8.10.2016, 11:03
Қараулар: 803
Жат қылыққа кім жауапты?

Жат қылыққа кім жауапты?

Қазанның 5-і күні аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында аудан әкімінің кезекті кеңес отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі Л.Хайретдинов, аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева, ауылдық округ әкімдері мен мектеп директорлары, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, мектеп психологтары қатысты.

Басқосуда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық және  суицид  мәселесі қаралды. Аудандық білім беру бөлімінің психологі Ә.Дүйсенғалиева ауданда жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуға қатысты атқарылған жұмыстарға тоқталды.

-Аудандық білім беру бөлімі 2016 жылдың қаңдар айынан бастап суицидтің алдын алу бойынша мобильдік тобын құрып, күні бүгінге дейін жұмыстанып келеді. Мобильдік топта аудандық прокурордың аға көмекшісі А.Рахметов, ІІБ полиция капитаны Н.Аяпбергенов, білім беру бөлімінің мамандарымен қоса орталық аурухана және мектеп психологтары жұмылдырылған. Жалпы мобиьлдік топтың қызметін аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева жетекшілік жасап, ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Мобиьлдік топтың жұмыс жоспарына сай суицидтің алдын алу бойынша мектептерде әдістемелер, психологиялық тесттер, тренингтер мен қоса үгіт-насихат жұмыстары, кездесу шаралары, дөңгелек үстелдер, тағы басқа іс шаралар ай сайын жүргізіліп, аудан прокурорының көмекшісі А.Рахметовке әр айдың 26-на дейін есебі беріледі.

Аудандағы білім беру ұйымдарының барлығында жоспарға сай алдын алу шаралары уақтылы, жүйелі өткізіліп, сабаққа дәлелсіз себептер бойынша келмейтін балаларды тексеріп, үй жағдайлары туралы ақпаратты уақтылы әлеуметтік педагогтар, психологтармен қоса сынып жетекшілері болып ұйымдасқан түрде саралап отырды. Сонымен қатар білім беру ұйымдарында сенім жәшіктері орналасқан, республикалық, облыстық, аудандық сенім телефондары ілінген бұрыштар жасақталған.

Алайда аудандық білім беру бөліміне қарасты Е.Орақбаев атындағы орта мектептің 9 сыныбын бітірген Құрманғалиев Серікболат Нариманұлы мен Айдархан орта мектебінің 7 сынып оқушысы Бекесов Дамир Төлегенұлы өз-өздеріне қол жұмсау арқылы яғни аяқталған суицид тіркеліп отыр,- деді психолог.

Баяндамашыны тыңдаған комиссия төрағасы Л.Хайретдинов өз тарапынан бірнеше сұрақтар қойып, маман жұмысына сын тақты.

-Облыстың басқа аудандарындағы суицидтің тіркелу көрсеткіші қалай екен? Сіз мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылықтар жиі орын алатынын білесіз бе? Ауыл халқы білгенде мұны сіз неге білмейсіз? Жұмысыңыз жеткіліксіз деп білемін,- деді аудан басшысы.

Мұнан соң С.Меңдешев орта мектебінің психологі Г.Ешкаева сөз алды. Ол 10 жылға жуық тәжірибесіне сүйене отырып, аудан психологтарында балалармен жеке жұмыстану жетіспейтінін алға тартты.

Жиында Айдархан орта мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары А.Рысқалиева  жасөспірімдер арасындағы өз өзіне қол жұмсаушылық мәселесіне тоқталды.

