16.07.2016, 11:29
Қараулар: 336
Атқарылған да, атқарылатын да істер аз емес

Атқарылған да, атқарылатын да істер аз емес

-Мал шаруашылығын дамыту басты бағыттарымыздың бірі. Сондықтан сіздермен жүздесіп, осы саланың аудандағы мән-жайымен танысу үшін, өзекті мәселелерді өз ауыздарыңыздан  естіп, одан шығудың жолдарын бірлесе талқылау мақсатымен келдік,-деді Жаңақала ауданына іс-сапарын шабындық басында қызылобалық шаруа қожалықтарының басшыларымен кездесуден бастаған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов.

Осыған орай осы округтегі лимандардың суландыру жүйесін әңгімелеген Жаңақала ауданы әкімінің орынбасары Дархан Закарин:

-Аудандағы суармалы лимандардың жартысына жуығы осы Қызылоба округінде. Биыл су тәуір келді дегеннің өзінде алты лиманның үшеуіне су шықты. Су алудағы басты қиындықтар – каналдар мен су қақпаларының тозып, су ұстамауы. Онсыз да аз келген суды ысырапсыз алу мүмкін болмай жүр,-деп су қақпаларын жаңартуға қаржы қажеттігін алға тартты.

-Соңғы жылдары бізге суды Жайық тасығанда ғана беріп келеді. Жайық кеш тасиды. Кеш берілген судың пайдасы аз. Бұрын Дөңгелек қоймасына ерте су толтырып, ақпан айының соңынан бастап су бере бастайтын еді. Сол жүйені қалпына келтірсе,-деді «Наурыз» шаруа қожалығының басшысы Наурыз Бекмашев.

-Қанша су қақпасын жөндеу керек, оған қанша қаржы қажет? Нақты есебін шығарып, ауданның даму жоспарына енгізіп, құжаттарын әзірлеңіздер. Бәрін бірден болмаса да, бұл мәселені шешеміз. Өйткені, мал шаруашылығын дамыту  мал азығының мол қорына, ол суға тәуелді жұмыс,-деді өңір басшысы.

Ал Н.Бекмашевтың ұсынысына  облыстық су шаруашылығының басшылары «Дөңгелек» су қоймасына ертерек су толтыру жұмысын қалпына келтіру төртінші кезекпен жоспарға енгізілгенін мәлім етті.

Облыс басшысы шабындықты аралап көріп, осы мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, биылғы бітік шөпті уақытылы шауып жинап алуды, төрт түлік басын көбейтуді тапсырды.

Қызылобалықтар күні бүгінге дейін 4200 гектар жердің шөбін орып, 7,5 мың тонна мал азығын дайындаған еді.

Ол округтегі тапсырманың 33,9 пайызы. Өңір басшысы округтегі мал азығын дайындау қарқынына ризалығын білдірді.

Мұнан кейін облыс басшысы «Чапаев-Жаңақала-Сайхын» автожолын жөндеп жатқандарға ат басын бұрды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен бұл күре жолды асфальттау өткен жылы аяқталып, ел игілігін көруде еді. Десе де мерзімі келгенде жөнделіп отыратыны да белгілі жай. Биыл жолдың мерзімі келген 51-76 шақырым аралығын күрделі жөндеуге республикалық бюджеттен 1200 млн. теңге қаржы бөлініп, оны жарияланған конкурс жеңімпазы – мердігер «UNISERV» жөндеу жұмысын бастап кеткен еді.

Облыс басшысы жолшылармен жүздесіп, жұмыс  барысымен танысып,  жөндеуді сапалы жүргізіп, уақтылы аяқтауды тапсырды.

Мұнан кейін өңір басшысы Алтай Көлгінов «Мадияр» жеке кәсіпкерлігінде жиналып, күтіп тұрған аудан кәсіпкерлерінің ортасынан табылды.

