16.07.2016, 11:15
Қараулар: 475
Тәрбиесі мол тәлімді кеш

Тәрбиесі мол тәлімді кеш

4 шілде күні Жаңақала мəдени демалыс орталығында аудандық мешіттің бас имамы Мұратбек Жахатовтың ұсынысымен «Ата-анаға құрмет — ұрпаққа міндет» атты рухани кеш өтті. Тәлімі мен тәрбиесі мол шараға аудан әкімі Лавр Хайретдинов, ауылдық округ әкімдері, бөлім басшылары, ауыл ақсақалдары және жастар қатысты.

Тәлімді кештің шымылдығын ашуға шыққан аудан басшысы:

  • Бүгін қасиетті Рамазан айымыздын соңғы күні рухани маңызы бар үлкен шараға ұласып жатыр. Осындай жақсы кешті өткізуге ұсыныс түсірген аудандық мешіттің бас имамы Мұратбек қажыға және оны қолдап, шараны өткізіп жатырған мәдени демалыс орталығының ұжымына ризашылығымызды білдіреміз. Жалпы бұндай шаралардың тек Рамазан айында ғана емес, бізге күн сайын керек екенін сіздер мен біздер жақсы білеміз.

Жаңа шара керемет бейне роликпен басталды. Қысқа болса да үлкен ой тудыратын сюжет. Шынында да, біз мемлекетке қызмет етеміз деп жұмыста жүреміз, одан шаралар,  бітпейтін бір қонақтық және тағы да басқа жағдайлармен журіп еліміздің болашағы, өзіміздің сүйікті балаларымызға кейде бес минут уақыт тапай қалып жататынымызды мойындауымыз қажет. Енді оны бізге осындай шаралар арқылы маңдайымыздан шерітіп тұрып айтпаса ескермейтініміз де рас. Сондықтан бүгін бізге берген осындай сабақтарың үшін рахмет. Ендігі жерде осындай шара әр мектепте, әр балабақшада жұмасында кемінде бір рет өтіп тұруы керек деп есептеймін. Сонда біздің қоғамымызда бүгінгі күні көптеп кездесіп жүрген қиындықтар болмас еді. Соның ішінде теріс діни ағымға түсіп алып, өзін бағып, қағып өсірген анасының қолынан тамақ ішпей, әкесін жерлеуге бармай, тіпті адам өлтіріп, террорлық актіге барып жатқан балалар біздің ортамыздан шығып жатыр. Олар қазақ балалары,  сақалын сапситып, қолдарына қару алып көшеде шауып жүрген басқа ұлт өкілдерін көрдіңіздер ме?! Сайып келгенде оның негізі біздің тәрбиеміздегі олқылықтарда жатыр, оны біз мойындауға тиіспіз. Сондықтан бұндай тәлімі мол, адамгершілікті, адамдардың бір-бірімен қарым қатынасын насихаттайтын шаралар мол болуы қажет.- дей келе тарих қойнауынан сыр шертті.

Одан әрі рухани кеште ата- ананы құрметтеу туралы  аяттар мен хадистер оқылып, көрермендердің санасына үлкен ой тастайтындай бейне роликтер көрсетілді. Оладың әр қайсысына Мұратбек қажы жекелей тоқталып, ұғыныңқы тілде түсінік бер отырып, өз ақыл кеңесін айтты.  Көрермендер ұлағатты сөздермен қоса Қ.Айдарбековтың орындауындағы «Аяулы ана»,  Ж.Шукинаның орындауындағы «Иман келтіру» және М.Жұмашевтың орындауындағы «Бір АЛЛА» атты тәрбиелік мәні бар әндерін тыңдап, рухани азықтанды. Сондай-ақ кішкентай қызымыз Әмина Жұмагерейқызының оқыған  «Анашым»  көркем сөзі көпшілікті тебірентіп, кей аналардың көздеріне жас үйірді. Шара соңында зейнеткер ақсақал Н.Мақанов сақына төріне шығып, аталмыш шараның өте жоғары деңгейде өткенін айтып, өз пікірімен бөлісті.

IMG_7130