5.11.2016, 10:41
Қараулар: 92
«Жәдігер сыйлайық» акциясы өтті

«Жәдігер сыйлайық» акциясы өтті

Жаңақала ауданында ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай Д.Нұрпейісова атындағы өнер мұражайының ұйымдастыруымен «Жәдігер сыйлайық» акциясы өтті.

Жыл басынан бері осымен екінші рет өтіп жатқан акцияның негізгі мақсаты ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай биылғы желтоқсан айында ауданымызда ашылатын тарихи-өлкетану мұражайын жасақтау және тарихи-мәдени мұраларымызды сақтау мәселесіне қоғам назарын аудара отырып, елеусіз жатқан құнды жәдігерлерге қайта жан беріп, өңдеп, келешек ұрпаққа табыстау болып табылады.

Іс-шараның ашылуында сөз алған аудан әкімінің орынбасары А.Бекетқызы өлке тарихын жас ұрпаққа таныту мәселесіне тоқталып, жуырда өз көзімен көріп танысып келген көршілес Қазталов ауданының мұражайларына тоқталды.

«Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп, құнды дүниелерімізді, зерттеп- зерделеп, жинақтап сақтайтын  да оны халыққа  жеткізіп, келер ұрпаққа аманаттайтын да музей. Біз өткен аптада көршілес Қазталов ауданының мұражайларын тамашалап қайттық. Оның ішінде Көктерек, Қараоба ауылындағы мұаражайларды сөзбен жеткізу мүмкін емес. Бүгінгі күні    ұлтымыздың тарихы, ділі мен діні, тарихи тұлғалардың қоғамдағы орны мен тағдыры, елді мекендер мен жер, сулардың тарих бетіне өзінің байырғы атымен шығуы-осылардың барлығы еліміздің  мұражайларында көрініс беруде десек, ел мұрасына деген мұратты көзқарасты айғақтайтын мұражайларды шағын елді мекендерде кездестіруіміз некен-саяқ.  Мұражай қоры мол. Мұражайлар тап-таза жергілікті халықтың күшімен ашылған. Іссапар барысында байқағаным, мұның артында халық бірлігі, ер елдігі жатыр екен», — деді А.Бекетқызы.

Мұнан соң аудандық мұражайдың экскурсоводы Сымбат Талғатқызы Казталов ауданындағы мұражайларға шолу жасады.

Шарада аудан мәслихат хатшысы З.Сисенғали ауданға белгілі тұлғалар А.Дауылбаев, Қ.Халықов, Хожин, М.Өтегенов, С.Шарабасовтың қолданған құнды жәдігерлері мен естелік бұйымдарын, еңбек ардагері Қ.Рысқалиев бала кезінде тұтынған самаурын мен білте шам, Кеңес Одағының энциклопедиясы, аудандық колледж директоры С.Жәрдемалиев колледждің тарихи суретін, Жаңақала мектеп-гимназия ұжымы мектептің ашылуы сәтіндегі тарихи суреттерін тарту етті.

Шараны аудандық мұражай директоры А.Сәлімұлы қорытындылады.

img_4365