15.10.2016, 11:19
Қараулар: 79
Алмақтың да салмағы бар

Алмақтың да салмағы бар

Қазанның 10-ы күні рухани орталықтың мәжіліс залында жиналыс өткізіліп, әртүрлі бағдарламалар бойынша алынған несие қайтарымы мәселелері қозғалды. Оған «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының несиелік менеджері Меңдібек Уәлиев, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ермек Меңдіхан, аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры А.Оразалиев пен кәсіпкерлер қатысты.

Жиналысты ашқан жұмыспен қамту орталығының директоры А.Оразалиев шағын кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау туралы айта келіп, осы саланың қызметкерлеріне сөз берді.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Е.Меңдіхан аудандағы кәсіпкерліктің даму деңгейі туралы әңгімелеп, аудан бойынша алынған несие берешектеріне тоқталды.

Аудан бойынша 2015 жылы 1068 кәсіпкерлік нысаны болса, биылғы 1 қыркүйектегі көрсеткіш 1114-ті құрады. Сәйкесінше осы салада жұмыспен қамтылғандар саны артты. 2015 жылы 2108 адам шағын кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 2120-ға жетті. Ауданда 2012-2016 жылдар аралығында 689 адам әртүрлі несиелік ұйымдардан 3139,0 млн. теңгенің несиесін алған. Аудан бойынша «Орал» әлеуметтік тұтыну коорпорациясынан 270,20 млн. теңге көлемінде несие алынса, 2012 жылы алған несие серіктестіктерінің несиені қайтаратын уақыты жетті. Олардың ішінде «Бакайсат» ЖШС 5 297 709,75 теңге, «Құрдастар» ЖШС 4 504 887,26 теңге, «Лесов» ЖШС 15 914 650,00 теңге, «Ясмина» ЖШС 9 348 747,96 теңге, «Шакрат-Ж» ЖШС 16 050 902, 72 теңге қарыздары бар.

Жиында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚО филиалының несиелік менеджері Меңдібек Уәлиев алынған несиелерді қайтару жөнінде туындаған мәселелерге тоқталды.

— Қарызы қордаланып отырғандардың бірі де бірегейі – Жаңақала ауданы. Аудан  несиені қайтармау жағынан облыс бойынша ең алғашқы орында тұр. Қазіргі таңда аудан тұрғындарының «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ –на 27 млн. қарызы бар. Бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі — түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қарызды алушылардың ерікті қайтаруын қамтамасыз ету. Екінші жолы — сот арқылы мәжбүрлеп өндіру. Біз борышкер қарызды өтеу мерзімі 100 күннен асса дереу сотқа береміз де, кепілге қойған мүлкін тәркілеп, сатуға қоямыз. Біз қазіргі таңда облыстық қаржы басқармасымен бірге жұмыстанудамыз. Кепілге қойған пәтерлерін, жылжымалы мүліктерін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы арқылы ауылға келген мамандарға сатуға жәрдемдесеміз. Әрине кепілдегі мүлік арзанға бағаланады. Бұл –бір. Екіншіден, несиені мақсатсыз пайдаланғандарға сотта Қылмыстық кодекстің алаяқтық тармағы негізінде қылмыстық іс қозғалады,-деді ол.

Жиналыс барысында тұрғындар тарапынан көп сұрақ қойылды. Борышкерлердің көбі жағдайларын түсіндіріп, қарыздарын бөліп төлеу жағын қарастыруды сұрады.

Тұрғындар сауалына менеджер М.Уәлиев жеке-жеке жауап берді.14633012_1802353250048637_1223323769882879965_n

Н.ЕСЕТОВА.