5.11.2016, 10:03
Қараулар: 524
Әсерлі өткен кеш

Әсерлі өткен кеш

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тұғыры биік – Тәуелсіздік» атты аудандық мекемелер арасындағы фестивальді 1 қыркүйек  күні аудандық балабақша қызметкерлері жалғастырды. Шымылдығы көркем сөзбен түрілген кеште балабақша қызметкерлері қазақ, татар халықтарының ұлттық билерін шебер орындаса, кішкентай бүлдіршіндер үш тілде өлең оқып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сондай-ақ, қазақы нақышта безендірілген сахна төрінде тәрбиешілер қауымы «Қазақстан», «Атамекен», «Тәуелсіздік», «Батырлар ұраны» және «Еділ мен Жайық» сынды еліміздің композиторлары мен жергілікті авторлардың төл туындыларын көрермен назарына ұсынды. Одан әрі қазақы дәстүрмен шашу шашылып, қонақтарға қолдан жасалған гүл шоқтары сыйға тартылды. Көптің көңілінен шыққан кеш ұйымшыл ұжымның тек бала тәрбиесін де ғана емес, сонымен қоса өздеріне жүктелген қандай да бір іске үлкен жауапкершілікпен қарайтындықтарын көрсетті.
— Мен Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай өтіп жатқан осындай фестивальға келгенде бір керемет әсер аламын. Осы фестивальді ұйымдастырарда көптеген алыпқашпа әңгімелер болды. Біреулері бұл фестивальдің не қажеті бар десе, бірі бос уақыт өткізу десті. Бүгін бұл фестивальді текке ұйымдастырмағанымызға менің де, сіздердің де көздеріңіз жетіп отыр. Бұрын осы сахнада орыс немесе басқа ұлт әндері көбірек шырқалушы еді. Енді міне, өзіміздің қазақ әндері орындалуда. Бұл біздің 25 жылда жеткен жетістіктеріміздің бірі десем, артық айтқаным болмас. Осыдан 25 жыл бұрын біздің бүлдіршіндеріміз үш тілде өлең оқиды десе сенбес едік. Ал бүгін өздеріңіз көріп отырғандай кішкентай бүлдіршіндеріміз үш тілде өлең оқып, бізді таңқалдыруда. Бұл да Тәуелсіздік жемісі деп білемін. Бүгінгі қолөнер бұйымдарымен безендірілген сахнада басқа мекемелердің өткізген фестиваліндегі сахнадан өзгеше болды,- деп әсерлі өткен кешке оң бағасын берген аудан әкімінің орынбасары Айзада Шүкірғалиева балабақша ұжымына алғысын білдірді.
Шара соңында дәстүрге сай фестиваль эстафетасы Жаңақала ЖОББМ-не табысталды. Әсерлі өткен кештен шыққан өнерсүйер қауым балабақша қызметкерлері ұйымдастырған қолөнер көрмесін тамашалап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Н.ҒАББАСimg_09271

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар