6.07.2016, 15:30
Қараулар: 88
Мемлекеттік қызметкерлер марапатталды

Мемлекеттік қызметкерлер марапатталды

Мемлекеттік қызметкер жеке дара саланы қамтитын мамандық иесі емес. Ол Елбасымыздың саясатын жергілікті жерде жүргізуші, халық пен билік арасында тығыз байланыс орнатушы, елдің мұң-мұқтажын жеткізуші. Бір сөзбен айтқанда мемлекетіміздің бет-бейнесі.

Президентіміз бүгінгі күні мемлекеттік қызметкерлерге үлкен сенім артып, тың міндеттер жүктеп отыр. БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарына сәйкес БҰҰ-на кіретін мемлекеттерге 23 маусым — Мемлекеттік қызметкерлер күні деп атап өтуі керек деген. Осыған орай бұл күн Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес күнтізбеге кәсіби мереке ретінде енгізілді. «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ» деген қазақ. Жаңақала мектеп-гимназиясында Мемлекеттік қызметшілер және Полиция күніне арналған салтанатты шара өтті.

Жиынға арнайы қонақ ретінде республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің БҚО бойынша меншікті тілшісі Темір Құсайын мен Қазақстанның құрметті журналисі, жерлесіміз Еламан Әйпішев қатысты.

Салтанатты шара барысында өз қызметін абыроймен атқарып жүрген мемлекеттік қызметшілерді аудан әкімі Л.Хайретдинов кәсіби мерекелерімен құттықтады. Сондай-ақ, ол Батыс Қазақстан облысы әкімінің Алғысхатын Қызылоба ауылдық округінің әкімі Нұржан Бердіғалиев пен аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкері Аян Базаровқа табыс етті. Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері департаментінің Алғысхатымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Еркін Сапаров, Жаңақала ауылдық округінің әкімі Елжас Танзенов, Жаңақала аудандық аумақтық инспекциясының басшысы Светлана Бекқалиева марапатталды. Ал, БҚО ішкі істер департаментінің Алғысхаты аудандық ішкі істер бөлімінің көші-қон полиция тобының аға инспекторы Данияр Байдуллинге табысталды. Сосын мерейлі күнге орай, осы жолда адал қызмет атқарған зейнеткерлер мен еңбек ардагерлері және бірқатар мемлекеттік қызметкерлер аудан әкімі Лавр Хайретдиновтың Алғысхатымен марапатталып, шағын естелік сыйлықтар табыс етілді.

Жиын соңында «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы шеңберінде Қазталов ауданын қарсылауда және ҚР Мемлекеттік қызметшілер күніне байланысты  ұйымдастырылған шаралардың жоғары деңгейде өтуіне қосқан үлесі үшін аудандық мәдени демалыс орталығының директоры Арна Мүбәракқа аудан басшысы Алғысхат табыстаса, Жаңақала мектеп-гимназиясының директоры Лариса Тұрарқызының атына да Алғысхат жолданды.

Шарада аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали және басқалары құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Аудандық мәдени демалыс орталығының ұжымы ұйымдастырған кеш көптің көңілінен шыққан кеш болды.

Кешті аудан әкімі Лавр Рашидұлы қорытындылады.Мем қызмет