29.10.2016, 10:29
Қараулар: 705
Қаңғыбас иттер қажытты

Қаңғыбас иттер қажытты

img_0480Соңғы кезде ауданда «үйірімен» жүретін иттерден бала тұрмақ, үлкендердің өзі қорқатын болды. Әсіресе, таңертенгі мезгілде балаңды сабаққа апарайын деп мектепке бара қалсаңыз мектеп аулаларында қаптап жүрген иттерді көріп, бала түгілі өзің мектепке азар кіресін.  Сол мектеп аулаларында жүрген төрт аяқтылар бір-бір үйдің асыранды иттері. Оқушы балаларға еріп келген иттер, қожайыны мектепке кіріп кеткендіктен оны күтіп аула ішінде қалып, басқа балаларға қауіп төндіруде. Бұндай қараусыз қанғып жүрген асыранды иттерді айтпағанда, қоқыс жәшігін аралап қанғып жүрген иесіз қаңғыбас иттер қаншама?!  Жылына екі рет кемінде 8-9-дан күшіктейтін қаңғыбас иттер жыл сайын жүздеп ұсталып, атылып  жатса да азаятын түрі жоқ. Ауыл тұрғындары тамақ іздеп, әбден ашынып, ызаланған иттер шабуыл жасай ма деп, балаларын мектепке жалғыз жіберуден қалды. Тіпті бұндай оқиғалар ауданымызда  жиілеп барады. Жақында Анель есімді бүлдіршінді Ж. есімді ауыл тұрғынының асыранды иті қауып, дене жарақатын келтірген. Анельдің анасы Асемгүл Сүлейменованың айтуынша:

-Анель және Жанель есімді егіз қыздарым мектеп алды даярлықта оқиды. Әкесі екеуміз жұмыста болғандықтан қыздарымды сабақтан әжесі  алып келеді. 18 қазан күні сағат түскі 12-нің шамасында  әжесі  әдеттегідей немерелерін алып үйге келеді. Жанель әжетханаға барғысы келіп қысылғандықтан әжесі оны алып үйге кіріп кетеді де, ал Анель көрші балалармен аулада ойнай тұрайыншы деп сыртта қалады. Осы қас қағым сәтте сыртта қалған Анельдің қатты жылаған дауысы естіледі. Бір жамандықтын болғанын сезген  әжесі жүгіріп сыртқа шықса, бет аузы қанға боялып, бір нәрседен қатты қорықып тұрған Анельді көреді.  Не болғанын түсіне алмай абдырап тұрған әжесінің қасына келген көршісі Анельді сары түсті иттің қауып алғанын, оны иттен азар арашалап алғанын айтады. Дер кезінде жедел жәрдемге қоңырау шылып, итке қабылған қызыма алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Ендігі жерде қызымның алдағы уақытта ем-домын дұрыс алуы үшін қапқан итті анықтау керек болды. Осы мақсатта есік алдындағы қоқыс жәшігінде тамақ іздеп толып жүретін иттерді аңдыдым. Іздеген сары итім көп күттірмеді. Қызымды қапқан сары ит қоқыс жәшігін айналып өтіп, көпқабатты үйлердің бірінің жанында әңгімелесіп тұрған бір топ адамның арасына барды. Сол жерде  велосипед ұстап тұрған бір жас жігітке барып еркелеп, иіскелеп соның қасынан шықпай қойды. Сол жерге барып «мына ит кімдікі?» деген сұрағыма вилеосипед ұстаған қараторы жас жігіт «менікі, жәйма?» деп қарсы сұрақ қойды. Мен «кімнің баласысыз?» деп едім, бір нарседен сезіктенді ме «Неге, жайшылық па?» деп қатқылдау сөйледі. «Итіңіз қызымды қауіп алды, сол себептен иттің иесін іздеп жүрмін» деп едім, «бұл ит қабаған емес, қызыңыздың өзі ойнап жабысықан шығар» деп велосипедіне мініп алып кетіп қалды. Артынан қасында тұрған адамдардан иттің қожайының аты-жөнін сұрастырып біліп, полиция қызметкерлеріне хабарладым. Қазір иттің құтыру ауруына қарсы егілгендігі анықталуда,- деді қызының денсаулығына алаңдаған ана.

