22.10.2016, 12:11
Қараулар: 498
Шаруаларды шаттандырған күн

Шаруаларды шаттандырған күн

15 қазан күні Орал қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған шаралар аясында «Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні» мерекесі аталып өтті.   Мереке  таң сәріде М. Ықсанов көшесі бойында өткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесімен басталды. Жәрмеңкеде өңір аудандарындағы және қаладағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер өз тауарларын қолжетімді бағамен саттыққа шығарды. Солардың бірі  Жаңақала ауданы. Жаңақала ауданы саттыққа шығарған ет және сүт өнімдері қала тұрғындарының үлкен сұранысын ие болды. Айналасы 2-3 сағаттың ішінде жаңақалалықтардың сөрелері босап қалғанымен, ет өнімін сұрап келушілер қатары көп болды. Одан әрі мерекеге қатысушы сала қызметкерлері сағат 10-да облыстық «Нұр Отан» партиясы ғимаратында ұйымдастырылған салтанатты шараға жиналды. Мерекелік шараға облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысып, алдымен ғимарат дәлізінде орнатылған теледидарлар арқылы әр ауданның экономикалық дамуы мен жетістіктерінен сыр шертетін бейнебаяндарды тамашалады. Одан әрі мінберге көтерілген облыс әкімі Алтай Көлгінов салтанатты шараға жиналған ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлері мен ардагерлерін құттықтап, ауыл шаруашылық саласы бойынша облыста атқарылған істер және алда тұрған міндеттер туралы баяндама жасады.

– Биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары ауыл шаруашылығы қиын кезеңдерді бастан өткерді. Бүгінгі таңда өңіріміздің агроөнеркәсіп кешені айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Кеше ғана мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев астық жинау науқанының табысты аяқталуына байланысты еліміздің агроөнеркәсіп кешені еңбеккерлеріне құттықтау жолдады. Елбасы құттықтауында ауыл шаруашылығындағы жетістіктерге тоқталып өтіп, «Осының барлығы мейлінше мол тер төгуді, ұдайы қамқорлықты, зор қажырлылықты, білім мен тәжірибені талап ететін саланың бірі – егін шаруашылығының табысты дамып келе жатқанын даусыз дәлелдейді» деген Елбасы бұл саладағы азаматтардың бәрін құттықтап, бірден жеміс бере қоймайтын жер төсіндегі бейнетті еңбектері үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар ел Президенті «Біз Қазақстанда диқандардың адал еңбегі барынша бағаланып, ауыл шаруашылығы инвестицияға қолайлы, жаңа жобаларға, жастарымыздың күш-қуатына өріс ашатын перспективалы салаға айналуы үшін барлық жағдайды жасаймыз» деп атап өтті.  Халқымызда «Ауылдың амандығы – елдің амандығы» деген өсиетті сөз бар. Расында да, ұлтымыздың тамыры – ауыл, тағдырымыз да соған байланысты. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту – бұл 443 ауылдық елді мекенді өркендету, облыс тұрғындарының жартысынан астамын қолдау болып табылады. Мемлекет тәуелсіздік жылдары бұл салаға айрықша назар аударып, ерекше көңіл бөліп келеді. Тек 2016 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға 8,3 млрд. теңге қаражат жұмсалды. Сонымен қатар 2016 жылы ауыл шаруашылығын қаржыландыруға                         3,6 млрд. теңге «ҚазАгро» акционерлік қоғамы арқылы несие ресурстары тартылды. Біздің өңіріміз – асыл тұқымды көшім жылқысы, қазақтың ақбас сиыры мен еділбай қойының отаны. Соңғы 20 жылда ірі қара мал басы 30, қой мен ешкі – 50, жылқы – 60, құс саны 130 пайызға артты. Еуразиялық экономикалық одақ аясында және Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргелі шаруаларымыздың аяғына нық тұруына, бәсекеге қабілетті сапалы өнім шығаруға «Агробизнес – 2020» бағдарламасы шеңберінде барлық жағдай жасалуда. Үсіміздегі жылдың қаңтар-тамыз айларындағы есеп бойынша ауыл шаруашылығының ішкі тауарайналымы 14,4 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде экспорт 2,4 миллиард, импорт 12,0 миллиард теңгені құрайды. Бүгінгі таңда өңіріміз ірі қара малы мен қой етін, балық, астық пен астық өнімдерін, майлы дақылдарды сыртқы нарыққа шығарып отыр.  Бізде Ресей, Испания, Әзірбайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Ауғанстан, Өзбекстан мен Украина секілді елдермен сауда-саттық саласы мықты дамыған. Еліміздегі ауыл шаруашылығы саласына деген қолдаудың, ауа райының қолайлы болуының және диқандар мен жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында биылғы жылы егін шаруашылығынан мол өнім алдық. Ағымдағы жылы өңіріміз бойынша дәнді дақылдан түскен өнім 318 мың тоннаны құрап отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 35 есеге көп. Мол өнімге қол жеткізген шаруашылықтар қатарында Зеленов ауданындағы «Алтын бидай», «Матевосян», «Достық» шаруа қожалықтары бар. Олар әр гектар егістен 52,3 центнерден бастап 41 центнерге дейін өнім алды. Бұл – біздің өңір үшін үлкен жетістік.

