25.07.2016, 11:07
Қараулар: 346
Ауданда тұратын сазгер мәдениет үздігі атанды

Ауданда тұратын сазгер мәдениет үздігі атанды

Жуырда Жаңақала ауданының мәдени-рухани саласынының елеулі өркендеуіне үлес қосып жүрген дарынды талант иесі, сырнайшы, сазгер, бірнеше мәрте облыстық, республикалық байқаулардың жеңімпазы Ерлан Сатыбаев мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталған болатын. Бұл туралы алғаш боп «Жайық ПРЕСС» ақпараттық орталығы хабарлады.

Марапатты Орал қаласында Астана күні қарсаңында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Дәулеткерей Құсайыновтың өзі арнайы табыс етті.

Ерлан Нұрғазыұлы 1974 жылы Мәстексай ауылындағы С.Меңдешев атындағы орта мектепті бітірген соң, аудандық мәдениет үйіне қызметке орналасып, 42 жылы бойы ауданымыздың мәдени саласында үздіксіз еңбек етіп келеді.

Кейіпкеріміз 1978 жылы Орал қаласындағы бір жылдық сырнайшылар курсын бітіреді.

Аудан өнерпаздары халық хоры, халық оркестрі атағын алса, оған Ерланның қосқан жеке үлесі де аз емес. Ол 1989 жылы облыста өткен «Ойна сырнай» фестивалінде III орынды еншіледі.

Ерлан – елдің ұлы. Бұлай деуге себеп те көп, салдарда мол. Оның есімін әйгілейтін ерекше бір қыры — әуесқой сазгерлігі. Жаңақаланың сары даласында әуезді ән қалықтатқан шалқар шабыт иесі Ерлан Сатыбаевтың туындылары бүгінде ел жүрегінің төрінен орын алды. «Майдангерлер мәңгі сапта», «Арман — достар», «Еңлік гүл», «Махаббат маралы», «Әулетім -әнім менің», «Мәстексайым мекен-жайым», «Бірлігім – құтты қонысым» тағы басқа көптеген лирикалық және патриоттық әндері сөзіміздің құр мақтау еместігінің дәлелі. Сондай-ақ, өнер иесінің тізбектеп жазбасақ та әр жылдары алған «Құрмет» громаталары мен Алғысхаттары еткен еңбегінің, төккен терінің жемісі һәм айғағындай болып, «меншікті» бөлмесінің қабырғасына әр беріп тұрғандай.

Өнер десе ішкен асын жерге қоятын ол 2009 жылы 11 мүшесі бар аудандық мәдени демалыс орталығы жанынан «Жаңақала әуені» фольклорлық ансамблін құрды. Осыған орай 2010 жылы облыстық халық шығармашылығы орталығы ұжымдарды ұйымдастыруға, ансамбльге арналған әндер мен күйлерді өңдеуге және басқару жұмыстарымен айналысуға мүмкіндік беретін сертификат табыс еткен. Ал 2013 жылы ансамбльге Т.Шамелов есімі беріледі.

Бүгінгі таңда аудандық мәдени демалыс орталығының Халықтық фольклорлық ансамбліне жетекшілік ететін Ерлан Нұрғазыұлы елінің алғысына бөленген атпал азаматтардың бірі.

Алпысты алқымдаған ағамызға толағай табыс пен сарқылмас шабыт, отбасына амандық тілейміз.Сазгер

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.