Бұл тек бір ғана оқиға, аудандық орталықтандырылған аурухананың мәліметіне сүйенсек соңғы 9 айда аудан бойынша үй жануарларына тістеліп немесе таланап қалған адамдар саны 50 екен.

-Биыл итке қабылып түскен 50 адамның  24-і Жаңақала ауылынан.  Адам қапқан 24 иттің 18-нің иесі анықталған болса, 6 ит иесіз болып табылды. Бұл дегеніміз 6 адам ит қапқан дене жарақатынан бөлек, түрлі ауру жұқтыру қаупіне ұрынды деген сөз. Тұрғындар үй жанурларына қабылып, жедел жәрдем бөліміне түскен кезде біз дереу тұтынушылар құқығын қорғау басқармасына және аудандық ІІБ-не жедел хабарлама түсіреміз. Ал олар ит иесін анықтап, иесі  анықталған  жағдайда  адамға жұғатын аса қауіпті, жұқпалы және вирусты аурулардың барлығына зерттеу жүргізу үшін жануарды 10 күн қамауда ұстайды. Егер жануар клиникалық сау болып танылған жайғдайда, ол иесіне қайтарылады. Одан әрі біз қабылған адамды толық тексерістен өткізіп,  құтыруға қарсы вакцинаны егуді тоқтатамыз,- дейді  аурухананың хирург дәрігері Арман Жоламанов.

Енді  аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының соңғы үш жылдағы  мәліметіне жүгінсек үй жануарларына қабылып немесе талану оқиғалары Жаңақала, Пятимар, Бірлік, Көпжасар және  Жаңақазан ауылдық округтерінде көптеп кездеседі екен.  Бір қуантарлығы  ауыл тұрғындарын  қапқан сол иттердің еш біреуінен  құтыру белгісі табылмаған.

Біз ит ұстау ережесімен қоса ит ату ережесінің де бар екенін білеміз. Дегенмен көп жағдайдайда ит ұстау ережесі де,  оны ату ережесі сақтала бермейді. Соның салдарынан көшедегі итті  атамын деп,  қатты жерге тиген оқ серпіліп барып адамды жарақаттаған оқиғалар да аудан тарихында бір емес бірнеше рет орын алған болатын. Сондай-ақ, кейбір аудан тұрғындарынның арасында ит ату барысында балаларының қасында келе жатқан иттерін атып, баланың мылтықтың даусынан қорқып кеткендігін және күшік күнінен асырап, тамақтандырып жүрген итінің көз алдында өлтірілуі бала психологиясына кері әсер еткендігі жөнінде айтып реніштерін білдіргендері де болды. Әрине төрт аяқты жануарды көшенің қақ ортасында қан жоса қылып атып тастау қазіргі дамыған заманда жабайылық болып табылады. Еуропа елдері бұл тәсілден бас тартып, ұйықтату тәсіліне көшкендеріне де біраз болды.  Мысалы, Ұлыбритания елінде “Қоғамды сауықтыру қызметі” жұмыс істейді екен. Олардың жүргізетін қызметтерінің бірі – қала көшелерін аралап, иесіз жүрген иттер болса құрықтап, оларды иттерге арналған орынға апарып тапсыру. Егер де жеті күн ішінде ұсталған иттің иесі табылса, ол адам итті ұстауы мен асырауына кеткен шығынды төлеп, итін қайтарып алады екен. Ал осы аралықта иесі табылмаған ит “Хайуанаттарды қорғау қоғамының” меншігіне өтеді де, қоғам оны аламын деуші басқа адам болса береді, әйтпесе хайуанды “ұйықтатуға” құқылы. Енді бізге неге осындай тәсілдерді пайдаланбасқа деген сауалымызға Жаңақала ауданы әкімдігінің шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жаңақала аудандық ветеринариялық станция» МКК дироктырының міндетін  атқарушы  Берік Шорманов:

