгінгі таңда сырқаттарды емдеу жылдан жылға жақсарып келеді. 2013 жылы жаңа ғимаратқа көшкелі ренгенология бөлімі замануи құрал-жабдықтармен қамтылды. Оған дейін ескі құрылғылар біраз қол байлау болып, қызметімізге кедергі келтіргені жасырын емес. Осы ауруханада рентгенолог  болып жасағаныма биыл 30 жыл уақыт болды. Негізінде диагностикалық сәуле бөлімі делінуі керек. Ал қазір жәй ғана рентген қызметі дейді. Бізде бір рентгеноскопия, бір флюорография  жалпы екі кабинет жұмыс істейді. Соңғы рентгеноаппараттардың сапасы жоғары. Аппараттардан бөлінетін сәулелердің адам денсаулығына зиянды екенін ешкім де жоққа шығарған емес. Әрине өмір болғасын бәрі болады. Бірі жылайды, бірі ішіне сыймаған мұңын шағады, бірі қуанады. Біз осы жандардың бәрінің бабын тауып,  жанына дауа іздеген жанға қол ұшын бере алсақ біздің еңбегіміздің ақталғаны. Қазіргі таңда нәтижелі жұмыстың арқасында ауданда туберкулез ауруы азайып келеді, -дейді дәрігер.

Қарапайым игі еңбектің бағаланғаны да абырой. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының, облыстық кәсіподақ ұйымының Алғысхаттары маңдай тердің өтеуі болса, сауыққан, ем алған адамның күнделікті алғыс-батасының өзі мың марапатқа тең.

Бүгінде Айман-мекемеде дәрігер, халық арасында шипагер, отбасында адал жар, тәңір тарту еткен үш перзенттің ұлағатты анасы. Тұңғышы Заря тұрмыста, ортаншысы-Баубек Қ.Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университетін аяқтап, қазір мемелекеттік қызметте. Кенжесі Мереке 10 сыныпты аяқтады.  Жұмысына әрбір таңда дем берген, қызмет бабына түсіністік танытатын отағасы Шияп Мүбараковқа, ортақ мәселенің шешіміне жұмыс ыңғайымен қолдау көрсететін аудандық орталықтандырылған аурухананың директоры С.Сайынұлына дән риза. Қызметтен, негізгі үй тірлігінен қолы босаған сәттерде көркем әдебиетке, бақша баптауға, әсіресе гүл өсіруге жаны әуес.

Еңбек кітапшасында бір ғана жазу Жаңақала аудандық орталық ауруханасы белгіленген дәрігер енді Алла қаласа осы жерден зейнетке шығуды армандайды. Бүгінде ұзақ жылғы жемісті еңбегі еленіп түрлі марапаттарға ие болған Айман Октябрьқызы үшін алдына келген адамның жан жарасын жаза білсе, оған одан асқан бақыт жоқ.13441945_498561717005957_948142872_o