18.11.2016, 10:10
Қараулар: 525
Жұмыс тобы Жаңақалада

Жұмыс тобы Жаңақалада

Жаңақала аудандық мәдениет үйінде  БҚО-ның әлеуметтік-шиеленіс ошақтары картасы бойынша құрылған жұмыс тобының қатысуымен кеңес өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов төрағалық етті. Басқосуға  аудан тұрғындары, дербес бөлім, мекеме басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

— Бүгінгі кеңестің өту мақсаты халықпен пікір алмасу және олардың көкейіндегі сұрақтарды білу, түткілді мәселелерді шешудің жолдарын қарастыру болып отыр. Елбасы Н.Назарбаев «Біздің ең басты құндылығымыз -Тәуелсіздік» деп үнемі айтып келеді. Әрине, кешегі күнмен бүгінгі күнді салыстыруға келмейді. Біз зейнетақы мен жәрдемақының, жалақының кешеуілдеуі, электр жарығының уақтылы берілмеуі, тағы басқа қиын кезеңдерді басымыздан өткердік. Жаңақала ежелден ауыл шаруашылығы дамыған аудан. Бүгінде аудан ол статусын түсірмеді. Елімізде қандай бағдарлама шықпасын, аудан шаруалары бәріне қатысып, алдыңғы орыннан көрініп келеді. Ауданда әлеуметтік мәселе, құрылыс, жол мәселесі оңынан шешілсе, бұйырса ауыз су мәселесі де жуық арада өз шешімін табады деп ойлаймын,-деді кеңес жұмысын ашқан облыс әкімінің орынбасары А.Өтеғұлов.

Одан кейін күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж.Асантаев баяндама жасады. Оның айтуынша Жаңақала ауданындағы 24309 адамның 13500-і экономикалық белсенді, 652-і жұмыссыздар болып табылады. 2016 жылдың 1 қарашасына аудан бойынша 494 жаңа жұмыс орны ашылса, соның 290-ы тұрақты жұмыс орындары. Ағымдағы жылдың халықты жұмыспен қамту жоспары жасақталды.  Сол жоспар бойынша әлеуметтік жұмыс орныдарына 103 адам жолданды, оның ішінде «Жұмыспен қамту-2020. Жол картасы» бағдарламасы арқылы 27 адам, «Жастар тәжірибесі» арқылы 35 адам, ақылы қоғамдық жұмыстарға 435 адам, бос тұрған жұмыс орындарына 332 адам жіберілді. «Жұмыспен қамту-2020. Жол картасы» бағдарламасын ауданда жүзеге асыруға 68 млн. теңге бөлінді. Бағдарламаның бірінші бағыты инфрақұрылымдық жобаларды (көшелерді аббаттандыру, мектептерді, ауруханаларды ағымдағы және күрделі жөндеу, ауыл жолдарын жөндеу және т.б.) іске асыру арқылы жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамтуды көздейді. Бұл бағытта ауданда 8 жоба жүзеге асуда. Осы жобаларда 95 жұмыс орындары ашылды. Ашылған бос орындарға жұмыспен қамту орталықтары арқылы жергілікті жерден 62 адам жұмысқа жолданды. Ал, екінші бағыт 6 млн. теңгеге дейін микрокредиттер беру арқылы азаматтардың жеке ісін (өз бизнесін) ашуға немесе қолда бар бизнесін кеңейтуге бағытталған. Бұл бағыт бойынша ауданда 22 адамға 66 млн. теңге несие берілді. Несие алған адамдар қазіргі таңда жеке кәсібін ашумен қатар жаңа жұмыс орындарын ашып, аудан экономикасына елеулі үлестерін қосуда. Келесі бағыт, яғни 3-бағыт кәсіптік оқытуды көздейді. Бұл бағытта ауданда 14 адам оқуға жолданып, 45 адам оқуын аяқтады. Жалпы ағымдағы жылы 2117 отбасына 123 млн. теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілді. Соның ішінде 26 отбасына АӘК, 1001 отбасына жәрдемақылай, қайырымдылық айлығына 1524 отбасы қамтылды. Әсіресе, ауданда тұрмыс деңгейі аз қамтылған отбасылар үшін «екі қолға бір күрек» боларлық демеулердің көлемі жылдан-жылға өсіп келеді. Биыл «Өрлеу» бағдарламасына аудан бойынша 19 отбасы қатысқан.

