15.10.2016, 11:23
Қараулар: 494
Табиғатқа жанашыр болайық!

Табиғатқа жанашыр болайық!

Осы аптада Жаңақала мектеп гимназиясының мәжіліс залында   «Ел болып киікті сақтайық» тақырыбында оқушылармен кездесу өтті.

«Қызыл кітапқа» енген жануарлар дүниесiн тиiмдi қорғауды, өсiмiн молайтуды және ұтымды пайдалануды, бүгiнгi және болашақ ұрпақты табиғатқа деген жанашырлық пен адамгершiлiк көзқарас рухында тәрбиелеудi қамтамасыз ету мақсатында өткен кездесуге «Охотозоопром» ӨБ» РМҚК-нің ғылыми қызметкері Бақтияр Ташенов, БҚО аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Талғат Ілиясов қатысты.

Оқушылармен басқосуда алдымен «Охотозоопром» ӨБ» РМҚК-нің ғылыми қызметкері Бақтияр Ташенов келген мақсатын түсіндірді.

Бақтияр Жұмабайұлының айтуы бойынша Үкімет қау­лысына орай “Охотзоопромның” маман­дары республикалық зоологиялық институттың ғалымдарымен бірлесіп, жыл сайын аң-құстарды бақылау, санау, түгендеу жұмыстарын атқарады екен. Онда олардың мекендерінің жай-күйі, құры­лымдарын анықтау, күзету, қорғаумен қатар түрлі ғылыми жұмыстар да жүргізі­леді. Браконьерлермен күрес, табиғатты қорғау заңдылықтарының сақталуын қамтамасыз ету, ағаштарды заңсыз кесуді тоқтату, өрттен сақтану шараларын жүзеге асыру күнделікті қызмет. Бір жылда бірнеше рет тексеру жүргізіліп, табиғат қорғау заңының бұзғандарды жауапкершілікке тартыпты. Бірнеше рет қылмыстық іс қозғалыпты.

-Мен өз тәжірибемде броконьер болып байыған адамды көрмедім. Керісінше нағыз қылмыскер атануыңыз мүмкін. Осындай келеңсіз жағдайларға жол бермеу үшін Қызыл кітапқа енген аңдар мен өсімдіктерді қорғау туралы Үкіметтің қаулысы да жоқ емес. Сонда арқар мен құланды атқан адамдарға бір айлық есептік көрсеткіш1500-2000 еселеніп, аса жоғары мөлшерде айыппұл салынады. Сондай-ақ ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі орман және аңшылық шаруашылығы комитетінің арнайы бұйрығымен 2011 жылдың қаңтарына дейін киіктерді атуға қатаң тыйым салды.  Жақында бұл бұйрықтың мерзімі ұзартылып, тыйым салу уақыты 2020 жылдың 30 қаңтарына дейін созылды. Оның үстіне көзі қарақты, білімді азаматтар киелі аңдарды өлтіру ол адамға қайғы-қасірет әкелетінін ата-баба ескертпелерінен жақсы біледі. Аң мен құсқа қиянат жасау, табиғатты тонаушылық деген сайып келгенде келер ұрпағымыздың келешегіне, игілігіне қиянат емес пе? Жануарларды қоршаған ортаны қорғау тек мемлекеттің немесе құзырлы органдардың міндеті емес. Осы табиғаттың әсем құбылысына өсіп келе жатқан ұрпақ мына сіздер де қамқорлықпен қарасаңыздар екен,-деген Бақтияр Жұмабайұлы елімізде, батыс өңірінде өте сирек кездесетін құрып кету қаупі бар жануарлар туралы әңгімеледі.

Жиын соңында үгіт насихат мүшелері оқушылардың қойған сауалдарына жауап беріп, оқушыларға ақбөкен, марал, тағы басқа жануарлар бейнеленген плакаттар мен күнтізбеліктер, кеудешелер мен бас киімдер үлестірді.14691214_1781242332094363_7041926923506518951_o

Н.ЕСЕТОВА.