16.07.2016, 11:32
Қараулар: 585
Астана күніне тарту

Астана күніне тарту

Астана күні мерекесін биыл жаңақалалықтар ерекше салтанатпен тойлады. Орталық Достық алаңына жиылған тұрғындар мен қонақтарға өнер ұжымдары көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мерекелік ән-шашуларын жолдады. Аудан әкімі Л.Хайретдинов халықты Елорда күнімен құттықтап, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бой көтерген Астана аз уақыт ішінде әлемдік деңгейдегі саяси, экономикалық және мәдени орталыққа, Қазақстанның мақтанышына айналғандығын атап өтті.

Мерекелік бағдарлама аясында аудандық мәдени демалыс орталығының әншісі Меңдіғали Сұпашев «Астана кеші» әнін әуелете шырқаса, «Гүлдәурен» үлгілі би ансамблі «Қазақ», жастар биін тарту етті. Қуанышбек Айдарбеков, Жанар Шуйкина, Мерей Жұмашевтың орындауындағы бас қаланың рухын  асқақтатқан әсем әуендер аудан тұрғындарын ерекше күйге бөледі. Ал жас әншілер Асланбек Мәженов «Астана цветы», Ислам Тілекешов «Жаяу», Айсезім Жақсыбаева «Бозжорға» әнін орындап, көрермендер жүрегіне жол тапты.

Сондай-ақ, кеш барысында Астана күні дүниеге келген аудан тұрғындары мен аудан қонақтары, сондай-ақ Астана күнін Жаңақалада тойлап жатқан Астана қаласының тұрғындары мерекелік тілектерін жолдап, естелік сыйлықтарға ие болды. Мерекелік шараға жиналған көпшілік көтеріңкі көңіл-күймен аудан өнерпаздары шырқаған әсем әуеннің ырғағында биледі. Аталмыш мерекелік концерт салтанатты түрде бірыңғай бас қаламыз Астанаға арналған әндердің орындалуымен ерекшеленді.

Астана күніне орай Қамыс-Самарда өткен мерекелік бағдарламалар мазмұны барлық саланы қамтыды. Бұл күні мәдени, спорттық-бұқаралық шаралар кеңінен қарас­тырылды. Салауатты өмір салтын ұстанған аудан жастары Достық алаңында арқан тартыс, гір тасын көтеруден, өзге де спорт түрлерінен жарысып, бақтарын сынады. Сонымен қатар алаңда сауда жәрмеңкесі қызып, грузиннің тіл үйірер кәуабынан дәм татқан аудан тұрғындары уақыттарын көңілді өткізді. Осылайша Астана рухын асқақтатып, аудан тұрғындарын бір серпілткен мерекелік кеш жоғары көңіл күй өрлеуінде өз мәресіне жетті.

Меркелік отшашудан соң жастар аспан астындағы жазғы кинотеатрдан «Астана менің жүрегімде» көркем фильмін тамашалады.13576012_1759069261043703_4375426616705822477_o