«Аудандағы 24309 адамның 126-сы, яғни 26 отбасы кедейлер санын құраған. Кедейлік деңгейі бұл ауданда 0,5 пайызды құрайды» деген басқарма басшысы Жаңақала ауылдық округінің әлеуметтік көрсеткішіне тоқталды.

Баяндамашының сөзін қостаған кеңес төрағасы А.Кәрімұлы халықты жұмыспен қамту —  бұл ең күрделі сала екенін қазір «алма піс-аузыма түс» дейтін заман емес екенін, сондықтан мемлекет қолдау көрсетіп отырған кезде қандай да бір кәсіпке бет бұру қажеттігі жайында әңгімеледі.

-Асылтұқымды көшім жылқысы, еділбай қойының отаны саналатын Жаңақала ауданының ауылшаруашылығы саласы тұрақты дамып, жетістіктерімен көш бастап тұрған аудандардың бірі,-деді ауданның ауылшаруашылық саласына тоқталған облыстық ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков. Оның айтуынша биылғы 9 айлық көрсеткіш бойынша ауданның ауылшаруашылық өндірушілері 6 млрд. теңгенің өнімін өнідірген. Бұл 2015 жылмен салыстырғанға артық көрсеткіш. Соңғы кезде ауданда асылтұқымды мал санының артуы, оның республика көлемінде таралуы аудан мерейін өсіріп тұр. Мәселен, жыл ішінде 4592 бас ірі қара, 13800 бас ұсақ мал, 986 бас жылқы сатылыпты. Жаңашылдыққа әуес аудан шаруалары техникаларын жаңартуда да қалыс қалмапты. Осы салаға облыс бойынша бөлінген 2 млрд. 439 млн. теңге қаржының  149 млн. теңге субсидиясы жаңақалалықтарға тиесілі. Сонымен қатар соңғы 5 жылда ауданға ауыл шаруашылығын өндіруге 1 млрд. 200 млн. теңгенің инвестициясы тартылуы да бұл саладағы оң көрсеткіштерді айғақтайды. Баяндамашы мемлекеттің негізгі салаларының бірі болып табылатын ауылшаруашылығы саласы жаңа даму деңгейіне көтерілгенін, Елбасы бұл салада жаңа міндеттер мен тапсырмалар қойғанын айтып, аудан тұрғындарын өндіріс саласын дамытуға шақырды.

Келесі кезекте сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова тұрғындарды скринингтен уақтылы өту жөнінде қаперге салды. Осы скрининг нәтижесінде өткен жылы ауданнан 10-ға жуық жаңа ауру түрлері анықталған. Сонымен қатар қазіргі таңда ауданда алаңдатып отырған жағдай бұл — суицидің көбеюі. Өткен жылы ауданда 1 жасөспірім өзіне өзі қол жұмсаса, биыл 2 бірдей жасөспірім суицидтің құрбаны болды. Сондай-ақ туберкулез ауруының көбеюі, сәби өлімі де күн тәртібінен түспей тұрған мәселелер қатарында.

Аудандағы діни ахуал жайында дін істері жөніндегі облыстық басқарманың басшысы Талғат Нығыметов те ой бөлісті. «Қазір Жаңақала десе елең ете түсетін халге жеттік. Бұған өздеріңіздің араларыңыздағы тыныштықты бұзып, ел бірлігіне іріткі салғысы келген бауырларыңыздың іс-әрекеттері себеп болып отыр. Бәрі болған соң ісіне өкініп бармақ шайнаудың қандай пайдасы бар? Сондықтан осы отырған ақсақалдар, ел ағалары әрқашан ойы санасы адасқан жандарға ақыл-кеңес беріп, рухани көмектеріңізді  көрсетсеңіздер» деді ол.

