25.07.2016, 11:12
Қараулар: 376
Алғашқы асулар

Алғашқы асулар

Сан ғасырлар армандап, аңсап келген Тәуелсіздікке қол жеткізгенімізге биыл 25 жыл толып отыр. Егемен еліміз осы ширек ғасырда көптеген елдермен терезесі теңесіп,  әлемнің дамыған 50 елінің бел ортасынан орын алды. 1991 жылы қанды қылыш кеңес үкіметінің тұсауынан босаған еліміз талай қиындықтарды басынан кешіргені баршаға аян. Сол қиындықтарға Елбасымыздың саралы саясатының арқасында қарсы тұра білідік. Ол үшін халқымыздың талай маңдай тері төгілгені де ақиқат. Тәуелсіздіктің, қала берді ұйымшылдық пен татулықтың арқасында көптеген жетістіктерге де қол жеткізіп, еліміз адам танымастай өзгеріп, күн санап гүлдене түсті. Сондай жетістіктер біздің ауданымызда да жетерлік. Солардың бірі былтыр ауданымызда бой көтерген Жаңақала мектеп-гимназиясы.

«Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» деп Елбасымыз атап өткендей, Тәуелсіздігіміздің болашақ тірегі болатын аудан жастарының  сапалы да, саналы білім алулары үшін салынған мектеп-гимназия 2015 жылдың 1-ші қыркүйегі күні жаңа оқу жылымен есігін айқара ашты. Мектеп-гимназия алғашқы оқу жылын 5-11 сыныптарда 362 оқушымен бастап, мекеменің жарғысына сәйкес оқу жылының ІІ жартыжылдығында 1-4 сынып оқушыларын қабылдады. Қазіргі таңда оқушы саны 493-ті құрап олтыр. 5-11 сыныптар гимназиялық сыныптар болғандықтан сынақ қорытындысы негізінде алынған болса,   1-4 сыныптар жай сыныптар болғандықтан ата-анасының өтініші негізінде қабылданды.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, сол жылы мектеп-гимназияға бәсекеге қабілетті өмір сүре алатын білімді, жаңадан танымы бар, білімге деген қызығушылық деңгейі жоғары, экономика деңгейіне шыға білетін ұрпақты тәрбиелеуді мақсат ететін 67 ұстаз конкурс негізінде қабылданды. Олардың 13-і жоғары санатты, 18-і бірінші санатты болып, ұстаздардың сапалық көрсеткіші 46 пайызды құрады.

Мектеп-гимназия алғашқы оқу жылын 148 оқу озаты, 227 оқу екпіндісімен аяқтап, 76 пайыз білім сапасын көрсетті. Аталмыш алтын ұядан алғаш болып қанат қаққан  26 түлектің төртеуі «Алтын белгіге», біреуі «Үздік аттестатқа» үміткер болды. Оқушының білім сапасын, мектептің беделін, ұстаздың шеберлігін сынға салатын ҰБТ-ның қорытындысы бойынша «Үздік аттестатқа» үміткер жалғыз оқушы өз білімін дәлелдеп шықса, төрт «Атын белгіге» үміткер оқушының біреуі «Алтын белгі» иегері атанды. Жалпы ҰБТ-нің  қорытындысы бойынша мектеп-гимназия алғашқы мемлекеттік сынағын орташа 94 баллмен  тәмәмдады. Алғашқы оқу жылының өзінде жоғарғы көрсеткешке қол жеткізе білген білім ордасы ауданымыздағы мектептердің көшін бастап,  білім сапасын алға жетеледі.

Сондай-ақ Тәуелсіздігіміздің арқасында қол жеткізген осындай жас білім ордасының оқушылары алғашқы оқу жылының өзінде-ақ 11 халықаралық, 4 республикалық, 20 облыстық деңгейдегі шаралардан жүлдемен оралды. Әрине, бұл жетістіктердің бәрі  тың идеяларға толы тәжірибелі ұстаздардың және Тәуелсіздігіміздің арқасы екені даусыз. Ендеше Тәуелсіздіктің туын желбіретер осындай дарынды жастарымыз тұрғанда әлі талай жетістіктерге қол жеткізеріміз айдай анық.

Тәуелсіздігіміз баянды, жастарымыз білімді болғай!

Нұрғали САҒЫНҒАЛИIMG_1483

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.