Біз бүгінгі мерекеде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан азаматтарға және ардагерлерге, барлық диқаншылар мен мал өсiрушiлерге ерекше алғысымызды және ризашылығымызды бiлдiремiз. Сiздер қажырлы еңбектерiңiзбен елiмiздiң экономикасының дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтiк тұрақтылығының нығаюына да қомақты үлес қосып келесiздер. Егер биыл маңызды оқиға – ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы болса, келесі жылы Астана қаласында өтетін «EXPO – 2017» бүкіләлемдік көрмесі халықаралық қоғамның назарын өзіне аударады. Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы қызметкерлері көрменің ұйымдастыруына атсалысады деген сенімдеміз. Барлықтарыңызды төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай келе, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, дастарқандарыңызға береке, еңбектеріңізге мол табыс тілеймін, – деді өз баяндамасында өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.

Баяндамадан соң облыс басшысы ауыл шаруашылығы саласында елеулі еңбек етіп жүрген бір топ сала мамандарын марапаттады. Соның ішінде жерлесіміз сала ардагері Жанболат Семенов Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, «Муса» шаруа қожалығының басшысы Тілеген Мусин арнайы төсбелгімен марапатталып, бағалы сыйлыққа ие болды.

Ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне арналған салтанатты шара «Ауылым – асыл мекен» атты концерттік бағдарламаға ұласты.

Бұдан соң облыс әкімі бастаған бір топ өңір басшылары ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін аралап, тұрғындарға ұсынылған тауарлар бағасымен танысып, тұтынушылармен пікірлесті. Өңір басшысы аудан-ауылдардан келген шаруа адамдарына жәрмеңкеге  атсалысқандары үшін алғысын білдірді.

Аталмыш мереке  түстен кейін Зеленов ауданының Трекин ауылында өткен дала қызықтарымен жалғасты. Думанға толы дала қызығын тамашалауға облыс басшысы А.Көлгінов орынбасарларымен қатысып, алдымен асыл тұқымды мал шаруашылығы мен жаңа ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесін аралады. Аталмыш көрмеге Жаңақаладан «Айдархан» ЖШС-нің салмағы 112 келі тартатын асыл тұқымыды еділбай қойы мен «Көшім» ЖШС-нің салмағы 630 келі болатын асыл тұқымды көшім жылқысы қойылған еді. Жасыратыны жоқ көшім жылқысының отаны саналатын біздің жылқылардан көршілес Ақжайық ауданынан апарылған жылқылардың шоқтығы биіктеу болды. Сонымен қоса 12 аудан киіз үй тігіп, өз өңірлеріне еңбегі сіңген еңбек ардагерлерін қонақ етіп, сый құрмет көрсетті. 12 ауданның құрған киіз үйлерінің ішінде Жаңақала ауданынның ақшанқан киіз үйі өзінің көркімен де, сән-салтанатымен де көзге ерекше көрініп тұрды. Оны байқаған облыс басшысы ат басын бірден жаңақалалықтардың киіз үйіне бұрып, мерекелік дастарханнан дəм татып, сала ардагерлеріне алғысын айтты. Сондай-ақ, мерекеге жиналған жұртшылық бұл күні қазақ халқын қиқулатып, делебезін қоздыратын «Топ бәйге», «Құнан бәйге» және бас жүлдеге автокөлік тігілген аламан бәйгемен арбадағы желіс аттары жарысы, қазақ күресі, теңге алу, аударыспақ сияқты ұлттық ойындарды да тамашалады. Бұл жарыстардан да жерлестеріміз құр қалмады. Аударыспақтан білекті жігіттеріміз қарсыластарын ат үстінен домалата құлатып, бас жүлдені жеңіп алса, бетегеден биік, жусаннан аласа шабатын епті жігіттеріміз жердегі теңгені оңай іліп, теңге алу жарысынның да жүлдесін қоржынымызға салды. Сәні мен салтанаты келіскен дала қызықтары әр ауданның өнерпаздарының дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты.

Нұрғали ҒАББАС.img_9980

Ауылшаруашылық

Басқа да мақалалар