16.07.2016, 11:09
Қараулар: 495
Ораза айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі

Ораза айт – мұсылмандардың ұлық мерекесі

IMG_7292Алла тағаланың разылығы үшін отыз күн ораза тұтқан исі мұсылман баласы үшін ұлық мереке – Ораза айт мерекесі.
Бұл күнді біздер Алла тағала қасында ұлық болған Рамазан айын зор құрметпен шығарып салып тұрып, үлкен сауап пен нығыметке қауышқанымыз үшін мерекелейміз.

Осыған орай ауыл тұрғындары 5 шілде күні аудандық мешітте Ораза айт мерекесін атап өтті. Бұл күні таң сәріден аудандық мешітке ағылғандар қатарының қарасы әдеттегіден көп болды.  Жиналған жамағат алдымен намазға тұрып, жаратушы иемізге құлшылық жасады. Айт намазынан кейін аудандық мешіттің бас имамы Мұратбек қажы Жахатов мешітке келген жамағат алдында он екі айдың ішінде ұлық болған Рамазан айының қасиеті, айт мерекесінің ерекшелігі жөнінде уағыз айтып, дініміздің қуатты, күніміздің шуақты, аспанымыз ашық, ел іргесінің бүтіндігін Алла тағаладан тілеп дұға жасады.
Айт намазына арнайы келген аудан басшысы Лавр Хайретдинов мұсылман жамағатын Ораза айт мерекесімен құттықтап, Елбасының жүргізіп отырған сындарлы саясатына сай барша аудан жұртшылығына бірлік пен береке, өзара түсіністік пен ынтымақ тіледі.
Намаздан шыққан жамағат бір-бірін айт мерекесімен құттықтап, көтеріңкі көңіл күй, шат-шадыман сезіммен тарқасты.
Н.ҒАББАСОВ