Жиында сондай-ақ облыстық прокуратураның бөлім басшысы Алмас Оңайов пен облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин сөз сөйлеп, өз салалары  бойынша ақпараттар берді.

Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары А.Кәрімұлы тұрғындардың өтініштеріне зор мән берді. Ауыл тұрғыны Т.Семғалиев ауданға білікті педиатр қажеттігін айтса, еңбек ардагері Н.Мақанов аудандағы аурудың көбеюіне себеп болып отырған ауаның экологиялық деңгейі жете тексерілсе деген өтінішін жеткізді. Сондай-ақ әскери қызметшілердің қысқартылуы туралы Т.Семғалиев сауал көтерсе, ардагер М.Шапиқов қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге штаттан тыс милиция қызметінің дәрежесін көтеру қажет деген ұсыныстарын айтты.

Өзге де тұрғындардың көтерген сауалдарына нақты жауап берген А.Кәрімұлы мен жұмыс тобы түстен кейін тұрғындарды жеке қабылдаулар да жүргізді.

Дәл осындай ауыл халқымен ашық жүздесу түстен кейін Қызылоба ауылдық округінде жалғасты. Бұнда Пятимар, Бірлік және Қызылоба ауылдық округінің тұрғындары қатысты. Алқалы жиынды облыс әкімінің орынбасары Арман Өтеғұлов ашып, жүргізіп отырды. Ол алдымен халыққа топ құрамындағы басқарма басшыларын, сала мамандарын таныстырды.

-Келген мақсатымыз – ауыл адамдарының ахуалын білу, мұң-мұқтажын тыңдау,-деген облыс әкімінің орынбасары А.Кәрімұлы Қызылоба ауылдық округінде мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысын айтты.

Мұнан кейін сөз алған облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Жанат Асантаев халықты жұмыспен қамту бағытындағы атқарылған жұмыстар һәм кәсіптік оқыту, несие жайын әңгімеледі.

Ал облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Марат Оңғарбеков ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттен қыруар қаржы бөлініп жатқанын, биылғы шөп пен егіннің бітік шыққанын мәлімдеді. Осы тұста зейнеткер Бақытжамал Мағзенова жолдаған: «Егіс жақсы дейміз. Нан бағасы неге қымбат?» деген сауалына жауап берген басқарма басшысы:

-Сіздің айтып отырған бағаңыз аса қымбат емес. Бұл қалыпты жағдай. Қаладан сәл қымбаттығы тасу құны қосылғандығы. Біздің аналарымыз ешқашан дайын нанды сатып алмаған. Қайта сол нанды үйден пісірмейсіз бе?-деген ойымен бөлісті.

Сондай-ақ, оның айтуынша қызылобалық шаруалардың мемлекеттік бағдарламаларға қатысу пайызы да жоғары деңгейде екен.

Бұдан соң облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлова хабарлама жасады. Айта кетейік, Нұржамал Шамғонқызына тұрғындар тарапынан туындаған көкейкесті сұрақтар көп болды. Бірі ауылдық емханадағы дәрігерлердің тым қысқарып жатқанын айтса, бірі «портал» деген пәленің мезі еткенін, енді бірі ауылда дәріхана ашылса деген тілегін білдірді. Сонымен қатар, аудан орталығында сот-медициналық сараптама орталығының жоқтығы, жасөспірімдер арасындағы суицид, округтегі сынама алатын лаборатория мәселесі талқыланды. Сосын облыстық жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Ғабдуллин, облыстық дін істері басқармасының бас маманы, теолог Нұржан Жақсылықұлы сөз алып, қылмыстық және діни ахуалдарды баяндап, тұрғындар сауалына егжей-тегжейлі жауап берді.

Артынша облыстық дін істері басқармасының ұсынысымен түсірілген «Алданған жастар» атты бейнеролик көрсетілді.

Кездесу соңында аудан әкімі Лавр Хайретдинов облыстан келген әртүрлі сала өкілдеріне ризашылығын білдірсе, облыс әкімінің орынбасары А.Өтеғұлов жиынды қорытындылады.

Н.ЕСЕТОВА.

img_1082

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар