8.06.2016, 15:08
Қараулар: 347
«Достық керуені» — Жаңақалаға жетті

«Достық керуені» — Жаңақалаға жетті

IMG_6292Осыдан екі жыл бұрын бастау алған «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» аясындағы мегажоба әуелгі әдетінен жаңылмай биыл да жалғасын тапты. 23 маусым күні Қазталов ауданы әкімі Нұрлан Бекқайыр бастаған делегация эстафетаны табыстау үшін Жаңақала ауданына келді. Малы аралас, қойы қоралас, ежелден көршілес Қазталов жұртшылығын қонақжай жаңақалалықтар сән-салтанатымен ерекше қарсылап алды. Дәстүрімізге сай келген қонақтарға ақ дәм ұсынылды. Сосын амандық-саулықтан соң еліміздің көк байрағы мен Ассамблея туларын желбірете ұстаған  аттылылар қонақтардың көшін бастап ауылға кіргізді. Алдымен ел қонақтары аудандық мешіт жанынан ашылған діни сауат ашу орталығында болып, оқу ордасының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұдан соң аудан орталығындағы «Тастөбе шайқасы», «Бөкей көші» ескерткіштері мен «Даңқ саябағына» ат басын бұрды. Мұнан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоғын қойып, аудандағы әлеуметтік нысандарды аралады.

Өңірімізбен танысқан қонақтар сағат 11:30-да  теңдей екіге бөлініп, Жаңақала мектеп-гимназиясы мен рухани орталықта дөңгелек үстел өткізді.

Жаңақала мектеп-гимназиясының акт залында өткен дөңгелек үстел «Мәңгілік ел – болашағы біртұтас ұлт» тақырыбында өрбіді. Бұнда қонақтарға «қош келдің» айтқан аудан әкімі Л.Хайретдинов жыл ішінде атқарылған жұмыстардың барысын хабарлап, Жаңақала ауданының негізгі даму көрсеткіштерін слайд арқылы көрсетіп шықты. Артынша сөз алған БҚО, Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов сан ұлт өкілдерінің басын біріктіретін өз саласы бойынша  өткенге шолу жасады.

Айта кетсек, газетіміздің өткен санында Қазталов ауданы жөнінде «Көрші келбеті» айдарымен оқырмандарға толық мағлұматты жариялаған едік. Сол жайды ескерген Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Мағазұлы ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайына тоқталмай, бірден бірге келген делегация өкілдерін таныстырып өтті. Жиын барысында сөз алған Қазталов ауданынан келген еңбек ардагері, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов тыныштықты басты байлығымыз десе, «Қазталов – несие» серіктестігінің төрағасы Абай Багисов пен «Қоғамдық келісім» КММ-нің медиаторы Талшын Мұқатқызы еткен еңбек жолдарын әңгімелеп, тәжірибелерімен бөлісті. Ал аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали елдің дамуы мен Елбасының көреген саясатын ұштастыра, көпшілікке ой саларлықтай көкейкесті мәселерді қаузады.

Дөңгелек үстел соңында Жаңақала ауданы әкімі Л.Рашидұлы мен Қазталов ауданы әкімі Нұрлан Мағазұлы ауданаралық «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында ортақ меморандумға қол қойды. Бұл саяси құжат шекаралас жатырған қос аудан басшысының келісімімен ауылшаруашылық, ветеринария және кәсіпкерлік саласы, білім, мәдениет пен спорт, ішкі саясат, медицина, жұмыспен қамту, су шаруашылығы, төтенше жағдайлар мен қылмыстың алдын алуға, бірлесе жұмыстану мақсатында жасалды.

Сондай-ақ, осы жиында Қазталов ауданы әкімі Н.Мағазұлы жаңақалалық Ұлы Отан соғысының ардагерлері М.Жадановқа, А.Қойысовқа, М.Мирмановқа, мемлекеттік қызметкерлер күніне орай аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Ж.Семеновке және Жаңақала мектеп-гимназясы ұжымына сый-сияпат жасап, жүрекжарды тілегін жеткізді.

Ал ауданымыздағы Рухани орталықта өткен дөнгелек үстелге екі ауданның үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері жиналды.  Ассамблеяның рөлі, үкіметтік емес ұйымдардың оң тәжірибелері, азаматтық қоғам институттарының белсенділігі тақырыбында өткен дөнгелек үстелде алғашқы болып сөз бастаған Жаңақала ауданы  әкімінің  орынбасары Айзада Шүкірғалиева төрімізде басымыз, төскейде малымыз қосылған көршілес Қазталов ауданынан келген өкілдерге «қош келдіңіздер» дей отырып,  Қазақстан Халқы Ассамблеясы, «Мәңгілік ел» патриоттық актісі, «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы, «Қайырымдылық керуені» акциясы туралы баяндады. Және ауданымыз Елбасының бұл салиқалы саясаттарын қолдап,  осы орайда түрлі шаралар өткізіп келетіндігін тілге тиек етті. Сөз соңында дөнгелек үстелге Жаңақала ауданының атынан қатысып отырған өкілдерді таныстырып, сөз кезегін Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитоваға ұсынды. Ал  Зәйлім Мәжитова өзін және өзі бастаған өкілдерді таныстыра келе, құшақ жая қарсы алған кең пейіл көршілерінің қазақи қонақжайлықтарына ризашылық танытып,  алғысын  білдірді. Емен жарқын әңгімеге ұласқан бас қосуда төрағалық етушілер қатарынан Қазталов  аудандық «Әжелер шапағаты» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Қыз Жібек» термешілер тобының жетекшісі Баян Қабиева ана мен баланың, ене мен келінің қарым-қатынасы және қоғамдағы әйелдің рөлі туралы сөз қозғаса, Жаңақала ауданының еңбек ардагері Нәсіпқали Мақанов аталы әңгіме ретінде «Кердері»,  «Күй құдіреті» аңыздарымен бөлісіп, қос өзеннің қос бетін жайлаған көршілес екі ауданның ұқсатығын айтып, ауданымыз туралы сыр шертті. Сондай-ақ, дөңгелек үстелге төрағалық етуші Қазталов аудандық «леди Лиза» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Елизавета Қайбышева кәсіпкерлік, сол ауданның маслихат депутаты Гүлфия Иванқызы «25 игі іс» акция туралы ой қозғаса,  «Нұр Отан» партиясы Жаңақала аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рухолла Саматов ауданымыздың даму барысы және ауылшаруашылығы туралы айта келе, әріптестерінің жұмысына сәттілік тіледі.

