5.11.2016, 10:33
Қараулар: 578
Қызылобалықтардың қос қуанышы

Қызылобалықтардың қос қуанышы

Қызылоба ауылдық округі әкімі аппараты мен Е.Орақбаев атындағы мектеп ұжымының қолдауымен Қызылоба ауылында ауданымызда теңдесі жоқ күрес залы мен мұз айдыны алаңы ашылды.

Әрине, аудан орталығындағы спорт мектебін қоспағанда ауданда бұрын-соңды мұндай арнайы күрес залы болмаған. Балуандар дайындық жұмыстарын мектеп спорт залында жүргізіп келді. Соған қарамастан, бұл ауылдың балуандары облыстық, республикалық турнирлерде нәтижелі өнер көрсетіп жүр.

Күрес залының ашылу салтанатында сөз алған ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Масатов қазақ күресінің шеберлері Қ.Жетпісов, А.Шайхиевтардың ізбасарлары ауылдан шығатынын тілге тиек етіп, ашылған спорт залы болашақ чемпиондар дайындаумен қатар балалардың бос уақытын тиімді өткізуге арналған бірден бір орын болатынын жеткізді.

Күрес залы ауылдық мәдениет үйінің жөртөлесінде орналасқан. Бұрын бос тұрған жертөлені мектеп директоры Т.Серіков бастаған мектеп ұжымы биыл күрделі жөндеуден өткен мектептің ескі құрылыс заттарын шашау шығармай осы күрес залын ашуға мұрындық болған. Сондай-ақ, өзге де күрес залына қажетті құрал-жабдықтарды алуға ауыл кәсіпкерлері «Хафиз» шаруа қожалығы, «Айдар» шаруа қожалығы, «Ыбырайым» шаруа қожалығының басшылары қаржылай қолдау көрсеткен.

Жаңа күрес залының лентасын аудан әкімінің орынбасары А.Бекетқызы мен аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Ж.Есекенов қиды.
Осы сәтте-ақ жас спортшылар шаршы алаңға шығып жаттығуды бастап та кетті.

Ауданымыз қысқы спорт түрінен артта қалғаны ащы да болса шындық. Қыстың көзі қырауда қардың өзі қыламықтап түсетін ауылда қысқы спорт түрлерін қалай дамытуға болады? Оның бір ғана жолы бар. Мұз айдындарын салу. Ашылған мұз айдыны алаңы осы олқылықтың орнын толтырып, ауданда қысқы спорт түрлерін дамытуға зор үлес қосатынына сенім мол.

Осылайша қызылобалықтардың қос қауанышына ортақтасқан меймандар түске таман Ұлы Отан соғысының батыры Е.Орақбаевтың жүлдесіне арналған 2001-2005 жылы туған жасөспірімдер арасында қазақ күресінен аудандық турнирді тамашалады. Алдымен жиналғандар батырдың рухына тағзым етіп,  мектеп алаңындағы ҰОС батыры Есен Шегрейұлы Орақбаевтың мүсініне гүл шоқтарын қойды.

Биыл алғаш рет ұйымдастырылып отырған турнирдің ашылу салтанаты мәдениет үйінде өтті. Балуандар ортада сап түзеп, жарыстың ашылуын тағатсыздана күтіп тұр екен. Турнирдің шымылдығын түрген аудан әкімінің орынбасары А.Шүкірғалиева ҰОС батыры Е.Орақбаевқа арналған шаралар мұнымен шектелмейтінін, алдағы желтоқсан айында Есен Шегрейұлының жүлдесіне арналған қазақ күресінен облыстық турнир өтетініне тоқталып, палуандарға сәттілік тіледі.

Бұдан соң батырдың баласы, бүгінде қара шаңырағын ұстап отырған ұлы Есенгелді Орақбаев сөз алып, ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді.

Турнирге Жаңажол, Жаңақазан, Мәстексай, Қызылоба, Пятимар, Көпжасар, Жаңақала ауылдық округінен 200-ге тарта спортшы қатысты.

Жыл санап, төл өнеріміз төрге озып келеді. Бәсекеге қатысқандардың арасында осалы жоқ. Сайдың тасындай іріктелген оғландар қарсыластарын алып та, шалып та жығып, жеңістің туын желбіретті.

Бозкілемде белдескен жасөпірімдер бірінен-бірі мықты екендіктерін көрсетіп, бойында бар айла-тәсілдерін қолданып, жиналған көпшілікті таң-тамаша әсерге бөледі. Әсіресе, жарыста 11 түрлі салмақ дәрежесінде белдескен балуандардың 5 салмақ бойынша жеңімпазы айдархандық болуы бұл ауылда күрес мектебінің мықтап дамығанын тағы бір мәрте дәлелдегендей болды.

Жарыстың финалдық кезеңінде 25 келі салмақ дәрежесі бойынша айдархандық Ермұрат Ізбасаров, 30 келі салмақта тағы да айдархандық балуан Айбатыр Миразат, 35 келі салмақта Жаңақаланың балуаны Жалғас Тілекқабылов, 38 келі салмақта Айдарханның балуаны Дулат Мейрамғалиев, 42 келі салмақта жаңақалалық Әділет Қапсиқов,  46 келі салмақта айдархандық Арман Қасанғалиев, 50 келі салмақта мәстексайлық балуан Қ.Мұқатай, 55 келі салмақта қызылобалық А.Қайырқұлов, 60 келі салмақта айдархандық Мәди Өтегенов, 66 келі салмақта сарыкөлдік балуан Ә.Мәліков, +66 келі салмақта жаңақалалық Р.Жұмағұлов жеңімпаз атанды.

Тартысты бәсекеде нығыз мықтылар ғана топ жарып ҰОС батыры Есен Орақбаевтың жүлдесіне ие болды. Сонымен қатар жеңімпаз атанған балуандарға медальдар мен Алғыс хаттар табыс етті.14859813_1789399874611942_7791554903545173117_o