Мұнда да облыс басшысы кәсіпкерлерге өзінің келген мақсатын әңгімелеп, кәсіпкерлікті қолдаудың аудандағы жағдайын, түйінді мәселелелерін ашық айтуды өтінді.

-Кіл жастардың ортасында бір қарт неге жүр демеңіз. Мен зейнеткерлікке шыққаннан кейін 17 жылдай кәсіпкерлікпен айналыстым. Жасым келгесін ғана балама тапсырдым.

Үкімет кәсіпкерлікті қолдауда кең қолдау көрсетіп отыр. Оның игілігін де көріп отырмыз. Әсіресе Л.Хайретдинов әкім болып келгелі бізде мал өсіру, оның тұқымын асыландыру ісі жақсарды.

Десе де мені жастардың мал шаруашылығына барғысы келмейтіні көп алаңдатады.  Жұмыссыз жастарды қазір тапшылық етіп отырған малшы, механизаторлыққа тартудың бір тетігі жоқ па?-деді зейнеткер Қ.Текебаев.

-Мұның да нақты есебін алып, жұмыс берушілердің қанша еңбекақы төлейтінін біліңіздер. Ойластырып көрейік,-деген облыс басшысы аудандағы жұмыссыздар санын сұрады.

Аудандағы халықты жұмыспен қамту бөлімі басшысының айтуынша күні бүгін ауданда 89 жұмыссыз бар екен. Оның 44-ін малшылыққа бағыттаған, барғаны аз. Бірі мал баққысы келмейді, бірі жұмыс берушімен келіспейді. Қысқасы малшы мен механизатор ауданда қат жұмыс орнына айналып келеді.

Бұл мәселеге байланысты аудандық кәсіптік лицейге арнайы барған облыс басшысы кадр дайындауды аудан қажетіне орай жүргізуді, жұмыссыздықты осы саламен ұштастыруды тиісті адамдарға тапсырды.

-Ерінбеген адамға жұмыс бар. Екі рет үкіметтен несие алып, кәсібімді жүргізіп, өзімді өзім жұмыспен қамтып отырмын. Алғашқы да несие алып, мал өсірдім. Шаруам оңға басып, несие қарызын мерзімінен бұрын қайтардым. Енді екінші рет алып, автокөлікке газ құю стансасын ашумен айналысып жатырмын. Әлеуметтік  жұмыс орнының көмегі көп. Соны пайдаланудамын, -деген кәсіпкер Ә.Бөкеновке қолдау білдірген облыс әкімі қалған кәсіпкерлерді де осындай іскерлікпен жұмыс жасауға шақырды.

Мұнан соң А.Көлгінов рухани орталықта орналасқан кітапханаға кіріп, оқырмандармен тілдесті. Бүлдіршін оқырмандардың тақпағын тыңдап, ризашылық танытып, күй студиясындағы өнерпаздардың өнерін тамашалауды ұмыт қалдырмады.

Рухани орталық залында аудан ардагерлерімен, жастар өкілдерімен кездесуде:

-Бүгін аудандарыңызға  халықтың тыныс-тіршілігімен танысып, мұндағы адамдарды не алаңдатады, не толғандырады, соны білуді, ой бөлісуді мақсат етіп келдік,-деген өңір басшысы шаруа қожалық басшыларымен су алу, мал шаруашылығы жайын, кәсіпкерлермен кәсіпкерлікті дамыту мәселелерін талқылап, пікір алысқанын айтып, көпті көрген қариялардан ашық пікір білдіруді сұрады.

-Ақиық алыптар мен жайсаң жандар еліне қош келдіңіз,-деген соғыс және еңбек ардагері М.Жаданов бұл елде С.Меңдешев батаған талай қайраткерлер мен ғалымдар шыққанын, қазіргі ауданның дамуына ризашылығын айтып, облыс басшысына ақ батасын берді.