Келесі кезекте Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Айзада Шүкірғалиева дөнгелек үстелге қатысушы өкілдерге пікір алмасып, ұсыныстар айту  үшін сөз кезегін ұсынды. Өкілдер өз кезегінде аудандарының даму барысын, атқарылып жатырған игі істер мен  болашақта атқарылатын көлемді жұмыстардың жоспары және қоғамдық бірлестіктердің қызметі шеңберінде ойларын ортаға салды.

Одан әрі дөнгелек үстел қайырымдылық шарасымен жалғасты.

  • Біз балалардың болашағына жауаптымыз. Бала болашағына алаңдау, ел болашағына алаңдау деп білемін. Сол себепті біз балаларымызды да ұмыт қалдырмай, «Берсен балаға бер» дегендей кәсіпкерлердің демеушілігімен  алынған сый сияпатымызды ала келдік,-деген Зәйлім Мәжитова ауданымыздағы көп балалы, аз қамтылған он отбасының балаларына ұялы телефон,  бала кезден мүмкіндігі шектеулі 10 адамға термочайник және аудандық балалар бақшасына су тазартқыш құрылғы сыйға тартты. Ал балаларымен бірге сыйлыққа қуанған ата-аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандар қазталовтықтардың мейрімділігі мен құрметіне дән риза болып, алғыстарын жаудырды.

Өкілдер  өз қызметтері төңірегінде тәжірибе алмасып, екі ауданның экономикасын  мен шаруашылығын салыстыра отырып талқыға салған жиынды Айзада Шүкірғалиева қортындылады.

Қонақтар түскі астан кейін қонақтар Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ауданмыздағы мәңгілік алау стелласы мен ауданымыздан шыққан төрт Кеңес Одағының батырларының ескерткіштеріне  және  алыптар алаңына  гүл шоқтарын қойып,  тағзым етті. Бұл рәсімнен соң Қазталов ауданының дайындаған концерттік бағдарламасы басталды.  Аудандық мәдени демалыс орталығын лық толтырған аудан тұрғындары және қонақтар екі ауданның шеберлері дайындаған қолөнер көрмесін тамашалап, әсерлі кештің куәсі болды.

Үлкен дайындықпен келген қазталовтық өнерпаздардың концерті «Дала сарыны» биімен ашылды. Сонымен қоса киелі қара домбырада орындалған  күйшілердің күйі, тебірендіре тартқан термешілердің термесі,  мың бұрала билеген бишілердің билері және әр түрлі аспаптарда ойнаған өрендердің өнерлері көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақтың әсем әндерімен қоса Британ,  Италян компазиторларының әндерін шырқата орындаған  қара көз қазақ балаларының әндері көрермендердің жүрегіне жол таба білді десек артық болмас. Баса айта кетері, көрермендердің қошеметіне ие болып, оларды ерекше көңіл-күйге бөлеген қазталовтық квинтеттің орындауындағы   «Қамыс самар» әні болды. Жерлес ақын ағамыз  Закария Сисенғалидың сөзіне жазылған әнді  орындаушыларға  халық риза болып,  орындарынан тұра қол соғып, құрмет көрсетті.

Өнер сүйер қауымның оң бағасын алған концерттің соңында  сахнаға «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» мегажобасының эстафетасын табыс ету үшін Қазталов ауданының әкімі Нұрлан Бекқайыр мен Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов шақырылды. Нұрлан Мағзомұлы жаңақалалықтарға және аудан басшылығына шексіз алғысын айта отырып, Лавр Рашидұлына естелік сыйлығы мен мегажоба эстафетасын табыс етсе, керісінше Жаңақала ауданы басшысы:

-Бұл концерт күні кеше келіп кеткен облыстық филармонияның  концертінен еш кем емес,- деп жоғары бағасын берді. Және  «Бейбітшілік пен келісім жол картасы» мегажобасының эстафетасын қабылдап, алдағы уақытта мегажоба аясында баратын Шыңғырлау ауданына аман-есен жеткізетіндігіне сендірді. «Сыйға сый, сыраға бал» дегендей аудан атынан қазталовтық басшыға , еркіндіктің белгісі егемен еліміздің символы ретінде қыран құстың мүсінін тарту етті.