-Ит ату ережесінің сақталмауынан ауыл тұрғындары жарақаттанған оқиғалар болғандығы рас. Сол себептен де биыл біз ұйықтататын дәрі жағылған инемен ататын  пневматикалық мылтық сатып алдық. Бұл қару мылтыққа қарағанда қауыпсіз. Пневматикалық мылтықпен атып ұйықтату тәсілі арқылы биыл аудан бойынша 437 ит ауланып жойылды.

Ал Еуропа елдеріндегідей итті аулап, арнай жерде ұстау тәсіліне келсек, ол өте дұрыс әдіс. Бірақ ол үшін көп қаражат керек. Бізге қаңғыбас иттерді жойу үшін жергілікті бюджеттен жылына 600 мың теңгеге жуық қаражат қана бөлінеді. Ал жанағы иненің басына жағатын дәрінің өзі 100 мың теңге тұрады. Ал қаңғыбас иттерді қамап ұстау үшін оларға арнай орын, тамақ және оларды қадағалап қарау үшін арнайы  қызметші қажет. Ал оның барлығына қанша қаражат қажет екенін өзіңіз ойлап көріңіз,- деп жауап берді.

-Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе аудан тұрғындарының көпшілігі үй жануарларын ұстау ережесін біле бермейді. 2015 жылы «Батыс Қазақстан облысының аумағында иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын бекіту туралы» Батыс Қазақстан облыстық маслихатының шешімі шықты. Аталмыш шешімде жалпы ережемен қоса иттер мен мысықтарды күтіп ұстау,серуендету қағидалары көрсетілген. Аталмыш ереже бойынша иттер мен мысықтарды иелері жеке ветеринариялық клиникалардан немесе ауданның мемлекеттік ветеринариялық станциясында міндетті тіркеуден өткен қалалық немесе аудандық мемлекеттік ветеринариялық станциясынан ветеринарлық паспортты алу арқылы тіркеу рәсімін жасауы қажет. Осы ереже негізінде биыл аудан бойынша  700 ит пен 500 мысық құтыру ауруына қарсы егілді. Сонымен қоса оларды қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарына, сауда және өндірістік дүкендердің бөлмелеріне, мектепке дейінгі және білім мекемелеріне, әлеуметтік-мәдени мақсаттағы ғимараттарға, медициналық, емдеу-профилактикалық денсаулық сақтау мекемелеріне әкелуге және ұстауға болмайды. Егерде ит пен мысық иелері осы және аталмыш ережеде көрсетілген басқа да қағидаларды бұзған болса, онда олар Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 408-бабына сәкес жауапкершіліке тартылатын болады,- деген  Б.Шорманов ит пен мысық иелерінің де жауапкершілігі бар екенін тілге тиек етті.

Жауапты мамандармен сұхбаттаса отырып, жалпы осы салада әлі де шешімін таппай келе жатқан мәселелердің бар екендігіне көз жеткіздік. Бөлінген қаражаттың аздығы қаңғыбас иттермен күрес жүргізуге біршама кедергілер келтіріп отыр. «Жылына мұнша қаржы бөлінді, оған мынадай көлемде ит өлтірілді» деген жалаң цифр мен статистикаға сүйене берсек, ертең мұның бетін қайтару қиын болып қалуы бек мүмкін. Сол себепті қаңғыбас иттермен күресті осы бастан мықтап қолға алған дұрыс. Өйткені, оның артында адам денсаулығы тұр…

Н.ҒАББАСОВ

14695526_1874652279424827_2966875184806484083_n

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.