-Ендігі батыр еңбектен шығады,-деген аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Н.Өтешова жастарды еңбекке үндей отырып, ашық пікірлесуге жағдай жасаған облыс басшысына аналық тілегін жеткізді.

Сонмен қатар аудан орталығына тағы бір балабақша үйі мен спорттық сауықтыру кешені қажеттілігін облыс әкімінің қаперіне берді.

Ал аудандық мәслихат хатшысы З.Сисенғали аудан халқы үшін маңызды төрт мәселені көтерді:

Біріншісі – Құлшықтан жерасты су құбырын тарту арқылы ауызсу мәселесін шешуге, екіншісі – Сарыкөл, Жуалыой, Мұқыр ауылдарына газ отынын тартуға, үшіншісі – аудан орталығындағы қарқынды құрылысқа ере алмай қалған инфрақұрылым мәселесін шешуге, төртіншісі – аудан орталығындағы көшелерді жөндеуге қаржылық қолдау көрсету еді.

Облыс басшысы бұл мәселелердің бәріне де қанағаттанарлық нақты жауап берді.

Алтай Көлгінов аудандық мешіт, діни оқу орталығына кіріп, жұмысымен танысуына да уақыт тапты.

Түстен кейін өңір басшысы Жаңажол ауылдық округіне жол тартып, ондағы Айдархан су жүйесімен танысып, ауылдарды сумен қамтудың тиімді жолдары жайында мамандармен, Мәстексай, Жаңажол ауылдарының өкілдерімен ой бөлісті.

Мәстексай еңбек ардагері Т.Сапарғазиев пен осы округ әкімі С.Мұхамбетжанова су тапшылығын, қазіргі қиын жағдайды қинала әңгімеледі.

Аудан мен арадағы жолды жөндеу керектігін де айдархандық жергілікті  мәслихат депутаты С.Сұлтанова жеткізді.

Облыс басшысы мамандардың пікірін келтіре отырып, сұрақтардың бәріне тұшымды жауап берді.

-Бар мәселені бірден шешу мүмкін емес қой. Қазір ең бастысы – су мәселесі. Осымен жұмыстанамыз. Қалған мәселелер ретімен, кезегі-кезеңімен шешіледі,-деді өңір басшысы.

Жаңақазан ауылындағы  М.Жүнісов мектебінде де мұғалімдермен жылы жүздесу өтті. Облыс әкімі еліміздің ертеңі – білімді, тәрбиелі ұрпақ екенін әңгімеледі. Мектеп мұражайымен танысты.

Облыс басшысының келерін естіген халық мәдениет үйіне де мол жиналған екен. Мұнда А.Көлгінов модельді кітапхананың ашылуына куә болды. Тұрғындарды Астана күнімен құттықтап, ел тәуелсіздігінің  25 жылдығы аясында атқарылып жатқан істерді сөз етіп, тәуелсіздік тұғырын еңбекпен, ынтымақпен нығайтуға шақырды.

Ауданда алтыншы болып ашылған модельді кітапхананы тамашалап, Ұлттық кітапхана, Орынбор кітапхана басшыларымен байланысқа шықты.

Ел болғасын мұқтажы болатыны белгілі. Мұнда да арнайы келген облыс басшысына ел атынан ауызсу мәселесін шешу, Құлшық құмнан су жеткізу, өткен жылы орта мектеп ашылған Жуалыойға газ тарту, ауданмен арадағы жолды жөндеу, тағы басқа мәселелерді айтып, қолдау сұрағандар қанағаттанарлық жауап алды.

Жаңақала ауданын бір күн бойы аралап, біраз сала өкілдерімен кездесіп, мұң-мұқтаж, ұсыныс-тілектерін тыңдап, мәселелерді саралап, ой түйген облыс басшысы Алтай Көлгінов бір сөзінде ауданда атқарылған да, атқарылатын да істер аз емес деген-ді. Біз осы сөзді сапар қорытындысына баладық.

13585161_1759986607618635_8309258585242197680_o