-Басқа мектептер сияқты біздің мектепте тәрбие тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып жұмыс жоспары жасақталды.  Жұмыс жоспарының есірткі және басқа да заттарды қолданудың алдын алу, оны болдырмау сонымен қатар балалардың бойында позитивті өмірлік ұстаным қалыптастыру мақсатында іс шаралар бойынша жұмыстанудамыз. Осы бағытта көптеген жұмыстар жүргізілді, атап айтсам  оқушылармен, педагогикалық ұжыммен, отбасындағы психологиялық  ахуалдың баланың қалыптасуына әсері, баланың ішкі күйзелісінен мазасыздануын түсіру, зиянды заттардан аулақ жүру үшін мақсатында «Мен және менің сезімім», «Достарды белгіле» тренингтері ұйымдастырылып, өз бойындағы қателікті өзі байқамай жатса психологтан, сынып жетекшіден кеңес алу, және мектептегі сенім жәшігіне өздерін мазалап жүрген ойларын жазып салу туралы түсіндірілді.  8-9 сынып оқушыларына «Күйзелістен қалай шығуға болады?» деген тақырыпта тренинг сабақтар ұйымдастырылды. Міне осы жұмысымыз биылғы оқу жылында әрі қарай жалғасын табуда. Биылғы оқу жылының 19 қыркүйек күні жалпы мектеп оқушыларына «Зиянды заттардан аулақ болайық» деген тақырыпта баяндама оқып, кеңес берген болатынмын. Өкінішке орай, тәрбие бағытында қанша жұмыстар жүргізілсе де өзіне өзі қол жұмсау оқиғасы орын алды. Осы жағдайдан кейін мектепте кезектен тыс ата-аналар жиналысы өткізіліп, психолог «Жасөспірімдердің өзіне өзі қол жұмсауының алдын алу» тақырыбында баяндама оқып, «Мен өз баламды жақсы білемін» тақырыбында сауалнама жүргізілсе, әлеуметтік педагог «Зиянды заттарды қолданғанда көрінетін белгілер» тақырыбында баяндама оқыды. Сынып жетекшілер, әлеуметтік педагог, педагог-психолог ата-аналармен байланыс жасап, балалардың мектептен тыс кезде немен шұғылданатыны, кешкі мезгілде қайда болатыны анықталды. Бұл тосын жағдай біздің мектеп ұжымына, мектеп оқушылары мен ата-аналарына оңай тимеді. Педагогикалық ұжым, сол оқиға да бірге болған мектеп оқушылары күйзеліске ұшырады. Ендігі біздің міндетіміз осы оқушылармен жұмыстанып, оларды қатарға қосу. Осы оқиғадан кейін қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл әкімі Ә.Иманғалиқызы оқушылармен, ата-аналармен, сынып жетекшілермен пікірлесіп, болған жағдайды анықтап, кеңес берді. 24 қыркүйек күні аудандық аурухананың нарколог маманы Берік Әлиев, психолог Анаргүл Ишанова, аудандық білім беру бөлімінің бас маманы А.Уразғалиева, аудандық білім беру бөлімінің психологі Ә.Дүйсенғалиева 7-11 сынып оқушыларымен кездесіп, зиянды заттардан, таксикоманиядан аулақ болу мақсатында жұмыс жүргізе отырып, көмек көрсетті.

Жалпы тәрбие жұмысы мектепте үздіксіз жүріп келеді. Алайда біз қай жерде кемшілік жібердік, қай жерде шалыс бастық деп кемшілікті өзімізден іздедік. Біз жауапкершіліктен ешқашан қашпаймыз, -деді Ажар Сағынғалиқызы.

Жиында Айдархан орта мектебінде орын алған өзіне-өзі қол жұмсау оқиғасына қатысты АІІБ жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі  инспекторы Н.Аяпбергенов түсінік берді. Оның айтуынша тергеу-тексеру жұмыстары толық аяқталмағандықтан оқиғаға қатысты түрлі пікірлер айту негізсіз.

Бұдан соң Жаңақала колледжінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары К.Габдуллина колледж оқушыларына суицидтің алдын алу бойынша атқарылған жұмыстарын баяндады.

Сондай-ақ жиын барысында сөз алған аудандық аурухана басшысы С.Оразғалиев аудан психологының қызметіне жүгінетіндер  сирек екеніне қынжылыс танытса, Е.Орақбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектебінің директоры Т.Серікұлы аудан психологтары  жұмысындағы кемшін тұстарды атап көрсетті.

Жиында осы мәселелер ортаға салынды. Мәселенің алдын алу жұмыстарын жандандыру үшін қалай әрекет ету керектігі айтылды. Аудан әкімі тиісті орындарға тапсырмалар берді.14589636_1800773493539946_1347576385203886076_o

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.